Мәдениет

Қоңыр әулие үңгірі әлі де зерттеуді қажет етеді

Қоңыр әулие үңгірі әлі де зерттеуді қажет етеді


Абай жұрты осы өңірдегі Абай-Шәкәрім кесенесі мен Қоңыр әулие үңгірін еліміздің қасиетті саналатын 100 нысанның қатарына қосылуын қуанышпен қабылдады. Оның үстіне облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қоңыр әулие үңгіріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заман талабына сай қайта жаңғыртылды.

Таяуда осы екі нысанды көріп, оның жай-күйін зерттеп, оның болашағы туралы пікір алмасу үшін республикалық «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының мамандары – Анар Екімбаева мен Әлия Сейсембаева іссапармен болып қайтты. Мамандар алдымен Жидебайға аялдап, ондағы мұражаймен танысып, Абай-Шәкәрім кесенесін тамашалады. Әсіресе, ғылыми қызметкерлерді Қоңыр әулие үңгірі қатты қызықтырды. Оның о бастағы табиғи қалпын сақтай отырып келушілерге барынша жағдай туғызғаны оң әсер қалдырды. Сапар барысында үңгірдің алдындағы оба-тас қорымдар мен ондағы тасқа қашалған ру таңбалары суретке түсірілді. Болашақта «Шаған шайқасы» болған осы алаңды қоршап, белгі қою мәселесі сөз болды.

Үңгір ішін аралау кезінде ондағы бірінші көлдің ауқымы, әлі де белгісіз екінші, үшінші көлдер туралы, көл суының қасиеті жөнінде айтылды. Суға жүзуші мамандар тапқан арқардың, жылқының басы, жақ сүйектері мен қабырға сүйектері фотоға түсірілді. Үңгірдің іші-сыртындағы тасқа қашалған жазулар да назардан тыс қалмады. Тіпті, тастағы арабша жазылған белгілерді көріп, суретке түсірудің сәті түсті. Бұл жазуларды аудандағы Құнанбай қажы мешітінің имамы Болат қажы Самырбаевқа оқытсақ, онда: «Ұлылық… сапар… Молдабек баласы Әбдіғали Саратов. 7.VІІІ. 1924 ж.» деп жазылып тұр екен.
Осы орайда 1887 жылы Абай мен Долгополовтың және Абайдың балалары мен шәкірттерінің үңгірдің кіреберісінде қалдырған қолтаңбалары мен 1943 жылғы елге келгендегі М.Әуезовтің аты жазылған жазу табылып жатса, келушілер үшін қызықты дерек болары сөзсіз.

Аудандық мәдениет үйіндегі жиында «Қасиетті Қазақстан» ғылыми зерттеу орталығының маманы Анар Екімбаева іссапар мақсатын айтып, орталықтың алдағы жұмысымен таныстырды. Бұл бағытта бірлесе жұмыс істеуге жергілікті зерттеушілерді де шақырды. Аудандық мәдениет үйінің директоры С.Нұрпейісов пен аудандық өлкетану музейінің меңгерушісі М.Жүнісжанов «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бағытында құнды ұсыныстар айтты. Әдебиетші, драматург, өлкетанушы Әсет Медеуханұлы қонақтарға жуықта шыққан «Дала данышпаны -Құнанбай» атты жинақ кітапты естелікке ұсынып, ғылыми зерттеу орталығының ісіне сәттілік тіледі.

Дана Сарсембаева
Абай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button