Оқушылар \”балуан робот\” құрастырды

Аягөз ауданының Баршатас ауылындағы Меңаяқұлы атындағы орта мектепте роботтық техника сабағын Әсем Қалиева дейтін жас ұстаз жүргізеді. Ең бастысы, аталмыш сабаққа деген оқушылардың қызығушылығы өте жоғары көрінеді.
Білім ордасына арнайы келген аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевқа оқушылар өздері құрастырған роботтардың атқаратын қызметі мен пайдалы жақтарын көрсетті.
– Біз мұны жасағанда үш түрлі датчик қолдандық. Оның біріншісі роботты іске қосу үшін, екіншісі жанасу датчигі, ал үшіншісі кедергілерді көре білу үшін қолданылады. Сосын кез келген түсті ажырата білетін құрылғы қара сызықтан сыртқа шығып кетпеуге көмектеседі. Жалпы, мұны жасағанда Ғ3 модуль, екі мотор мен екі үлкен дөңгелек қолдандық, – дейді 9-сынып оқушысы Самат
Оқушылар роботтарды ережеге сай бағдарлама бойынша жүйеге келтіріп, көпшілікті олардың «өнерімен» таныстырды. Алаң үстіндегі роботтар робосуммо сайысында қарсыласын шеңбердің сыртына итеріп шығару әдістерін көрсетті. Роботтар басқарушы джойстиктің көмегінсіз-ақ әрекет етіп, әлсіз қарсыласын алаң жиегіне тықсырды. Сәлден кейін роботтың бірі жеңіліп, алаңның қапталына жабысты. Былайша айтқанда, роботтар кәдімгі балуандар сияқты бір-бірімен күреседі
Сөйтіп Самат, Бауыржан, Темірлан, Аңсар атты жоғары сынып оқушылары ұстаздары Әсем Жақсыбергенқызымен бірге бірге роботтық техникадан алып жатқан білімдерін байқатты.
Әсем мұғалімнің тағы бір шәкірті сахнаның үш өлшемдік кескіні – голограмма әдісімен сан қилы кескіндерді көрсетті.
Айта кетейік, таяуда ғана аяқталған оқу жылында аудан мектептерінде «Менің мектебім» акциясы шеңберінде 19 роботтық техника сыныбы ашылған.
Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.