Өзгеше форматта өткен дүбірлі дода
Азамат Темірбеков
Өскеменде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрылғанына 30 жыл толуына орай волейболдан ҰҚК төрағасының кубогын сарапқа салған республикалық турнир өтті.
Жарысқа қатысқан 23 команданың сапында еліміздің 19 өңіріндегі департаменттердің, ҰҚК академиясының, ҰҚК Шекара қызметі академиясының, ҰҚК Үкіметтік байланыс қызметі мен ведомствоның Орталық аппаратының өкілдері ойнады. Бұл жерде мұндай форматтағы турнирдің комитет тарихында алғаш рет өткізіліп отырғанын айта кеткен жөн. Өйткені бұған дейін мұндай жарыстар аймақтарда жеке-жеке ұйымдастырылып, кейін шешуші сында ғана мықты командалар кездесетін.
– Биылдан бастап спорттың жекелеген түрі бойынша турнирлер аймақтарда өтіп жатыр. Мысалы, бүгін Өскеменде барлық аумақтық органдар мен Орталық аппарат бас қосты. Соңғы рет осындай бәсеке 2017 жылы өткен болатын. Осы уақыт аралығында кейбір командалардың деңгейі айтарлықтай өсіпті, бұл турнирге кәсіби бапкерлерімен және жанкүйерлерімен бірге келді, – дейді Павлодар облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі Дәурен Әбішев.
Ойыншылардың жақсы дайындықпен келгенін жоғары санаттағы ұлттық төреші Валентин Измайлов та атап өтті.
– Спортпен айналысқан азаматтар ойнайтын командалар бірден белгілі. Олар өзгелерден әлдеқайда күшті әрі кәсіби деңгейде өнер көрсетеді. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі академиясының, Шығыс Қазақстан, Павлодар және Ақтөбе облыстарының Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің командалары волейболдан жоғары лиганың, ұлттық лиганың, балалар лигасының бұрынғы ойыншыларынан жасақталған, – дейді турнирдің бас төрешісі.
Жарыс қорытындысы бойынша Павлодар облысынан келген команда чемпиондық атаққа қол жеткізіп, ҰҚК төрағасының кубогын иеленді. Финалда Шекара қызметі академиясымен жүлдеге таласқан олар бес сетке созылған ойында жеңімпаз болды. Ал Шекара қызметі академиясының командасы екінші орынға табан тіреді.
Қола жүлдеге ҰҚК Орталық аппараты мен Ақтөбе облыстық департаментінің командалары таласты, нәтижесінде ақтөбеліктер 3:1 есебімен үздік үштікті түйіндеді.
Дей тұрғанмен, турнир қорытындысы қандай болса да бұл жолғы жарыс Ұлттық қауіпсіздік комитеті үшін өзіндік деңгейдегі тимбилдинг болды. Өйткені достық рәуіште, ерекше атмосферада өткен турнир ел қауіпсіздігін күндіз-түні қырағылықпен күзетіп жүрген сала қызметкерлерінің бірлігін, салауаттылығын одан әрі нығайта түсті.