Өнер

Озат оқушылар өз өнерлерін көрсетті

Талантты танып, білімдіні бағалау үшін байқау өткізу – дәстүрлі үрдіс. Осылайша озық оқушыларды шабыттандырып отыру да шарт. Осындай мақсаттта облыстық білім басқармасы оқушылар арасында Тәуелсіздік мерекесіне орай байқау өткізді.

Биылғы Балалар жылына орай білім басқармасы «Дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы 8-11 сынып оқушылары арасында «Мәңгілік ел – болашаққа ұмтылған ел» тақырыбында аймақтық конкурс өткізді. Байқау барысында облыстың түкпір-түкпірінен келген озат оқушылар білімдерін сынға салып, өздерінің өнерлерін көрсетті.

– Конкурс мақсаты – ұлттық сана-сезім мен рухтың, патриотизмнің, тарихи және әлеуметтік жадының даму деңгейі жоғары қоғамның әлеуметтік белсенді мүшелерінің жаңа буынын тәрбиелеу, қазақ халқының әдеби мұрасын танымал ету, оқушылардың мәдениетін, эстетикалық талғамын, шығармашылық қабілеттерін дамытуды қолдау, – дейді ұйымдастырушылар.

Талантты жастардың талабын тануға бағытталған байқау ағайынды Абдуллиндер атындағы Шығыс Қазақстан өнер училищесінде өтті. Қатысушылар екі кезең бойынша сайысқа түсіп, баптары мен бақтарын сынады. Әуелгі кезеңде әр команда Қазақстан тарихы пәнінен тестілеуден өтіп, капитандар «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» тақырыбында эссе жазды.                         Ал екінші кезеңде отандық және шетел әдебиеттерінен театрландырылған сахналық қойылымдар қойып, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.

Қатысушылардың өнерлері мен білімдерін жетекші жоғары оқу орындарының ғалымдары, атқарушы билік өкілдері, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым, қоғам қайраткерлерінен құралған білікті қазылар алқасы бағалады.

Осылайша ойдан-қырдан жиналған оқушылар жүлделі орындарды команда бойынша сарапқа салды. Басқаларды басып озған Дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының командасы бас жүлдеге ие болды. Ал жүлделі I орынды Алтай ауданы жеңіп алса, екінші орынды Дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты еншіледі. Тағы бір екінші орынға арналған жүлдеге Облыстық математика, физика, информатика саласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп лицейі ие болды. Білімділер мен таланттылар сайысының үш бірдей үшінші орнын Дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицейі, Өскемен қаласының командасы және Самар ауданының командасы бөліп алды.

Жеңімпаз командалар дипломдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды. Осылайша Балалар жылы қарсаңында облыстың озат оқушылары білімдері мен біліктерін сынға салып, өздерінің өнерлі екендерін көрсетті.

 Алтай Ғали-Асқар

 

Осы айдарда

Back to top button