Әлеумет

Өз үйін балаларға ұсынып отыр

Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мейірбану Андарбаева өзінің қос қабатты үйін балаларды оңалту орталығын ашу үшін аудан әкімдігінің теңгеріміне бермек. Әлеуметтік маңызы зор бұл ұсынысын жерлесіміз аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қабылдауына барғанда жеткізді.

Кездесуге Зайсан ауданының әкімі, білім басқармасы мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшылары қатысты.

– Ұсыныс қолдауға тұрарлық. Дайыр ауылдық округінде сал ауруымен науқастанған 36 бала және басқа да түрлі диагноз қойылған жүз шақты бала бар, олардың бәріне арнайы әлеуметтік қызметтер қажет, – деген Даниал Ахметов аудан әкімдігіне осы ғимараттың балаларды оңалту орталығы ретіндегі жарамдылығын тексеруді тапсырды. Содан кейін қажетті заңды құжаттарды рәсімдеп, жөндеуді бастауға болады.

Бұл іске білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының мамандары да жұмылдырылады.

– Мұндай орталық балаларға медициналық, тағы басқа қызметтерді алуға зор мүмкіндік береді. Мейірбану Исабекқызы отансүйгіштіктің, туған жерге деген жанашырлықтың жарқын үлгісін көрсетуде, – деп атап өтті облыс әкімі.

 Ержан Кеңесұлы

Осы айдарда

Back to top button