Білім

Оқушыларға ой салып кетті

Оқушыларға ой салып кетті


Сапалы білім алып, жақсы мамандыққа қол жеткізу үшін алысқа ат сабылтудың қажеті жоқ қазір. Бүгінгі қоғамға қажетті, еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды өзіміздің өңірдің жоғары оқу орындары мен колледждерінде де оқытып жатыр. «Менің мамандығым – ел өркендеуінің кепілі» атты облыстық стенд-мобтың қатысушылары осындай ойға тоқтады.

Аталмыш акция барысында облыстағы үш университет пен он колледждің оқытушыларынан құралған арнайы топ Зырян, Серебрянка қалаларында және Жаңа Бұқтырма кентінде болып, бірқатар кездесулер өткізді. Осыған дейін көктемде өткізіліп келген мұндай кездесулердің ағымдағы жылы күзде басталып кетуін тағы бір жаңашылдық деп қабылдадық. Шараның өткізілу форматы да қатып қалған қалыптан шығып, үгіт-насихат жұмыстары да өзгеше өрбіді. Бұрынғыдай адамды жалықтырар жарнамалық дәріс оқудан қашқан қонақтар жергілікті жастармен ашық диалог құруға, емен-жарқын әңгімелесуге тырысты.

Әрбір білім мекемесі арнайы жасаған стендтері мен үлестірме материалдарын таратып, сол арқылы болашақ студенттер өздеріне қажетті, қызықтырған ақпараттарды ала алды. Мамандардың өздерімен ауызба-ауыз тілдесіп, ақыл-кеңестеріне ден қойды.

– Облыстық акция «Рухани жаңғыру» және «Барлығы үшін тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламаларын іске асыру аясында өтіп отыр, – дейді облыстық техникалық және кәсіби білім беру және кадрларды даярлау орталығы мәнсап және бизнес тобының жетекшісі Рүстем Серғазинов. – Бұл іс-шараны ұйымдастыруға аймақ басшысы Даниал Ахметов тікелей тапсырма берген. Кездесулерді біз Зырян ауданынан бастауды жөн көрдік. Бұдан соң біз өңірдің басқа аудандары мен қалаларына шығамыз.

Аудан орталығындағы кездесу «Горняк» мәдениет үйінде болды. Мұнда алдымен оқу орындарының өкілдері өздерінің білім мекемелері туралы толық мағлұматтар беріп, таныстырып шыққан соң ары қарай стенд-мобқа жалғасты. 9-шы және 11-ші сыныптардың оқушылары өздерін қызықтырған мамандықтар жайында сұрап-біліп қана қоймай, сонымен қатар студенттерге жасалған тұрмыстық жағдайларға да қанықты.

– Зырян ауданындағы жоғарғы сыныптың оқушыларын негізінен тау-кен өндірісі, металлургия мамандықтары ерекше қызықтырды. Осы ретте айта кету керек, биыл біздің университетке 100 грант бөлінді, – дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-дың инженерлік кәсіпкерлік кафедрасының аға оқытушысы Виктор Краузе.

Сондай-ақ акцияға қатысушылар гуманитарлық мамандықтарға да назар аударды. С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың стенді орналасқан тұсқа шоғырланған оқушылар биолог, заңгер, аудармашы (тілмаш), шет тілінің мұғалімі болуға дайындалып жүргендерін жеткізді. Оның үстіне біздің ауданда ағылшын тілі пәнінің мұғалімі жетіспейді. Сондықтан шет тілін меңгеруді ойлаған жастарға келешекте кез келген жерде жұмыс орны табылатыны анық.
Біздің өңірде қат болып тұрған тағы бір мамандар бар, ол – ауыл шаруашылығы саласының өкілдері. Сұранысқа ие ондай мамандықты таңдағандар үшін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті есігін айқара ашады.

Колледждер де қарап отырған жоқ. Жұмысшы мамандықтарының дені осы білім ошақтарының еншісінде және оқуы тегін. Кейінгі кезде кәсіби-техникалық білім алуға ынталы жастардың көбеюі де сондықтан болар.

– Біздің колледжде білім алу тегін. Оған қоса шәкіртақы төленеді. Мәселен, бірінші семестрде барлық студенттер 17 мың теңгеден алса, ары қарай оқу үлгеріміне байланысты болады, – деп түсіндірді Өскемен көпсалалы техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Арман Райымбеков.

Зырян ауданына ат басын тіреген бұл топқа жергілікті колледждер өкілдері де қосылды. Олардың да талапкерлерге ұсынатын дүниелері бар екен. Айталық, Зырян құрылыс және көлік колледжінде кейінгі уақытта туризм саласының кадрларын даярлауға мықтап кірісіпті.

Облыс орталығынан келген Рүстем Серғазиновтың айтуынша, жергілікті жердегі білім мекемелерінің акцияға үн қосуынан ұтпасақ, ұтылмаймыз. Өйткені бір аудандағы колледжде оқытылатын мамандық екінші бір ауданның жастарын қызықтыруы мүмкін. Егер олардың басқа аудан-қалаларды арнайы топпен бірге аралауға ниеттері болса, ешқандай кедергі жоқ.

Жоғарғы сынып оқушыларына жаңа форматтағы стенд-моб әсте ұнаған сияқты. Көпшілігі оқу орындарына алдын ала өтініштерін беріп қойды. Алда әлі үш тоқсан бар. Акциядан алған ақпараттарын әбден пісіріп, ой қазанында қорытып, дұрыс таңдау жасауға бұл жеткілікті уақыт.

Оксана Сосновская.
Зырян аудандық ішкі саясат бөлімінің
тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button