Қойлы ауылдың түні де керемет

Арланмен алысқан Рекс, желмен жарысқан Көк жебе
Қосақшоқының жері бай, құт-береке дарыған жайлау. Көк майса шөбі малға азық, көзге көрік, көңілге тоқ.
Ауылға Ақжайлаудан Талғат ағамыз келді. Астына бітімі бөлек,түсі де ерекше теңбіл көк ат мініпті. «Көп үйірдің ішінен таңдап міндім. Биыл құнанға шығады. Атын «Көк жебе» деп қойдым. Күзде болатын сабантойдың бәйгесіне қосып, бағын сынайын деп едім. Әділет аға, Шоқының етегіне таң асырып, баптасақ қайтеді», – деді.
Әділет пен Талғаттың біздерден төрт-бес жас үлкендігі бар. Екеуі ақылдасып жүріп, жерошақтағы жалынды отқа қорғасынды балқытты. Ұсақ тесігі көп ожау арқылы быжылдатып бытыра құя бастады. Сосын оншақты «картечь» құйды. Дәрі-дәрмек, бытыра салып, газет қиындысымен нығыздап оқ дайындады. Аңшылыққа сақадай сайланып жатыр.
Таңертең бірі Саржайлауға, екіншісі Көк жебеге мініп, жалғыз мылтықты асынып аң аулауға кетті. Екі аңшыға қанжығалары майланып қайтуын тіледік.
Әділ екеуіміз ескі жұртқа барып, қи аударып, шөпшек теріп, отын жинаймыз. Үй шаруасы Мәрзия апайымыз бен Амангүл қарындасымыздан артылмайтын.
Бірі жататын отауды жинаса, екіншісі қараша үйдің текеметін қағады, ас әзірлейді. Ал кішкентай қарындасымыз Айнұр мен Серік бауырымыз біздерге шамалары келгенше көмектесуге тырысады. Бітпейтін, таусылмайтын үй тіршілігінен бос уақытымызда санамақ, жұмбақ, ертегі, мақал-мәтел, өлең-жыр айтып жарысамыз. Жаздың ұзақ күнінде біздерге ермек болатын. Тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк. Құрт-май жеп, аққа тойып жүретінбіз. Киіз үйдің маңында көк төбет Рекс пен неміс овчаркасымен шатысы бар дүрегей Қойбағар жатады. Олар да бізге мейіріммен қарайтын сияқты болып көрінетін.
Біз абайсызда жығылып, тізе, шынтағымызды қанатып алсақ, «Ішегің шықпайды, қайта арам қаның кетеді. Жетіге келгенше жерден таяқ жейсің» деп жұбатып отыратын Ұлтуған әжеміз. Ауырып қалсақ, әрқайсымызға әртүрлі қазақша ем жасайтын. «Ауру батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Ауырып тұрдың, аунап тұрдың» деп, сөзбен аурудың бетін ары қайтаратын. Теріскен шыққанда, үш адал, үш арамды қосып айтып, «қайран тілім боқ болды-ау, құйыршығы жоқ болды-ау» деп айтқызып, ұшықтап, үшкіріп-түшкіріп жазып алатын.
Ымырт жабыла аңшылар келді. Қанжығалары майлана қоймапты. Атып алған бес-алты үйректері, соғып алған қоян, түлкісі бар. Кешкі дастарқан басында отырғанда:
-Біздің Тақа қол мерген екен, – деді Әділет ағамыз аңшылықтың қызығынан хабардар етіп. – Көлге қонған үйректі үркітіп, ұшып бара жатқанда, көздемей атады. Көк жебені де сынап көрдік. Алысқа салса талмайтын, күдірге шапса, самғайтын, аламан бәйгеде алдына қара салмайтын желтимес сәйгүлік болайын деп тұр екен. Көк жебе түлкі мен қоянның адымын аштырмады, Талғат сойылмен соғып алды емес пе. Айтпақшы, қайтып келе жатып, сеңгір көк таудың етегінде бір үйір қасқырды көрдік…
-Тәйт әрі, атын атама. «Иттің иесі болса, бөрінің тәңірі бар» деген. Ит-құс демейсің бе, – деп тыйып тастады Іле аға.
-Иә, сол ит-құстың соңына түсіп едік, шатқалға келгенде, бізді адастырып кетті,- деді кінәлі дауысымен Әділет.
– Қап, әттеген-ай! Бөлтіріктерін ауыздандыруға алып шыққан ғой. Бүгін түнде қораға келмесе игі еді, – деді Ілияс аға.
Аңдардың ішінде терісін тірідей сыпырса да, иттер жабыла талап жатса да, «қыңқ» етпейтін ең қайсары, ең ақылдысы, ең қасиеттісі, туған жеріне деген ең адалы – осы көкбөрі ғой.
Қызықтың бәрі түн ауғанда басталды. Отар қорғанының төрт бұрышына фонарь шам ілініпті. Арсылдаған иттердің дауысы мен «Айтақ, айтақ» деген ағаларымның айқайы, өкірген өгіз бен мөңіреген бұзау, жамыраған қой-ешкі… Нұраш аға қолына шам алып, сиырлар мен бұзау қамалған шарбаққа қарай кетті.
-Қоршауды тіреңдер! – деп айқайлады біреу. – Қашарды бұзып кетсе, қой қасқырға жем болады.
Бәріміз шарбақтарды иықпен итеріп, тіреу қойып жүрміз. Қой қашарының бір шеті қалың қарағанға жапсарлас құрылған еді.
Тағы баласы асқан ептілік танытып, итке де шалдырмай, адам көзіне де түспей айла жасап жүр. Әккі болған арлан жыңғылды паналап келіп, қоршаудың сыртынан «арс» ете қалғанда, дүркіреген қой-ешкі бергі беттегі қоршауды бұзып кетердей сеңше соғылысады. Әншейінде қашарға қамағанда, әрең сыятын отар үркіп, ылықсығаннан шарбақтың жартысы босап қалған.
Аспанға мылтық атылды. Қасқырдың үйірі жазыққа түсіп қаша жөнелген болу керек, Қойбағар мен Рекс арсылдап, қараңғыға сіңіп кете барды.
Таң атқанда, түндегі абыр-сабыр түстей болып көрінді. Қойбағар киіз үйдің іргесінде көлеңкелеп жатыр екен. Рекс көрінбейді. Ауқаттанып алған соң, Нұрзағи тәтем Әділетті шақырып алды да:
– Германияға көшіп бара жатқанда Николай «малыңа серік болсын» деп аманат етіп тастап кетіп еді. Обалы нешік… Рексті атып таста, – деді. Бұны естіген біздер дел-сал болдық. Рексті қимай тұрмыз.
Түнде көкжал үйірін қуып жеткен екі ит тегеуріні тең емес шайқасқа түскен екен. Қойбағар сытылып шығыпты. Ал төбет арланның өзімен алысқан болуы керек. Дәл желке тұсын түз тағысы жұлып жіберіпті. Қалай тірі келгені белгісіз. «Ит жанды» деп осыны айтса керек.
Әділет ағамыз бастаған бір топ Рекс паналаған будкаға жақындадық. Бір бұрышта Рекс қансырап жатыр екен. Терезеден мылтықтың ұңғысын ғана енгізіп, Әділет теріс қарап тұрып мылтықтың шүріппесін басты.

* * *
Әділет пен Талғат ат баптауға кірісіп кетті. Көк жебені қыраттың ақселеу шүйгін шөбіне арқандап, сұлы беріп, таң асырды.Он шақты күн өткен соң Талғат төрт атты жетектеп әкеп, ерттеп, белдеуге байлады.Өзі Көк жебеге мінді.Әділет Саржайлауды тізгіндеді. Әділ екеуімізге Гүлсары мен Қара дөнен бұйырды.
Төртеуіміз ауылдан ұзап шығып, жазыққа қарай беттедік.Ат тұяғының дүбірінен Саржайлау ойқастап ала жөнелді. Басын ішке тартып, қырындай жүріп, билеп келеді. Жануардың сұлулығына көз тояды.Әділет тізгінді тарта түсіп тебініп қалғанда, алдыңғы аяқтарын тарпып жіберіп, аспанға атылды.
– Анау биік дөңді айнала шабамыз. Жақын жерге жарыссақ, Саржайлау жеткізбей кетіп жүрер,- деді Талғат. Жылқышы баласының сөзінде өзіне де, астындағы атына да сенімділік мол еді. – Сен екеуің ертоқымнан түсіп қалмаңдар. Аттың жалына бір қолмен жабысып алыңдар.
– Ал онда не тұрыс, бас қамшыны, – деді Әділет.Бірі менің атымды, екіншісі Әділдің атын қамшымен тартып-тартып жіберді.
«Ап» дегеннен Саржайлау құрық бойы алға шықты.Гүлсары мен Қара дөнен үзеңгілес келе жатыр. Маңдайдан соққан жел шашымызды тарап, құлағымыздың түбінен гуілдейді. Алдымыздағы екі қара біртіндеп ұзай берді. Шашаларына шаң жұқпайды. Шабыстары ерен.
Бас бәйгеден үміт үзілді.Ендігі бәсеке Әділмен болмақ. Қайсымыз үшінші орынға тұрақтаймыз, қай аттың шабысы бар, соны анықтау.
Бір кезде тобылғы аралас қалың қарағанның ішіне кірдік. Белден келетін қараған ұсақ қылтан жапырақтарымен аттың сауырын сипап, сусып қалып жатыр. Қайтадан жазық алаңға шыға бергенде, Қара дөненнің шабысы бәсеңдеп, Гүлсарымен құйрық тістесіп қалған еді. Тоқ жүрген шабан аттың шамасы осы болса керек. Межелі дөңді айнала бергенде ұзап бара жатқан қос сәйгүлік ырғып өтті.
– О, әкең… жыра,- деген айқай естілді. Санамды «Қазір ат құласа, аяғым үзеңгіде қалып қоймаса екен» деген ой осып өтті. Әділ екеуіміздің аяғымыз үзеңгіге жетпеген соң, үзеңгі бауға салып алғанбыз. Мен жанталасып екі қолмен аяғымды шығаруға кірістім.
Гүлсары аққан бойы екпінмен келіп ордан секірді. Артқы аяғы жыраның шетіне ілінді де, шойнаң етіп барып бойын түзеп алды. Қара дөнен кілт тоқтады. Мен аттың құлағынан асып барып жыраның арғы бетіне домалап түстім. Екі аунап орнымнан тұрғанымда, жауырыным арқама жабысып қалғандай болды. Қорқыныш пен ауырсынғаннан дыбысым шықпай, көзіме жас толды. Әйтеуір он екі мүшем сау екен.
Үшеуі аттың басын тартып, кері айналды. Талғат Қара дөненді ұстап әкеп берді де:
-Қаны қызған аттың аяғына жем түспесін, желе жортып үйге қайтыңдар, – деп бұйырды. Әділет екеуі аттарының басын жазыққа салып шаба жөнелді. Сонымен, Көк жебе мен Саржайлаудың бәсекесі мәреге жетпей қалды.
Тілеукен Тілеубердіұлы