Спорт

Ойын алаңы ашылды

Биылғы Балалар жылына орай Зайсан ауданында көптеген балалар ойын алаңы салынып, бүлдіршіндер қуанышқа кенелуде. Жақында сондай нысанның бірі Біржан ауылында пайдалануға берілді. Жаңа ойын алаңының ашылуына жұртшылық көптеп жиналды.

– Жаңадан бой көтерген ойын алаңы ауылымыздағы көрнекті орындардың бірі болатыны сөзсіз. Осы алаңнан балаларға деген шынайы қамқорлықты сезінген ауыл тұрғындары ризашылықтарын жасырмауда. Немерелеріміздің сүйікті демалыс орнына айналатын нысанды салуға ұйтқы болған басшылар мен құрылыс жұмыстарын атқарған құрылысшыларға рахметімізді айтамыз, – деді ауылымыздағы «Ай-Ана» әжелер тобының мүшелері.

Іс-шараға Amanat партиясы Зайсан аудандық филиалының атқарушы хатшысы Б.Балғабаев пен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсембаева қатысып, жиналған қауымды осындай мерекемен құттықтады. Қазақы дәстүрмен ауыл ақсақалы Кеңесхан Уазырханов ақ батасын беріп, әжелер шашу шашты. Ал ауылдық округ әкімі М.Мырамытов елді мекеннің дамып, көркеюіне үлес қосып жүрген бірқатар азаматқа алғыс хаттарын тапсырды.

Ойын кезінде баланың психикалық қасиеттері мен жеке басының ерекшеліктері неғұрлым тез қалыптасатыны дәлелденген. Сондықтан ауылымызда балаларға арналған ойын алаңының ашылуына тұрғындар дән риза. «Жерде бір бала қуанса, көкте мың періште шаттанады» деген нақылға айналған тамаша сөз бар. Үлкен қалалардан ғана кездестіретін осындай ойын алаңдарын өз ауылымыздан көрудің өзі ғанибет. Ал кішкентайларымыздың қуанышында тіптен шек жоқ.

Жалпы, «барлық жақсылық – балаларға» деген қағиданы ұстанған ауылымызда бұқаралық спортты дамыту бағытында қыруар шаралар атқарылып жатқаны қуантады. Мәселен, биыл елді мекендегі футбол алаңы жөндеуден өткізілді. Ауылдық округ басшылығы болса, мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасатынын айтып сендіруде.

Н.Медеубаева, кітапханашы

Зайсан ауданы.

Осы айдарда

Back to top button