Қоғам

Ою-өрнектің онлайн ресурсы құрылады

Ұмытылмас ұлттық құндылықтарымыздың бірі – ою-өрнек. Туымыздың жиегінен, үйіміздің төрінен, киіміміздің жағасынан табылатын өнер туындысының орны бөлек. Оның сәнін білсек те, мәнін толықтай бүгінгі ұрпақ біледі деп айта алмаймыз. Сондықтан да осындай қолданбалы өнердің онлайн-базасын құру заман талабы деуге болады.

Дәстүрлі қазақ өнерінің ерекшелігін паш ету мақсатында қолданбалы өнердің онлайн ресурс қоры құрылуда. Бұл бүгін іске асып, келешек ұрпақтың керегіне жарайтын жүйелі жұмыс болмақ. Жуықта еліміздің қолөнершілер одағы қазақ халқының ою-өрнектерін зерттеу және жинау жөніндегі жоба іске асырылып жатқанын айтты. Осылайша, өнердің өзегін бойлаған жандар онлайн ресурс құру міндетін қолға алуда. Олар құрған онлайн базаны дәстүрлі дизайн және қолданбалы өнердің дәстүрлі техникасы бойынша ақпаратпен үнемі толықтырып отырмақ.

– Ою-өрнектер бізді барлық жерде қоршап тұр, тек айналамызға қарау керек. Ал оларды зерттеу – өте қызықты іс. Біз зерттеуді Ә.Марғұлан атындағы орталықтан бастағанымыз бекер емес, өйткені ою-өрнек бойынша алғашқы білімімізді Ә.Марғұланның үш томдығы бойынша алдық, – дейді Қазақстан қолөнершілер одағының төрағасы, белгілі дизайнер, киіз басу бойынша суретші, дүниежүзілік қолөнер кеңесінің құрметті мүшесі және кеңесшісі Айжан Бекқұлова.

Алдағы уақытта жобаға қатысушылар өңірлер бойынша экспедициялар жасап, Қазақстан мұражайларында зерттеулер жүргізіп, қолөнершілердің шеберханаларын араламақ. Әр өңірдің ою-өрнегінің де өзіндік ерекшелігі бар екендігі байқалып жатады. Осы орайда өлкетанушылар мен қолданбалы өнер шеберлері жобаға үлес қосып, өңіріміздің құндылығын дәріптесе құба-құп болмақ. Онлайн ресурс құрылса, ою-өрнектің мәні мен мағынасын бүгінгі ұрпаққа оқыту да оңайлай түспек.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button