Оқушылар ескі мектепте екі ауысыммен оқып жүр
Кетеуі кеткен құрылыстар
Оқу жылы басталып кетсе де, 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс Зайсан қаласындағы 600 орындық мектеп интернатының құрылысы әлі аяқталған жоқ. Ал «дайын» делінген 140 орындық балабақшаның ашылуын екі көздері төрт болып күтіп жүрген ата-ана көп. Олар мердігерлерге ғана емес, құрылыстың уақтылы аяқталуын қадағалауға тиіс тапсырыс берушілер – аудан әкімдігі мен аудандық құрылыс бөліміне де өкпелі.
Мамандарға үш есе бағасын төлеп жұмыс істетіп жатыр
Қыркүйектің қақ ортасы болса да, Зайсан қаласында орналасқан Қуатбек Абжанов жетекшілік ететін «СМУ Шығыс» ЖШС-і құрылысшылары салып жатқан 600 орындық мектеп-интернатының ішкі-сыртқы құрылыс жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Нысанның құрылысы аяқталмаса да, мектеп маңдайшасына «М. Дәуленов атындағы мектеп-интернаты» деп жазып қойыпты. Байқағанымыз, мектептің маңайындағы құрылыс қалдықтары мен қоқыстарын жинау былай тұрсын, ішіндегі сылақ жұмыстары толығымен жөнге келтіріле қоймаған екен. Даладай спорт залының ішіне сылақ жүргізу жұмыстары басталғанмен әлі аяқталмапты. Ол жерде жанталасып сылақ жасап жүрген жанды көрмедік. Едені үстіріктеліп, қалдығы спорт залдың қақ ортасына үйіліпті. Үйіндіні тасып, еденін спорт залға сай түстермен бояп шығудың өзі біраз уақытты алатын шығар. Соған қарағанда құрылысты қарқынды түрде жүріп жатыр деуге негіз жоқ сияқты. Оның үстіне мұнда әрлеуші, балташы мамандар жетпей жатқан көрінеді.
– Бұл құрылыста екі жүздей адам жұмыс істеп жүр. Қазір маңайдағы ұсақ-түйек шаруалары қалды. Шама келгенше құрылыс саласының мамандарын жинап, ақшаларын уақтылы төлеп, жұмыс істетіп жатырмыз. Бағасын тіпті үш есе артық төлейміз. Мысалы, қабырғаны әрлеудің шаршы метрі 240-250 теңге болса, біз 1000 теңге көлемінде төлеп істетіп отырмыз. Бір есік қою смета бойынша 700 теңге болса, мұндағылар 3500 теңге алып отыр. Соның өзінде мамандар жетпей жатыр, – дейді «СМУ Шығыс» ЖШС-не қарасты осы нысанға жауапты техникалық қадағалау бастығы Сайранбек Абжанов.
Сайранбек Абжановтың айтуынша, мектептің құрылысы осы айдың ішінде аяқталады. Дей тұрғанмен бітіп бермейтін ұсақ-түйек жұмыстары көп секілді. Сыртын сайдингпен қаптаудың екі күндік шаруасы қалыпты. Кейбір терезелердің жақтауларына сылақ жүргізілмеген. Еденге кафель төселіп жатқанымен, кейбір тұстары толық цементтелмеген.
Техникалық қадағалаудың бастығы Сайранбек Абжановтың сөзіне сенсек, жұмыс таңертеңгі сағат 7:00-де басталып, күн батқанша жүреді екен. Ішкі жұмыстарында жүрген жұмысшылар түнгі сағат он бір, он екілерде қайтатын көрінеді. Қазіргі уақытта мектеп құрылысының 95 пайызы аяқталыпты. Қалған бес пайызы қыркүйектің соңына дейін аяқталып, оқушылардың игілігіне табысталады екен.
Зайсан аудандық оқу бөлімінің бастығы Нұрлыбек Қалибаевтың айтуынша, мектептің интернатына ауылдан келгендер, үйі жоқ, аз қамтылған отбасылардың балалары жайғасады. Үш қабатты интернаттың сыртқы жұмыстары толық аяқталғанымен ішіндегі ұсақ-түйек шаруалары қалыпты.
Кеңес кезіндегі кеңседе білім алып жүр
Жаңа мектеп құрылысының аяқталуын бәрінен бұрын М. Дәуленов атындағы мектептің оқушылары мен ұстаздары асыға күтіп жүр. Өйткені, мектеп салу мәселесі көтеріліп келе жатқанына талай жылдың жүзі болыпты. Жаңа мектептің ашылуын күтіп жүрген оқушылар бүгінде білім алып жатқан оқу ордасы бұрындары кеңсе болған екен. Ал қазіргі интернат бұрынғы автопарктің кеңсесі болыпты. Асханасы жеке жерде орналасқандықтан, оқушылар бір жерде жатып, екінші жерде тамақ ішіп жүр. Мектеп үш шақырым жерде. Мектептері білім алуға лайықтап салынбағандықтан оқушылар екі ауысыммен оқып жатқан көрінеді. Соның өзінде таршылық етіп отырған мектеп ғимаратының дәлізінде екі адамның қатар жүруі мүмкін емес. Ал мектеп директоры, орынбасарлары, психолог, тәлімгер бәрі бірге аядай ғана бір бөлмеде отырады. Жұмыс үстелдері бір-бірінікіне қатарласа қойылған. Өздері ара-арасымен қыстырылып кіріп-шығады.
– Негізінен бұл мектеп 196 балаға арналған. Екінші корпусы 198 балаға есептелген. Бірақ мұнда жалпы саны 331 оқушы білім алуда. Бала саны болса, жыл санап өсіп келеді, – дейді аудандық оқу бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаев.
Мектеп алды даярлық сыныбына биылдың өзінде 40 бүлдіршін келіпті. Сауыр мөлтекауданының балаларының бәрі осы мектепте оқиды. Тулақтай ғана білім ордасында оқып отырған оқушылардың білім деңгейі аудан бойынша 4 орында тұр. Ұлттық бірыңғай тестілеуден жылда бірінші бестіктен көрінеді екен. Кейбір жылдары бірінші орын, екінші орын алыпты. Демек бар мүмкіндік қарастырылған жаңа мектепке көшсе, бұл мектептің білімі одан әрі арта түсері анық.
Елу метрдей жерде тұрған мектептің екінші корпусында бұрын бастауыш сыныптар оқыған. Қазір балабақшаға лайықтап жөндеп жатыр. Осыған дейін оқушылар сол корпустағы шағын бөлмені спорт зал ретінде пайдаланып келіпті.
Ал қаланың келесі басында бой көтерген 140 сәбиге арналған балабақша құрылысының көзге көрінбейтін тұстары болмаса, толық аяқталған сияқты. Балабақша ішіндегі жиһаздар құрастырылып, орын орнына орналастырылыпты. Бөбектерге арналған ойыншықтар сөрелерде қаз-қатар тізіліп қойылған. Тек салтанатты түрде ашылуын ғана күтіп тұрған сияқты.
– Балабақша құрылысы толығымен аяқталды. Қаражат толығымен игерілді. Ішкі құрал жабдықтар толық алынды. Мемлекеттік комиссия өткеннен кейін балабақша ашылып, кезекте тұрған балалар осында тәрбиеленетін болады. Ал екінші «Айналайын» балабақшасы құрылысы алдағы он күн ішінде бітеді деп жоспарлап отырмыз. Ол нысан қазан айында іске қосылады. Жалпы қаламызда қазір үш мемлекеттік, екі жеке меншік балабақша жұмыс істеп тұр, – дейді Зайсан ауданының әкімі Алмас Оңдақанов. – 600 орындық мектеп интернаты құрылысының 90 пайыздан астамы аяқталды. Келісімшарт бойынша желтоқсан айында пайдалануға беруіміз керек. Бірақ, облыс әкімі Бердібек САПАРБАЕВТЫҢ жеделдету жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Осы айдың аяғына қарай толыққанды бітіп қалатын шығармыз.
Қарабұлақтағы оқу ордасы оқушыларға қауіп төндіріп тұрған жоқ па?
Зайсан ауданы, Қарабұлақ ауылындағы Абай орта мектебінде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары оқушыларға, ұстаздарға кедергі келтіріп жатқан көрінеді.
– Күрделі жөндеу жұмыстарын «Зайсан Строй-сервис» ЖШС мойнына алып, сәуірде сабақ жүріп жатқан кезде бастап кетті. Жұмыс негізінен 15 тамызға дейін аяқталуы тиіс еді. Мектепте қазір су жоқ. 218 бала тегін тамақ ішуі керек. Асханада жұмыс тоқтап тұрғандықтан олар тамақ ішпей жүр, – дейді Қарабұлақтағы Абай орта мектебінің есепшісі Мәнсия Көкенова.
Мектептің ауласында құрылыс материалдары жатқан жерден бастауыш сынып оқушылар аяқтарын абайлай басып мектепке кіріп жатты. Құдай бетін әрі қылсын, ертең бір оқушы мертіксе кім жауап береді? Құрылыс жүріп жатқан жер неге дұрыстап қоршалмайды?
– Біз оқушылар үшін жауап береміз. Бірақ қоңырау кезінде әрбіреуінің соңынан аңдып жүре алмаймыз. Бастауыш сыныптың оқушылары құрылыс жүріп жатқан жерге кетіп қала ма деп алаңдаймыз. Құрылысшылар сабақ үстінде тарсылдатады, дәнекердің ұшқыны ұшады, балаларға кедергісін келтіреді, – дейді мұғалім Альмира Раздықова.
Ал Зайсан аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлыбек Қалибаевтың сөзіне сенсек, құрылыс жүріп жатқан жер қоршалған. Балаларға төніп тұрған еш қауіп жоқ. Мектептің ауласы қалған құрылыс материалдарынан толық тазартылған, қалыпты жұмысқа кедергі келмейді. Ал 1-4 сынып пен аз қамтылған отбасыларының жалпы саны 206 бала тегін тамақ ішіп отыр.
Мерей Қайнарұлы
Зайсан ауданы.