Сайлау-2023

Өзіңізді дауыс берушілер тізімінен тексере аласыз

19 наурызда Мәжіліс және мәслихаттар депутаттарын кезектен тыс сайлау өтеді. Орталық сайлау комиссиясы тиісті дайындық жұмыстарын бастап кетті. Сайлаушылардың тізімін жасау және басқа да іс-шаралар атқарылуда. Осы орайда Didar газеті алдағы сайлауға қатысты негізгі деректерді көпшілік назарына ұсынады.

Көпшілік назарына 4 наурыздан бастап ұсынылады

Сайлаушылардың тізімдерін жасау – сайлау процесінің маңызды элементі. Өйткені азаматтар осы тізім бойынша сайлауда өздерінің конституциялық дауыс беру құқығын жүзеге асырады. Сайлаушылардың тізімдерін Орталық сайлау комиссиясы жасайды.

– Биылғы 1 қаңтар және былтырғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Орталық сайлау комиссиясы сайлаушылардың тізімін жасайды. Оған белсенді сайлау құқығы бар азаматтар тұрақты тіркелген жері бойынша қосылады. Әрбір сайлау науқанында азаматтардың тұрақты тіркелген жері және дауыс бергісі келетін учаскелеріне өтінім беру мүмкіндігі ескеріле отырып, сайлаушылардың тізімі жеке түзіледі, – деді Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров.

Оның атап өтуінше, Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сәйкес сайлаушылардың тізімін жинақтады.

– Оған алдын ала тұрғылықты жері бойынша бөлінген 11 970 406 сайлаушы енді, – деді К. Петров.

Тізімдердегі сайлаушылардың қайталануын болдырмау үшін ОСК барлық өңірдегі мәліметтерге қосымша талдау жүргізеді. Егер қайталанған деректер анықталса, онда ОСК өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына тізімдерді ретке келтіруді тапсырады.

Осындай тексеру тәртібі тізімнің қайталануына жол бермейді. Әрбір азамат сайлау тізіміне бір рет қана енгізіледі. Сонымен қатар сайлаушыларға өздерінің тізімдерде бар-жоғын жеке тексеруге мүмкіндік беріледі.

– Дауыс беру күніне 20 күн қалғанда, яғни 26 ақпанда тұрақты тұратын жердегі сайлаушылардың тізімдері сайлау учаскелеріне тапсырылуы тиіс. Сайлау учаскесі бес күн ішінде оларды таныстыруға дайындайды. 4 наурыздан бастап әрбір сайлау учаскесі бойынша тізімдер көпшілік назарына ұсынылуы керек. Яғни әр азамат сайлау учаскесіне келіп, тізімге енгізілгенін немесе өзі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге құқылы, – деді Константин Петров.

Бұл тұрғыда 2023 жылғы 4 наурыздан бастап учаскедегі сайлаушылар тізіміндегі деректерді тексеру мүмкіндігі беріледі.

Қоғамдық пікірге сауалнама қалай жүргізіледі? 

Орталық сайлау комиссиясы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының кезектен тыс сайлауына байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу ережесін жариялады.

ОСК ресми сайтында жарияланған құжатқа қарағанда, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 28-бабы 9-тармағының талаптарына сәйкес сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуді Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу бойынша кемінде бес жыл тәжірибесі бар заңды тұлғалар тиісті құжаттардың көшірмелерін қоса беріп, бұл туралы Орталық сайлау комиссиясын жазбаша түрде алдын ала хабардар ете отырып жүргізуге құқылы.

Орталық сайлау комиссиясына жіберілетін хабарламада сауалнамаға қатысатын және осы салада жұмыс тәжірибесі бар мамандар туралы, қоғамдық пікірге сауалнама жүргізілетін өңірлер туралы, қолданылатын талдау әдістері туралы мәліметтер көрсетіледі.

Сайлауға байланысты қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерін жариялаған кезде бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн-платформалар сауалнама жүргiзген заңды тұлғаны, сауалнама жүргізуге тапсырыс берген және оның ақысын төлеген тұлғаларды, сауалнама жүргiзілген уақытты, ақпарат жинау әдiсiн, сұрақтың нақты тұжырымын, сауалнамаға қатысқандардың саны мен сауалнама жүргізу нәтижелерінің қателiк коэффициентiн көрсетуге мiндеттi.

Қоғамдық пікірге сауалнама жүргізу нәтижелерiн, сайлау, сайлауға байланысты өзге де зерттеулер, кандидаттарды не саяси партияларды қолдап дауыс беру нәтижелерiнiң болжамдарын дауыс берiлетін күннің алдындағы бес күн ішінде (2023 жылғы 14-18 наурыз аралығында) және дауыс берiлетiн күні (2023 жылғы 19 наурызда) Интернет желісінде жариялауға жол берілмейдi.

«Сайлауға байланысты қоғамдық пiкiрге сауалнама жүргізу шарттарын бұзу адамды әкімшілік жауапқа тартуға негіз болып табылады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы)» делінген хабарламада.

Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button