Білім

Озық технологияда озып тұрмыз

Озық технологияда озып тұрмыз
Жаңа оқу жылында шығысқазақстандық оқушыларды көптеген тамаша жаңалықтар күтіп тұр. Аймақтың 277 мектебінде ІТ- сыныптары өз жұмысын бастайды. Әрбір толық комплектілі мектепте Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықталған робот техникасы, химия, биология және физика пәндерінің кабинеттері ашылады. Өңірдегі білім ошақтарының барлығы дерлік жылдамдығы жоғары интернет желісіне қосылып отыр.
Облыстың педагогика қызметкерлерінің дәстүрлі тамыз кеңесі балаларымыздың заман ағымына сай бағдарламалауды, жоғары ақпараттандыруды меңгеруіне мүмкіндік беретін кабинеттердің көрмесін тамашалаудан басталды. Жиналғандар бүлдіршіндерді балабақшадан бастап бағдарламалауға ойын ретінде үйрететін жобалармен, 3D кітаптармен, химия, физика, биология пәндерін жаңа интерактивтітехнологиялар бойынша оқытуға жол ашатын соңғы үлгідегі актив панельдердің жұмысымен, ІТ-сыныптарымен танысты. Айта кетерлігі, актив панельдерді орнатқан «Казинтерсервис» компаниясы мұғалімдерге тақтаны қалай қолдануды бірден үйреткен.
-Біздің білім ордасына берілген биология пәнінің кабинеті ауылдан шыққан дарынды балаларға жаңа оқу жылында жасалған үлкен сыйлық деп білеміз. Интерактивті панель оқушылардың жануарлар әлемін, өсімдіктерді жан-жақты зерттеуіне көп септігін тигізеді, қолданыста жеңіл. Бұдан басқа да көрнекі құралдар, муляждар жеткілікті, – дейді Жамбыл атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандырылған мектеп-гимназия-интернаты директорының білім жөніндегі орынбасары Бақыт Құсайынова.
Облыс әкімі Даниал Ахметов « LEGO Edication» компаниясының өкілдерімен байланысты әлі де үзбейтіндерін, болашақта колледждерге бағдарламалау жобаларына тапсырыс беру ойда бар екенін жеткізді.
-Бесінші сыныпқа дейін бағдарламалар ойын ретінде ұйымдастырылғаны абзал, өйткені бүлдіршіндердің балалық шағын ұрламауымыз керек, – деп ескертті аймақ басшысы.
«Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өткен тамыз кеңесінде білім саласында жүріп жатқан жобалар мен тың бастамалардың орындалу барысына талдау жасалды.
– «Нұр Отан» партиясының қолдауымен республика көлемінде жүзден аса ІТ-сыныптары ашылды. Шетелдік ғалымдардың зерттеулері бойынша келешекте тек бағдарлама тілі ғана болады. Сол себепті қазірден бастап балғындарымызға осы бағытта білім беруіміз керек. Басқа облыстарда бес-он ІТ-сыныптары ашылып жатса, сіздерде бірден 277 мектепте осындай сыныптардың ашылғаны керемет, басқаларға үлгі боларлық қадам, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев.

Мамандарымыз арнайы бағдарлама ойлап тапты

Облыс әкімі Даниал Ахметов өз баяндамасында қазіргі заманда оқушылардың жаңа буыны цифрландыру бағдарламасын, заманауи жоғары білімді және үш тілді еркін меңгеріп шығу қажеттігіне баса көңіл бөлді.Ағымдағы жылы Бүкіләлемдік экономикалық форумда 2016-2017 оқу жылдарында сабаққа барған бүлдіршіндер мектепті қазір мүлде жоқ мамандықтар кезеңінде бітіріп шығатыны туралы деректер келтірілді. Белгілі МакКинзи компаниясының сараптамалары бойынша, 2030 жылға қарсы әлемде ақпараттық технология, бағдарламалау, цифрландыру саласының мамандары үлкен сұранысқа ие болады екен.
-Осыған орай облыстың білім саласын цифрландыру белсенді түрде жүзеге асып келеді. Аймақтағы барлық 658 мектеп электронды журналдар мен күнделіктердің бірыңғай «Күнделік.кз» жүйесіне қосылды. Интернет желісіне қосылу жылдамдығын 4 Мб/с дейін және одан да жоғары арттыру үшін 2018 жылы қосымша 393,5 миллион теңге бөлінді. Нәтижесінде бүгінгі таңда өңірдегі барлық білім ордаларында жоғары жылдамдықты интернет желісі қолжетімді. Толық комплектілі мектептердің барлығы да ішкі Wi-Fi желісімен қамтамасыз етілген. Бұл мақсатқа қосымша 64,8 миллион теңге қарастырылды, – деп атап өтті Даниал Ахметов.
Облыстың білім саласын қаржыландыру жыл сайын ұлғайып келеді. Өткен жылы аталмыш салаға 104,3 миллиард теңге бөлінсе, биылғы көрсеткіш 118 миллиард теңгені құрап отыр. Сонымен қатар бүлдіршіндеріміздің баянды болашағына бизнес өкілдері де өз үлестерін қосып келе жатқанын мақтанышпен айтуға болады. Кәсіпкерлердің «Туған жер» форумында бастау алған «Менің мектебім» жобасы өңірдегі 277 толық комплектілі білім ордасын заманауи пән кабинеттері және робот техникасы кабинеттерімен жабдықтауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, «Нұр Отан» партиясының ІТ сыныптарын ашу жобасы да межеге жетті. Жалпы алғанда, облысқа 4181 жаңа компьютер сатып алынған. Соның нәтижесінде қазір облыста жеті балааға бір компьютерден, ал республикалық көрсеткіш -11.
Өңірдің мамандары қысқа мерзімнің ішінде 3-11 сынып оқушыларына бағдарламалау, робот техникасы және 3Д модельдеу негіздерін үйрететін арнайы бағдарлама ойлап тапты. Бағдарлама Білім және ғылым министрлігімен келісілген. ІТ-сыныптарда жұмыс істеу үшін 554 мұғалім каникул кездерінде арнайы даярлықтан өтті.
Шығысқазақстандық педагогтар 2016 жылдан бері үштілділікті енгізудің бірегей бағдарламасын жасап, жүзеге асырып келеді. Бұл орайда Кембридж университеті мен Ресейдегі бірқатар жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатылған. Аталмыш бағыттарға үш жылда жергілікті бюджеттен 2,1 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы кезеңде оқытудың әдістемесіне жете көңіл бөлініп, барлық мектептер үшін 450 мың дана жаңа оқулыққа қол жеткізілді. Қазақ және ағылшын тілдері үшін кембридж жүйесі таңдалып алынды.
Алғашқы жылы тіл пәндерінен сабақ беретін барлық 3400 мұғалімнің білімі сарапталып, оқуды бастаса, келесі жылы 2400 маман қамтылды. Ал биыл 1300 мұғалім білімдерін жетілдіруде.
Осы уақыт аралығында мұғалімдердің 60 пайызы тілді жақсы игеріп, оны үйрету әдістемесін тәп-тәуір меңгергендерін көрсетті. Бағдарлама қолға алынған кезде тіл пәндері мұғалімдерінің 14 пайызы ғана өз мамандықтарын жақсы игергені анықталған. Әсіресе, ағылшын тілі мұғалімдерінің халі мүшкіл еді. Олардың 4 пайызы ғана өз пәнін жақсы білген болса, 2017 жылдың қорытындысы бойынша халықаралық емтихан тапсырғанда, олардың 44 пайызы жоғары кәсіби деңгейлерін көрсете білді. Ағылшын пәнінің 11 мұғалімі CELTA халықаралық сертификатының иегері. Бұл мұғалімдер халықаралық тренерлер ретінде бірінші қыркүйектен бастап әлі базалық деңгейде жүрген 400 маманды оқытады деп жоспарланған. Тағы 300 мұғалім тікелей тіл тасымалдаушыларынан дәріс алатын болады.
Республикада тұңғыш рет тіл мұғалімдеріне дифференциалды материалдық қолдау біздің облыста енгізілді. 2017 жылы емхитан қорытындылары бойынша 12 мұғалім ақшалай марапатталса, биыл 18 ұстазға осындай құрмет көрсетілді. Оларға 170 мың теңгеден 1миллион теңге аралығында бір жолғы сыйлық тағайындалды.
Жаңартылған білім мазмұнын енгізу шеңберінде болашақта кейбір пәндерді ағылшынша оқытуға біртіндеп көшу жоспарланған. Қазірдің өзінде 730 мұғалім тілді В1 және В2 деңгейлерінде меңгеріп, облыстың 82 мектебінде пәндерді ағылшынша бере бастайды, олардың жалақысына 30 пайыз үстемақы қосылатын болады. Қанатқақты жобаға кірген мектептердің барлығы биология, химия, физика, информатика пәндері бойынша билингвалды оқулықтармен жабдықталған.

Білім гранттары артты

Түлектердің елден жырақ кетуі азайғаны байқалады. Облыста Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Білікті маман» жобасы бойынша білім гранттары екінші жыл қатарынан аймақтағы сұранысқа ие мамандықтарға бөлініп, көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Қазір жастарымызға жоғары білім алуға көп қолдау көрсетіледі. Егер 2017 жылы ҰБТ тапсырғандардың 48 пайызы білім гранттарына қол жеткізсе, биыл талапкерлердің 56 пайызы республикалық және жергілікті жоғары оқу орындары гранттарын иеленді. Биыл бөлінген 400 гранттың ( өткен жылы 200 грант) 170-і педагог мамандарға тиесілі. Ағымдағы жылы республикадағы басқа ЖОО таңдап алғандарға алғаш рет 46 грант берілді.Аталмыш жоба басталғалы жастарымыздың білім алуына барлығы 5 миллиард теңге жұмсалыпты. Соның нәтижесінде шетке оқуға кетіп жатқан жастарымыздың қатары сирегені байқалады. 2016 жылы 1800 түлек елден жырақ кетсе, биыл 636 талапкер ғана шетелдік ЖОО оқуға ниет білдірген.
Орта кәсіптік-техникалық білім беру саласында да айтарлықтай ілгерілеу бар. Облыста Елбасының «Тегін техникалық және кәсіптік білім – баршаға» жобасы сәтімен жүзеге асуда. Жыл сайын түлектердің 40 пайызы осы саланы саналы түрде таңдайды. Кәсіптік білім алатындардың 52 пайызы мемлекеттік тапсырыс аясында оқып жатыр. Үстіміздегі жылы республикалық және облыстық қазынадан бөлінген мемлекеттік тапсырыстың көлемі 7290 орынға жетті.

Үздіктер құрметке бөленді
Озық технологияда озып тұрмыз
Ресми баяндамалар мен жарыссөзден кейін «Нұр Отан» партиясының жобаларын жүзеге асыруда белсенділік танытқан педагогтарға партияның Алғыс хаттары тапсырылды. Содан кейін сахнаға көтерілген «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздары Жұмабеков Қуаныш «Білім саласы үздігі», Жұмабеков Ержан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталды
Облыс әкімі Даниал Ахметов «Үздік орта білім беру ұйымы -2018» конкурсының жеңімпазы Аягөз ауданы, «Аягөз қаласының 5 орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Айнұр Канапьяноваға 22 627 200 теңгенің сертификатын тапсырды.
Білім беру саласында үздік деп танылған ұстаздардың кеуделерінде «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» және Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгілер жарқырады.
Алқалы жиында 2016-2019 жылдары үштілділікті дамытуға арналған кешенді жоспардың екінші кезеңінің қорытындысы шығарылды. Халықаралық емтиханды жоғары деңгейде тапсырған ағылшын тілі пәнінің төрт мұғаліміне халықаралық СЕЛТА сертификаты мен облыс әкімінің 800 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлығы тапсырылды. Олардың қатарында Семейдегі 6 – гимназияның мұғалімі Анна Стопычева, Тарбағатай ауданы, Шоқан Уәлиханов атындағы орта мектебінің мұғалімі Аяужан Амренова, Өскемендегі 34 -мектеп-лицейінің өкілі Снежана Колмагарова және облыс орталығындағы 38- мектеп-гимназиясының мұғалімі Ирина Лабукова бар. Бұдан басқа тағы төрт мұғалім 500 мың теңгенің сертификатына ие болды.
-Бұл жетістікке үзбей ізденудің нәтижесінде жеттім. Тұғыл ауылында ағылшыншаны қойып, балалар орысша да жетік білмейді. Дегенмен биыл екі оқушым ағылшын пәнінен жоғары балл алып, жоғары оқу орнына түсті. Қазір оқушыларымның тіпті ересектер де шет тіліне ден қоя бастағаны қуантады, – деді Аяужан Амренова.
Сонымен қатар, «Менің мектебім» жобасының үздік меценаттары да сый-сияпаттан құр қалған жоқ.

Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button