Үп-үлкен ақын басыммен мынау секілді отызға толмаған сопляктарды аудармаймын
Белгілі драматург Қапан Сатыбалдин (1917-1969) мен ақын Сырбай Мәуленов бірде сапарлас боп, ел жаққа жол тартып бара жатады. Ұзақ жолда Қапекең жазып жатқан өзінің жаңа бір пьесасының желісін ұзақсонар әңгіме етеді. Сөз арасында:
— Пьесада төрт қазақты өлтіргеніме қалай қарайсың, Сырбай… Осыным артық емес пе? — деп сұрапты ұйқылы-ояу отырған Сырбайдан.
Сонда Сырағаң бүлк етпей:
— Қапеке, бүкіл қазақты қырып тастасаңыз да еркіңізде ғой, — деп жауап беріпті.
***
Жетпісінші жылдардың орта тұсы болса керек, денсаулығына байланысты ақын Сырбай Мәуленов ащы суды біраз уақыт бойы аузына алмай жүреді. Онысын құрбы-достары да біледі екен. Алайда, бір топ қаламгерлер бас қосқан бір жиын-тойда Мұзафар Әлімбаев бастаған достары Сырағаңды сынап, ащы судан аздап болса да дәм татқызбақ болып келіседі. Достары әрі азғырады, бері азғырады, неше түрлі сөзбен қажайды, бәрібір Сырағаң көнбей, безеріп отыра береді. Жан-жақтан қаумалап, «отырыстың сәні келмей жатыр» деп жалбарына берген соң, көңілшек Сырағаң ақыр соңында шыдай алмай, бір рюмканы көзді жұмып тартып жіберіпті. Сырағаңның сонысын аңдып отырған Мұзафар:
— Ішпеймін деп сөз берген,
Сырбай қалай өзгерген,
— деп таңданғандай болып басын шайқайды.
Сонда Сырағаң зор даусымен гүж етіп:
— Ішейін деп іштім бе,
Қимайды екен көз көрген, —
деп іле өлеңмен жауап беріпті.
Үп-үлкен ақын басыммен мынау секілді отызға толмаған сопляктарды аудармаймын
Өтежан Нұрғалиев жақсы ақын ғана емес, мықты аудармашы ретінде де қазақ оқырманына танымал ғой. Соны білген баспагерлер ол кісіге: «Мына бір топ өлеңдерді аударып берсеңіз?» — деп бірде қолқа салады. Өтекең өлеңдерді парақтап қараған болады да:
— Жігіттер, кешіріңдер… Мен үп-үлкен ақын басыммен мынау секілді отызға толмаған сопляктарды аудармаймын! — дейді.
Сөйтсе, Өтекеңнің айтып тұрған «отызға толмаған соплягі» — Михаил Юрьевич Лермонтов екен.
***
Қазақ әдебиеті мен өнеріне қатысты белгілі қайраткерлердің әзіл суреттерін салып, оқырманға аты белгілі болған суретші Еркін Нұразханов бірде жолы түсіп, Жазушылар одағының «Шығармашылық үйіне» бара қалады. Көктемнің жылымық жайдары күні екен, есік көзіндегі ұзын орындықта бір топ қаламгерлер күншуақтап, маужырап демалып отырады. Келіп сәлем берген Еркінді олардың біреуі таныса да, біреуі танымайды екен. Ол кездегі Еркіннің бастығы, «Балдырған» журналының бас редакторы Мұзафар Әлімбаев:
— Жігіттер, сендердің аузы-бастарыңды қисайтып салып жүрген мықтың осы болады, — деп таныстырады.
— Е, осы жігіт пе еді? — деп, қаламгерлер риза болып, Еркінге қошемет сөздер айта бастайды.
Сонда орындықтың бір шетінде үнсіз отырған ақын Өтежан Нұрғалиев:
— Еркін інім, бұл ағаларыңды қисайтып салдым екен деп қысылма, сен әлі күнге бұлардың түп-түзу, тәуір портреттерін салып жүрсің. Ағаларыңның шын бейнесін көргің келсе, қарызға молырақ ақша сұра… Беттерінің қалай қисайғанын сонда көресің. Міне, ағаларыңның нағыз портреті сол! — деген екен.
***
1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақ жастарының бұл ісін мінеп-шенеген жиналыстар, соңдарына шырақ алып қудалап-соттаған науқан басталғаны мәлім. Сондай жиналыстың біреуі бұрынғы Мемлекеттік баспасөз комитетінде де өткен болатын. Республикалық баспалардың жетекші мамандары, баспахана басшылары, комитет қызметкерлері түгелдей қатысқан үлкен жиналыста Тұрсынбаев деген арнайы шақырылған қарт профессор ұзақ сонар сөз сөйлейді. Сөзінде алаңға шыққан қазақ жастарын сынаумен тынбай, соның төркінін әріден, қазақтың өз мінезінен, дәстүр-салтынан, шығып жатқан кітаптардың ішінен іздеуге тырысып бағады. Қысқасы, не керек, ол қазақтың ақ көңілділігі мен қонақжайлылығын да ұлтшылдық деп тауып, соның салдарынан сүйекке таңба түсірген Желтоқсан оқиғасына келіп ұрындық дегенге саяды ғой. Профессордың мұндай баяндамасынан соң жиналған жұрт біреу төбелерінен қойып қалғандай, не айтарларын білмей сілейіп отырып қалыпты. Осы кезде жазушы Сұлтан Оразалинов қалың топтың ішінен суырылып шығып, мінбеге беттейді. Біреулер оқу мен жұмыстан шығып, енді біреулер сотталып, біреулер атылып жатқан, әйтеуір «қазақ жаман» деген қиын-қыстау кезең болса да, мінбеге шыққан Сұлтекең профессордың сөзін тайсалмай жоққа шығарып, халқын арашалауға тырысады. Қазақтың қонақжай мәрттігі совет үкіметіне дейін де пәленше рет дәлелденгенін, тіпті, оны қазақтың өзі шығармағанын, сонау Ибн-Фадлан, Ибн-Батута, Рубрук, Марко Полодан бастап, кешегі Паллас, Аткинсон, Янушкевич пен Залесскийлерге дейін тайға таңба басқандай хатқа түсіріп кеткенін нақты деректермен дәлелдеп береді. Профессор жақ аша алмай отырып қалыпты.
Жиналғандар арқасынан ауыр жүк түскендей «уһ» деп дем алып, сыртқа шыққан кезде бір досы Сұлтекеңе:
— Мынау алмағайып заманда бәлеге қалармыз деп бәріміз жүрексініп отыр едік, көңіліміздегіні айттың… Аллатағала өзіңе жар болып, қызылкөзден сақтасын! — дейді шын ризашылдығын білдіріп.
Сонда Сұлтекең:
— Тау сыртындағы жау кәрлі келеді деуші еді, ту сыртындағы жау одан да бетер болады екен! — деп, ашуын баса алмай, маңдай терін сүрте беріпті.
…Бұл бір оңбаған, жүргіш әтеш
Өр Алтайда есімі күллі Қаратай жұртына мәшһүр Абдолда Шегіров деген сыйлы ақсақал болды. Көп жылдар бойы ауылдық кеңестің төрағасы болған, мінезі бала секілді аңғалдау, сол ақ көңіл адалдығымен жұртқа жұғымды қызмет атқарған абыройлы кісі. Ол өңірде «Шегіров солай депті, Шегіров бұлай депті» деген аңыз әңгімелер әлі күнге дейін кездеседі. Сол Шегіров ағамыз жетпісінші жылдардың соңында, ауылдық кеңестің төрағасы боп істеп жүрген кезінде өз еліне демалысқа келген жазушы Оралхан Бөкеевті арнайы қонаққа шақырады. Орекең қасына совхоз директоры Сайфолда Ауғанбаевты ертіп, Шегіровтің ауылына қарай тартады ғой. Машинадан түсіп, Шегіровтің ауласына кірсе — ауланың төрінде бір аяғынан байланған арқандаулы әтеш жүр екен дейді қыт-қыттап. Үйден Шегіровтің өзі шығып, қонақтарды құшақ жая қарсы алады. Амандық-саулықтан соң қашанда тілге шешен, сөзге өткір Сайфолда:
— Әбеке, қазақ ат арқандаушы еді… Сіз әтешті арқандайтын болғасыз ба? — деп сұрайды.
Сонда Абдолда ағамыз:
— Әттесіне нәлет, бұл бір оңбаған, жүргіш әтеш. Біздің үйде жалғыз ғана тауық бар еді, сол тауықты менсінбей, көрші үйдің көп тауығымен көңілдес боп алды. Соған ашуланып, зинақорлық жасамасын деп әдейі арқандап тастадым, — депті бар шындығын ақтарып.
***
Жазушы Мұхтар Мағауин бірде Едіге ұлын шақырып алып, былай депті:
— Баяғыда, мен сенің жасыңда, яғни, студент кезімде Карамзиннің 12 томын, Соловьевтің 16 томын, Ключевскийдің 8 томын тамамдап тастағам. Ол ол ма, әлемдік тарихтың нелер бір інжу-маржандарын теріп, оқып бітіргем. Сенде ондай ынта-жігер жоқ, бар болса да менің дәрежеме жетпей жатыр! — деп ескерту жасайды.
Сонда Едіге мырс етіп:
— Көке, сіз 20 жылдан соң коммунизм орнатпақ болған, 10 жылдан соң Американы қуып жетіп, басып озбақ болған, жарқын болашағы бар әлемдегі ең ірі державаның жастары едіңіздер. Ал мен болсам Ауғаннан жеңіліп қайтқан, бір-бірімен қырық пышақ жанжалдасып жатқан, өзін-өзі асырай алмай көтерем қойдай жаутаңдап жасып қалған, ертеңі не болары белгісіз үшінші қатардағы мемлекеттің жас азаматымын ғой, — депті.
***
Жазушылар Ақселеу Сейдімбеков пен Кәдірбек Сегізбаев бір-бірімен қатты қалжыңдасатын көрінеді. Былайғы бөтен жерде отырса да бірін-бірі мысалға келтіріп, әңгімелеріне бірінің атын бірі қосып, былайша айтқанда әзіл араластыра «тұздықтап» отыратын секілді. Бұлардың қалжыңына қаламдас достарының да үйреніп кеткені сонша, кейін ондай-ондайға мән бермейтін болып кетіпті.
Бірде Ақселеу «Жалын» баспасында жатқан бір қолжазбаға жабық пікір жазады. Қолжазба біреудің жазған ұзақ сонар ертегісі екен. Тегі ертегі нашар жазылған болса керек, Ақселеу: «Ертегінің қисынсыздығы сондай, сонау ықылым замандағы Шыңғысхан мен өткен ғасырдағы Наполеон соғысып, оларды бүгінгі біздің арамыздағы замандасымыз Кәдірбек Сегізбаев арашалап жүргендей әсер етеді» — деп, ресми пікіріне досының атын тағы да қосып жазып жіберіпті.
***
Ақселеу Сейдімбеков 50 жылдық мүшел тойы қарсаңында былайғы дос-жарандарының таңданысына орай, бойын түзеп, кәдімгідей сақал-мұрт қойыпты. Өзі де сұңғыла бойлы, тарамыстай тартылған ақ сары жігіт қой, ұшы әсемдікпен өрілген мұрты, сарғыштау келген шоқша сақалы кескінді келбетіне кереметтей жараса кетіпті. Бірде, қаламгерлер арасында отырған кезде Жазушылар одағының хатшысы ақын Ұлықбек Есдәулетов:
— Алматыдағы Дзержинский көшесін өзгертіп, Шапырашты Наурызбай бабамыздың атын қойдық, қош делік… Ендеше, көшенің дәл ортасында тұрған Дзержинскийдің ескерткішін де сорайтпай, мәскеуліктер құсап мойнына арқан іліп,
түп орнымен қопарып тастау керек қой!? — деп, ағаларына ұсыныс жасапты.
Сонда, қашанда құрдастарымен әзілі жарасқан қалжыңбас қаламгер Кәдірбек Сегізбаев Ұлықбек інісін сабырға шақырып:
— Дзержинский байғұсты құлатып тіпті де қажеті жоқ… Үстіндегі шинелін сыпыра салсаң болды — сақал-мұрты шошайған Ақселеудің ескерткіші болады да шығады, — деген екен.
Жобаның жүргізушісі – жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әлібек Асқаров
(Жалғасы, басы газеттің №133-154 сандарында жарияланды. Жалғасы бар)