Қоғам

Пәтер алу кезегі реттелді

       Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі басшысының орынбасары Диана Шаяхметова көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселелері жөніндегі қалалық қоғамдық комиссия мүшелерімен кездесуде пәтерлермен қамту тетіктері туралы айтып берді.

Тұрғын үй беру мәселесімен төрт жыл бұрын қала әкімінің қаулысымен құрылған тұрғын үй комиссиясы айналысады. Биыл қаланың 125 отбасы қоныстойын тойлайтын болады. Пәтерлер Қарағайлы ықшам ауданындағы сатып алуға жатпайтын төрт жалдамалы ғимаратта үлестіріледі. Осылайша, пәтерлерді беру қыркүйек пен желтоқсан айларына жоспарланған.

– Қыркүйекте көпбалалы отбасыларға 53 пәтер бөлінеді, оның ішінде 36 үш бөлмелі және 17 екі бөлмелі пәтер. Тізімде кеңейтуге тұрған және үш бөлмелі пәтерге кезекте тұрған, бірақ жағдайына байланысты екі бөлмелі тұрғын үй алуға келіскен көпбалалы отбасылар бар. Желтоқсан айына 36 үш бөлмелі және 72 екі бөлмелі пәтер бөлу жоспарланған. Жалпы алғанда, 125 пәтер бөлінеді. Біз кезек бойынша жұмыс атқарудамыз. Биыл баспана алатын алғашқы адам – 2009 жылы кезекке тұрған көпбалалы әке. Жұмыс жүргізілуде. Күн сайын тұрғын үй алу кезегінде тұрған көпбалалы отбасылардан кем дегенде 15 өтініш түседі, – деді Диана Шаяхметова.

Бұл ретте тұрғын үй беру мәселелерінде даулы сәттер болмайды, барлық рәсімдер ашық. Комиссия бекіткен тізімдер Семей қаласы әкімінің сайтында жарияланады, оған кез келген адам кіріп, кезекте тұрғандар туралы ақпарат ала алады.

– Бәрі ашық жасалады. Ортақ база бар. Елордада біздің әр бөлуімізді көріп отырады: пәтерді кімге бөлдік, неше бөлмелі пәтер. Сондай-ақ, бізде интернетке кіру мүмкіндігі жоқ адамдар үшін кезекте тұрғандардың тізімі ілініп тұр. Кез келген адам келіп, өздерін тізімнен таба алады, – деді Диана Шаяхметова.

Сонымен қатар биылдан бастап тұрғын үйді күту рәсімі айтарлықтай жеңілдей бастады. Егер бұрын адам өз санатын растау үшін жыл сайын құжаттарды жаңартып, келіп отыруы тиіс болса, енді осы жылдың қаңтарынан бастап мұның қажеті жоқ.

– Енді бізде ортақ бір база бар, онда кезекте тұрған адам туралы барлық қажетті ақпарат бар: оның тіркелуі, жұмыс орны және тағы басқа керекті ақпарат. Яғни, енді құжаттарды жаңартып, жыл сайын келіп отырудың қажеті жоқ. Егер адам биыл баспана алса, біз оған өзіміз хабарласып, шақырамыз, – деді комиссия мүшелері.

Бүгінгі күні мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға кезекте 11 мыңнан астам отбасы тұр, оның ішінде 563 – көпбалалы отбасы. Өткен жылы 112 көпбалалы отбасы тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Биыл мемлекеттік қордан және «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша көпбалалы отбасыларға 22 пәтер берілді.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың соңында Семейде қала әкімінің төрағалығымен көпбалалы және аз қамтылған отбасылар мәселелері бойынша қалалық қоғамдық комиссия құрылған болатын. Жыл басынан бері комиссия АӘК алушылардың құжаттарын жинауды ұйымдастырды. Бүгінгі күні АӘК 2590 отбасына тағайындалды. Сондай-ақ азық-түлік жиынтығы және тұрмыстық тауарлар түрінде кепілдендірілген әлеуметтік пакет тарату ұйымдастырылды. Бүгінде мұндай пакеттерді 1980 отбасы алды.

Наргиза Омарқанова

Семей.

Осы айдарда

Back to top button