Білім

Оқушының шығармашылық мүмкіндігін қалай дамытуға болады?

Баланың жаманы болмайды. Оны дұрыс тәрбиелей алмайтын ата-ана, нақты білім беріп, бала бойындағы бұлақ көзін аша алмайтын мұғалім болады. Біз әлі күнге осы екі мәселенің басын аша алмай келе жатқандаймыз. Ал сол балалардың талпыныстары қандай десеңізші! Сондықтан қай кезеңде де оларға байыпты бағдар бере білу керек.

Оқушының шығармашылық мүмкіндігін қалай дамытуға болады?

Жаратылыстану циклдерін оқытудың мәні зор

Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына Жолдауында: «Біз ел көлемінде әлемдік стандарт талаптарына сай сапалы білім беруге қол жеткізуіміз керек» деп, қадап айтқаны белгілі. Аталған тапсырманы жолнұсқау етіп ұстанған Өрел орта мектебінің ұжымы оқушылардың шығармашылық мүмкіндіктерін дамыту мен денсаулықтарын нығайту және олардың еңбекке деген қызығушылығын арттыру мақсатында көптеген әлеуметтік-педагогикалық жобалар жасап, жүзеге асырып келеді екен. Атап айтар болсақ, ол жобалардың ерекшеліктері – туған өлке, тамылжыған Катонқарағай аймағының табиғи ресурстарын зерттеп-білуге бағытталған. Ал ол жобалар мектепте біраз жылдардан бері жүзеге асып келе жатқан «Спорттық алаң», «Президенттік миля», «Дарынды балалар» және «Денсаулық» болып жалғаса береді.

Сондай-ақ, оқушылар, педагогикалық құрам және ата-аналар қауымдастығы өздері тұрып жатқан мекенде ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамыту мақсатында көп жылдан бері Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғат паркімен тығыз жұмыс істеп келеді. Ол шаруа, атап айтқанда, тамылжыған табиғат пен сұлу сурет сынды алаптар әр сыныптағы балалармен сабақтан тыс кездерде өте қызықты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және олардың шығармашылығын жетілдіруге ерекше ықпал етуде.

– Бүгінде біздің 246 оқушы білім алып жатқан мектебімізде гид-рейнджерлер мектебі, «Кедр» атты мектептік орманшылық, «Исток» және «Жасыл дәріхана» сынды балалардың экологиялық ұйымдары жұмыс істейді. Мәселен, 2005 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Гид-рейнджерлер мектебі» жобасы «Эко-Алтай», біздің мектебіміз және Өрел ауылдық округінің бірігуімен жұмыс атқарады, – дейді мектеп директоры Әмина Жұмағұлова. – Бұл идея мектебімізде бұдан біраз жыл бұрын, өңірімізге келетін туристерге лайықты қызмет көрсететін кәсіби гидтер қажеттігі туындаған кезде дүниеге келген-ді. Өйткені, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде және ауданның басқа да аумағында ерекше қорғалатын табиғи жерлердегі жұмыстар үшін гид-бастаушылар мен мамандар қажет.

Ал мектептегі «Кедр» ұйымы бұдан сегіз жыл бұрын Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Берел филиалының қолдауымен құрылған екен. Оның барлық жұмыс бағдары орман мен ондағы биологиялық ресурстарды қорғауды ұйымдастыруға негізделген. Оны жүйелеп айтар болсақ, парк питомнигіндегі тәжірибелік жұмыстар, сонымен қатар оқушыларды «Жасыл ел» бағдарламасына қатыстыру болып табылады.

Өлкені қадірлеуді өрелдік өрендерден үйрен

Соңғы кездері «Кедрге» мүше оқушылар жаңадан бой көтерген мектеп пен ауылды абаттандырып, ауыл ішін қалдықтардан тазартып, түрлі ағаш көшеттерін отырғызумен бел шеше шұғылдануда. Ал ондай шаруа ауылда аз емес.

Мектептегі экологиялық-туристік бағытты ұстанған «Исток» клубы жұмыс істегелі де алты жылдан асып барады. Бұл клуб өз құрамына нағыз табиғат жанашырларын жинағанын айтпау мүмкін емес. Ондағы жұмыс балалардың қызығушылығына, бейімділігі мен талабына қарай құрылып келеді. «Истоктағы» балалар, әсіресе, жыл сайын өтіп келе жатқан «Саябақтар шеруі» атты табиғат қорғау акциясына белсене қатысады.

Мектепте атқарылатын осындай экологиялық тұрғыдағы белсенді жұмыстар өлкенің бай табиғатын сақтап қана қоймай, байыта түсуге де септігін тигізуде және оқушылардың бағытты білім алуымен қатар сүйікті ісінің нағыз маманы болып қалыптасуына да негіз болып қалуда. Ал мұндай жүйелі жұмыстардың нәтижесі аталған білім ұясынан жаңа өмірге аттанған түлектердің жоғары оқу орындарында жаратылыстану ілімінің дағдылары бойынша білім алып, туған мекендеріне қайтып оралуларына негіз болып отыр. Дәл осы тұста Өрел мектебін әр кезеңдерде тәмамдап, жоғары білім алған соң Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қызметке оралған 12 бірдей түлекті айтуға әбден болатындай.

Кез келген жұмыс салыстырмалы түрде бағаланатыны белгілі. Осы жерде өрелдік 42 мұғалім мен оқушылардың ғылыми-зерттеу ісін дамытуда қол жеткізген жетістіктері де үлкен. Өткен жылы халықаралық табиғат қорғау жөніндегі «Саябақтар шеруінде» бас жүлдеге, Шымкентте өткен ІV экологиялық форумда ІІ орынға, облыстық балалар орманшылығының слетінде І, 2010 жылы облыстық «Дарынды ұстаз – дарынды оқушы» байқауында және 2007 жылы Санкт-Петербургте өткен орманшылық форумында 57 елдің ішінен бас жүлдеге, сондай-ақ, бұдан төрт жыл бұрын Алматыда өткен экологиялық форумда І және ІІІ орындарға ие болған-ды.

– Мұндай жемісті еңбектің артында әр баланың туған табиғатты сүюіне, сүйіп қана қоймай, оны қорғауына жол ашатын шығармашылық қабілет көздерін кеңейтіп келе жатқан педагогтардың жоғары кәсіби біліктіліктері жатыр. «Ұстаз – мектептің жүрегі» деп ұлы педагог Ыбырай Алтынсарин айтқандай, осындай мұғалімдер мен үйренуге, білуге құштар оқушылары бар мектебіміздің барлық салада алда болғаны мен үшін үлкен мәртебе, – дейді мектеп директоры, өткен жылы облыстың ең үздік мектеп директоры атанып, биыл Өскеменде өткен мұғалімдер құрылтайында Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың қолынан жеңіл көліктің кілтін алған Әмина Жұмағұлова.

Міне, өрелдік оқушылар туған жерлерін сүйіп, өзгелерге паш етуде осылайша жұмыс жасауда. Олардың бар мақсаттары – өлкенің кереметін көбірек білу. Ал ол шаруада балаларға ұстаздары негізді бағыт беруде.

Ғафура Сәрсенбайқызы

Осы айдарда

Back to top button