Мәдениет

Қой мен жылқының сөз сайысы

Қой:

Қой мен жылқының сөз сайысы

Аман ба жал-құйрығың, аяқтарың,
Уа, жәке, жылды қалай аяқтадың?
12 ай өте шықты қас-қағымда,
Халқыңмен қоштасуға таяп қалдың.

Мына жұрт пайдаланад жиі ат күшін,
Төрт түліктің ішінде тұяқтысың.
Төрт мезгіл мойыныңнан қамыт түспей,
Жылды әрең аяқтаған сияқтысың.

Жылқы:

Қой мен жылқының сөз сайысы

Деймісің \”неге жәке арықтадың\”,
Өйткені болып еді нарықта мұң.
Өзімнің жағдайыма қарамастан,
Шалдықтым ойлаймын деп халық қамын.
Арықтау болсам-дағы аман келіп,
Халыққа еш жамандық дарытпадым.

Жалғай бер тәуелсіздік дәстүрді алға.
Ант ет оған жарды бастырмауға.
91-де есіктен сен кіріп ең,
Бұл қазақ азаттыққа бас бұрғанда.
Қазақтың берекесін беріп қойма,
\”Қой терісін жамылған қасқырларға\”.

Қой:
– «Жамылып кетпесін деп терімізді»
Түртіп өттің ең осал жерімізді.
Әрине, көркейтуге тырысамын,
Тәуелсіз елімізді, жерімізді.
Шөп шүйгін, қора тәуір болад саспа,
Қамайтын бірге мына сені, бізді.

Мойныма міндет түсті, бұйрық дайын.
«Қой жылы» деген қалай сыйды ұқпайын,
Аяйтын ештеңем жоқ халқым үшін,
Көл-көсір, жылы-жұмсақ құйрық майым.
Сен болсаң қамыт киіп күш жұмсадың,
Жыл бойы арба сүйреп жүйрік тайым.

Жылқы:
– Ол жөн ғой, меймандосқа сый қылыңыз.
Береке дейтін осы күйді ұғыңыз.
Сен келіп ең қазақта той көбейді,
Сауық-сайран құру-ау пиғылыңыз.
550 жыл толад хандығыма,
Басыңнан ауыз елге тигізіңіз.

Жеңістің те тойланад жетпіс жылы,
Жамбасыңнан сонда елге сүйгізіңіз.
Ынтымағы жарасқан Ассамблеяға,
Ең майлы тартылса екен құйрығыңыз.
Сол тойларға құрбан боп сен жатқанда,
Аламанға қосылар жүйрігі біз.

Қой:
– Игі жақсы дәм татып жамбасымнан,
Ауыз тисе жаман ба хан басымнан.
Құлагерім көсілші, бірақ сақтан,
Батыраштың орақ пен балғасынан.
Сен шапсаң аламанға қуанар ем,
Жүйрігім құтылды деп арбасынан.

Ұрынбай салқынына еш түнектің,
Жаңа жыл келген кезде ескі кеткін.
Жылқы жылы туралы мақал бар ма?
Бар болса егер келіп тұр естіп өткім.
«Қой жылы – той жылы» дейт біздің қазақ,
Ал жылқы жылы туралы естімеппін.

Жылқы:
– Қойеке көп күлкіден қауіптенем,
Он екі айың өтпесін сауықпенен.
Жылқы жылын қалай деп атаса да,
Елімді аман-есен алып келем.
Тәуелсіз өткен күннің барлығы той,
Жазылар тарихқа алтын әріппенен.
Қазақпен мұң-мұқтажым бір болған соң,
«Мәңгілік ел» мұратын дәріптегем.
Әр басқан іздерімнен нұр шашырап,
Жал-құйрығым төгіліп шауып келем.

Осымен айтысымыз тәмам болсын,
Жаңа жылға жаңа құтты қадам болсын.
Қойеке көгеніңіз бұршақты боп,
Еншалла егіз-егіз «балаң» болсын.
Басыңыз тек мұжылып жақсылыққа,
Қазақ дейтін қаймана ел аман болсын.
Үстіңе боз торғайлар жұмыртқалап,
Тып-тыныш ел сүйінген заман болсын?

Жыл атымен айтысқандар – Дарын Нұрсапаров пен Мұратхан Кенженханұлы

Осы айдарда

Back to top button