Мәдениет

Қойлы ауылда қызық көп…

Қойлы ауылда қызық көп...


Адам есейе келе, өткен күндердің еншісінде қалған балалық шағын сағынады. Балалық аңғал көңілмен жасалған әрбір ағаттығымыздың өзі қашан да ерекше ыстық. Балғын шағымыздағы тәтті қиял мен армандарымыз бүгінгі күнге дейін бізді биіктерге жетелеуден танбай келеді.

Ақиректен Қосақшоқыға дейінгі көш

Жазғы демалыс күндерін асыға күтетінбіз. Соңғы қоңырау соғыла салысымен, қойлы ауылға кетуге дайындаламыз. Ильяс ағамыз ауданға аты белгілі озат шопан болған соң ба, сол күні совхоз директорының бұйрығымен көлік те дайын тұратын. Ағамыздың кенже ұлы Әділ бауырымыз екеуіміз басқалардан бұрын қыстаққа жол тартатынбыз.

Алыстан мұнарлатып Ақирек тауы көрінгенде өзгеше күйге енесің. Тау жотасында жатқан қар иректеліп, көкжиекке сіңіп кеткендей. Етегінің қары еріп, қылтиып шыққан көкмайса көктемнің хабарын ұқтырғандай болады. Таудың төскейінде жусап жатқан мал, мама қойлардың маңында ойнақ салған марқа қозылар, анадайдан естілген өзен суының гүрілдегені, жаңғырып естілген малшылардың айғайы, иттердің үргені – бәрі қыстақтағы тіршіліктің күнделікті көрінісі.

Ұлының келе жатқанын білген ағамыз құйрық-жалы төгілген, кекілі мол, кеудесі кең, шоқтығы биік, бауыры жазық, болмыс-бітімі өзгеше жануар – Гүлсарыны ерттеп, құйысқан, өмілдірігін сәндеп тағып, тау етегінен қарап тұратын. Гүлсары – мінезі шалт, аяқтарын жерге қаққан қазықтай нық басатын ұшқыр ат.

Біз келген соң қым-қуыт тірлік басталып кетеді. Енді қыстақтан жайлауға көшу қамына кірісеміз.

Отар қойды алдыға салып, Ақирек тауының бауырын ала Қосақшоқыны бетке аламыз. Гүлсары мен Қарадөненге мінген Ильяс пен Нұрыш ағаларымыз қойды жая айдап келе жатады. Біз – Мұстафа атам жеккен арбадамыз. Сол кеңес заманында ешбір белсенділерінен қорықпай, бес намазын қаза қылмаған, Алладан басқа табынары жоқ атам насыбайын аузына салып қойып үнсіз келеді. Намаз уақыты болғанда, арбаны шегеріп, қараған-тобылғы арасына барып дәретін алып, үстіндегі костюмін таза жерге жайып жіберіп, намазға жығылады. Ондайда қойды қасқыр шауып жатса да, ешкіммен шаруасы болмайтын. Ес білгелі көріп өскендіктен бе, біздер аулақ барып ойнаймыз. Өйткені, атам шулап ойнамақ түгілі, құбылаға қараған жайнамазының алдынан кісі жүргізбейтін.

Түс ауа ферма орталығы Сәменге де келіп жетеміз. Онда көшті ферма меңгерушісі Кұсайын Ақанов тосып алады. Ауыл шетіне қойды иіріп, атамның інісі Тәйпіш (шын аты Нұрғали) атаның үйінен түстенеміз. Тәйпіш дейтіні тәптіштеніп сөйлеп, таңдайын әр сөзінен соң қағып қалатын әдеті бар.

Ошақ басында жеңгеміз Рысқайша ас әзірлеп, жүгіріп жүреді. Етегіне Жәкет ағамның артындағы тұяғы Ержан мен Бауыржан бауырларым жармасып алады. Мұны көріп отырған, қан төккенге қаны қас Тәйпіш атамыз кесесін саусақтарының ұшымен көтере ұстап отырып, таңдайын бір қағып жіберіп:

– Осы баланың атын дұрыс қоймаған. Бауыржан деген қанішердің аты,- деп қалады. Таңдайын тағы бір мәрте қағып жібереді.

– Ел қорғаған Қабанбай батыр да жауды найзасына түйреген. Бауыржан фашистермен алысып, Жеңіс күнін жақындатқан – батыр. Сондықтан Бауыржан аты лайық есім,-деп ағасының орынсыз сөзіне жауап береді Іле ағам. Оқығаны мен тоқығаны көп, зерделі Ілекеңе ағасы жауап қатпайтын.

Көш жолы ұзақ болған соң ба, Сәменнен шығып Қотырбұлақта отырған ағамыздың әрі досы, әрі бәсекелесі, ауданның озат шопандарының бірі Тұрсынның жұртына қарай жылжимыз. Олар бізден ерте көшіп келіп алады. Әйелі неміс қызы Роза қазақтың кез келген келінінен артық болатын. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған, жөн-жоралғысын сақтаған, жалғыз ұл мен өрімдей қыздар тәрбиелеп отырған Роза шәйін баптап, тамағын асып, тосып алады. Бұл – жылдар бойы қалыптасып қалған ағаларымыздың сыйластығы.

Ымырт жабыла Қосақшоқыға да келіп жетеміз. Біздер келгенде киіз үйлер тігулі, отардың қашары құрулы тұрады. Осының бәрін кім істеп кетеді деп ойлаушы едік. Біздер тек дайын жатын орынға аса бір бітірген шаруамыз болмаса да, шаршап-шалдығып жететінбіз.

Ақсақ қой, қотыр қозы бағу сылтау болды

Қосақшоқы – екі алып шоқының көк мұнарын белбеу етіп буынған, екі өркештің ортасындағы кең атырап сүйірленіп қосылған жері. Қос шоқы бір-бірімен таласып, сеңгір көкке қолын созғандай көрінетін маған.

Көш әлегі біткен соң, Әділ екеуімізге ауылда қалған ақсақ-тоқсақ, құрттаған қой-ешкілерді бағу міндеті жүктеледі. Өріске кеткен мал соңынан біз де өз «отарымызды» алып шығып, ауыл маңына жусатамыз.

Бір күні Бақытхан жеңгемізді Нұрыш ағамыз аудан орталығына перзетханаға алып кеткен болатын. Ағамыздың отауы үлкен үйден оқшаулау тігілетін еді. Жеңгемізді толғақ қысқанда, асығыс үйдің есігін жіппен байлай салған болуы керек. Ағалы-інілі екеуіміз отаудың есігін ашып, үйге кірдік. Оң жақ босағада сүйегі қызыл ағаштан оюланып жасалған байырғы шкаф тұратын. Соның тартпасынан ағамыздың сол кездегі «Прима» темекісінің бір қорабын ұрлап алдық. Сіріңкені де қолымызға қыстыра кеттік.

«Отарымызды» ауылдан ұзата жайып, тасалау жер іздеп келеміз. Малымызды көз алдымызда жусатып тастадық. Өзіміз қалың қарағанның ығына бардық. Темекінің қорабын ашып, бір-бір талын ауызға қыстырдық.

Екеуіміз де Нұрыш сияқты екі саусағымызды шошайтып, арасына шылым қыстырып алғанбыз.Темекінің түтінін будақтатып, құшырлана тартып қоямыз. Өзімізді үлкендерше ұстаймыз. Жан-жағымызға қараймыз, аса сақпыз. Үйдегілер көріп қоймаса екен деген амал ғой.

Темекінің махоркасы аузымызға түссе, түкіріп қоямыз. Түтінін мұрнымыздан шығарғымыз келеді. Олай істесек, жөтел қысады. Әйтеуір «шылым шеккен осы екен-ау» деп жорамалдадық. Тұқылын аяқпен басып өшіріп кеттік. Ертең де келіп тағы шылым шегетін болып келістік.

Қайтар жол ұзақтау көрінді маған. Басым айнала бастады. Жүрегім лоқсыды. Құсқым келді. Үйге келісімен төсекке сұлап түстім. Өңім бозарып, сұқпытым қашып кеткен болу керек. Дәрі-дәрмек, сарымай араластырылған ыстық сүт, қою қара шай беріп әлек боп жүрген Нұрзағи тәтемнің есі шығып кеткен.
«Әдияның ұлы ауырып қалды. Ұрсатын болды ғой», – деген сөздері құлағыма алыстан естілгендей болды. Талмаусырап ұйықтап кетіппін, есімді ертесінде бір-ақ жидым.

Неден ауырғанымды Әділ екеуімізден басқа ешкім білмейді. Біреу құпиямызды айтып қоятындай, бір-бірімізге ұрланып қарап қоямыз. Бұл тентектігіміздің беті ашылмаған күйі ұмыт болды.

Қараған түбінде қалған «Прима» темекісінің бір қорабы әлі жатыр ма екен сол жерде, кім білсін…

Түн түндігін түрген мылтықтың дауысы

Меринос қойының жүні шайырланған кезде, қырықтық науқаны басталатын. Үйдегі ересектердің бәрі атқа қонып, жиырма шақырымдай жердегі совхоздың қырықтық пунктіне малды айдап әкететін. Науқан екі-үш күнге созылады.

Бұл жолы да солай болды. Бәрі кетіп, үйде жасы кіші ұлдардан Әділ екеуіміз ғана қалдық. Әдеттегідей «отарымызды» жайып келіп, кешкі астан кейін жатып қалғанбыз. Түннің біруағында күбір-күбір дауыстардан оянып кеттім. Балалар жатқан киіз үйдің ішінде Ұлтуған әжем, Нұрзағи тәтем, Бақытхан жеңгем есіктің жабығынан сығалап, бірдеңелерді айтып жүр.

-Әне кетті,-дейді бірі.

-Жарығын сөндіріп қойды,- деп екіншісі іліп әкетеді. Дауыстары қыстығып шығады. Үрей бар.

-Үйдегі мылтық қайда еді,- деді тәтем. – Оқтап, дайындап алайық.

-Келіп бізді тонап кетсе қайтеміз,- деп қорқыныш бұлтын қоюландырып қойды жеңгем. Ол кісі өзі табиғатынан қорқақ жан болатын. Бұл сөзден кейін олардың дыбыстары шықпай қалды.

-Әділді оятыңдар. Ілекең ұлына көрсетіп жүрген. Мылтықты қалай оқтайтынын сол біледі,- деді бір кезде әжем.

Мен ештеңені түсініп жатқан жоқпын. Әйтеуір бір қырсықтың боларын сеземін. Киіз үйдің төрінде, текеметтің үстіне барлық бала-шағаға төсек салып тастаған болатын. Әділ ортамызда жатқан. Жарықты жақпай, сипалап жүріп Әділді оятып алды. Ұйқылы-ояу Әділ қараңғыда қосауыз мылтықтың ұңғысына екі оқты салып, шүріппесін тартып, дайындап бере салған болуы керек. Орнына қайта сылқ ете қалды. Сол-ақ екен гүрс еткен мылтықтың ащы дауысы шықты.

-Астағфирулла!- деді әжем.

Шыңғырған Бақытхан жеңгемнің дауысы шықты. Киіз үйдің есігіне ұстаған перде жана бастады. Шырт ұйқыда жатқан балалар шошып оянды. Кенжелердің жылаған дауысы, үлкендердің бір-бірімен ұрысқаны, бақырайып қарап отырған Әділ екеуіміз…

-Бәрің амансыңдар ма?

-Ешкімге оқ тимеді ме?

-Мылтық неге атылды?- деп жамырасып, бір-бірінен сұрап жатқан үлкендер. Үйдің іші азан-қазан болды да кетті. Әйелдер отты өшіріп әлек.

Артынан білдік. Түн жамыла бір көлік келіп жарығын түсіріп, ары-бері жүрген. Аңға шыққан біреулер болуы мүмкін. «Қорыққанға қос көрінеді» демекші, Бақытхан жеңгеміз қарақшылар екен деп ойлап, жұртты дүрліктірген. Әйелдер қорғаныс шебі ретінде балалар жатқан үйді таңдаған. Әлгінде Әділ оқтап берген мылтықты Нұрзағи тәтем әкеле жатып, қолынан түсіріп алған екен. «Құланның қасуына, мылтықтың басуы» дөп келіп, мылтық атылып кеткен. Құдай сақтап, мылтықтың қарауылы есікке қарап құлаған. Оқпаннан шыққан оқ ешкімге тимей, кең даланы кезіп кетті. Мылтықтың дауысы зәрелерін алды ма, әйтеуір әлгі аңшылар да зымзия болыпты.

Тілеукен Тілеубердіұлы

Осы айдарда

Back to top button