Оқушылардың ойы іске асты

Өскемендегі Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапханада «Ойларыңды іске асыр» атты көрме ашылды. Оқушылардың бұл техникалық шығармашылық көрмесі Тұңғыш Президент күніне арналып отыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрменің мақсаты – техникалық шығармашылық саласындағы дарынды, талантты балаларды анықтау және олардың ғылыми-зерттеу жұмысына деген қызығушылықтарын арттыру.
– Біз облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығымен тығыз жұмыс істейміз. Бұл – біздің аталған орталықпен бірлесе ұйымдастырып отырған төртінші шарамыз. Бұл көрмеге негізінен техникалық салаға икемі бар балалардың өздері жасаған жобалары, модельдері мен макеттері қойылған, – дейді О.Бөкей атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Жанат Жиынбекова.
Бір байқағанымыз, осынау көрмеге облыс орталығындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары өте белсенді қатысыпты. Осы мектептің оқушылары Аяла Мұхаметқалиева мен Бақыт Жанасылдың су тасқыны кезінде адамдарды эвакуациялау үшін қалқыламалы көпір тұрғызушы роботтары өте сәтті шығыпты. Тіпті роботты сынауға облыстық құтқару қызметі қызметкерлерінің өздері қатысып, таңғалған көрінеді. Ал осы мектептің оқушылары Диас Берибаев пен Әли Мұратовтың жеңіл автокөліктерге арналған көпдеңгейлі паркингі де – мамандар үшін дайын тұрған жобаның дәл өзі. Мұндай көпдеңгейлі паркингтердің ірі қалаларда көлік жүйесі жұмысын жеңілдетуге көп септігі бар екені сөзсіз. Көрмеге тіпті космонавтика мен аэроғарыштық техника саласына қатысты жобалар да қойылған. Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы Жансая Оралбекованың «Ғарыш денелерін зерттеуге арналған обсерватория моделі» атты жұмысы республикалық инновациялық идеялар байқауында бірінші орынға ие болған екен. Ал Никита Титовтың «Мұнаралы краны» осы байқауда екінші орынға ие болған. Көрме 30 қарашаға дейін жұмыс істейді.

– Көрме маған қатты ұнады. Болашақта табысты болу үшін әрбір оқушы осылай жеке шығармашылығын дамытуға көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Көрмедегі үлгілердің әрқайсысы мақтауға лайық, – дейді Өскемендегі Шәкәрім атындағы №1 мектептің 7 «В» сынып оқушысы Әдемі Елемесова.
Мейрам Екпін