Оқумен бірге еңбек өтілі де есептеледі

Соңғы жылдары елімізде дуальді оқыту жүйесіне үлкен мән беріле бастады. Бүгінде өңірімізде білім беру барысында дуальді оқыту элементтерін енгізген колледждердің қатары артып келеді. Солардың бірі – Өскемендегі бір ғасырға жуық тарихы бар Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі.
Аталған колледж 2016 жылы облыста педагогикалық оқу орындарының алғашқысы болып «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығы бойынша дуальді оқыту жүйесіне түлектерді қабылдаған-ды.
Еуропадан келген ерекше жүйе
Жалпы, дуальді оқыту жүйесі дегеніміз не? Бұл дегеніміз – теорияны іс-тәжірибемен ұштастыра оқыту. Мұны кейде қосарлы оқыту жүйесі деп те атап жүрміз. Бұрын тек балаларымыз оқу орнында тек теориялық білім алумен ғана шектелсе, дуальді оқыту жүйесі сол білімді тәжірибеде қолдануға мүмкіндік береді. Дуальді оқыту жүйесі ең алғаш Германияда пайда болыпты. Сарапшы мамандар бұл мемлекеттің экономикалық жетістіктерін, бәсекеге қабілеттілігін кейде осы дуальді оқытудың нәтижесімен байланыстырып та жатады. Сондай-ақ дуальді оқыту Австрия, Швейцария секілді мемлекеттерде де жақсы жолға қойылған көрінеді.
Ал Қазақстанда дуальді оқытудың тарихы 2012 жылдан ғана басталады. Сол жылдың ақпан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Германияға жасаған сапары аясында кәсіби-техникалық мамандарды даярлауда неміс моделін пайдалану туралы ұсынысын білдіреді. Артынша елімізде дуальдіқ оқытуды енгізу бойынша қанатқақты жобаны жүзеге асыру бойынша келісімге қол қойылып, еліміздің Білім және ғылым министрлігі білім беру ұйымдарындағы дуальді оқытуды ұйымдастыру ережелерін бекітеді. Сөйтіп, республикада дуальді оқыту жүйесі бойынша қанатқақты жоба біздің облыста жүзеге асырыла бастайды. Бүгінде дуальді оқыту бойынша білім беретін техникалық, технологиялық және ауылшаруашылық бағытындағы колледж түлектерінің алғашқы легі жұмысқа орналасып, білікті маман да атанған. Ал 2016 жылдан бастап өңірімізде, тіпті республикадағы педагогикалық оқу орындарының алды болып дуальді оқыту жүйесін Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі қолға алды. 2016-2017 оқу жылы «Мектепке дейінгі тәрбие және оқыту» мамандығына 26 білім алушы қабылданады. Қазіргі күні олардың 22-cі оқуын жалғастыруда.
– Техникалық бағытта білім беретін колледждерге дуальді оқыту жүйесін енгізу оңай. Ал мұндай тәжірибені облыс бойынша, тіпті республика бойынша педагогикалық оқу орындарының арасында біздің колледж бірінші болып қолға алды. Алғашында қиындықтар болды. Әсіресе база таңдауда қиналдық. Сөйтіп, Өскемен қаласы әкімдігінің №1 «Балапан» балабақшасы мен №9 «Арман» балабақшасын таңдап алдық. Өйткені бұл екеуі де қаладағы таңдаулы, замануи балабақшалар болып саналады. Материалдық-техникалық базасы ғана емес, мамандарының барлығы дерлік жоғары білімді. Бүгінде студенттеріміз осы екі балабақашадан тәжірибеден өтуде, – дейді Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжі директорының оқу-өндірістік ісі жөніндегі орынбасары Әлия Аубакирова.
Оның айтуынша, «Балапан» балабақшасында жылына екі рет тәжірибеден өтетін 14 білім алушыға еңбекақы да төленеді екен. Олардың барлығына еңбек кітапшасы ашылған, еңбек өтілі жүріп жатыр. Ең төмен еңбекақы мөлшері – 22 мың 800 теңге. Сәйкесінше, дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алушылардың жауапкершілігі де жоғары.
– Ең бастысы, олар өздерін сол балабақшаның тәрбиешілері ретінде сезінеді. Тіпті «Балапан» балабақшасында арнайы жабдықталған кабинет те бар. Студенттер сол жерде сабақ оқиды. Оқу кестесі балабақшадағы әдіскерлермен келісе отырып жасалады екен.
«Арман» балабақшасында әзірге мұндай игіліктер, яғни студенттерге еңбекақы төлеу мәселесі қарастырылмаған.
– Әрине, колледжде балабақша жағдайында жасалған арнайы кабинетіміз болғанымен, дуальді оқыту жүйесінің артықшылығы көп. Біз осы дуальді оқытудың ережесіне сәйкес жұмыс істеп жатырмыз. Мұнда теория 40 пайыз болса, тәжірибе 60 пайыз. Бұл жүйемен білім алып жатқан студенттерді дайын маман десек те болады, – дейді Әлия Райымханқызы.
Дуальді оқу жүйесінің сапалы білім беруде, кәсіби білікті маман даярлауда рөлі өте маңызды екенін Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің іс-тәжірибе әдіскері Амангүл Қасымова да айтады.
– Бұл жерде теорияны тәжірибемен ұштастырған кезде білімнің сапасы артады. Қазір осы жүйенің жақсы жақтарын білім алушыларымыздың бойынан көріп жатырмыз. Өйткені жай топта оқитындармен салыстыра қарағанда дуальді оқыту жүйесі бойынша білім алушылардың артықшылықтары өте көп. Олардың тіпті өзін ұстау мәдениеті де ерекше. Олар үлкендермен қалай, балалармен қалай сөйлесу керек екенін біледі, – дейді ол.
Амангүл Ерболатқызының айтуынша, колледж ұжымы алдағы уақытта педагог-ұйымдастырушы, тренер-жаттықтырушы мамандықтары бойынша да дуальді оқыту жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.

Таңдауға мүмкіндік бар
Біз осы дуальді оқыту жүйесінің артықшылықтарына көз жеткізу үшін аталған колледждің әлеуметтік серіктесі – Өскемен қаласының Жібек маталар комбинаты шағын ауданында орналасқан №1 «Балапан» балабақшасына да бардық. Бұл бүлдіршіндер мекені «Балапан» бағдарламасы аясында 2010 жылдың қыркүйек айында ашылған. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бойынша салынған балабақшаның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев қатысқан. 280 балаға арналған балабақшада қазір 2-6 жас аралығындағы 14 топ бар. Олардың 12-сі қазақ тобы болса, екеуі орыс тобы.
– Дуальді оқытудың біз үшін пайдасы өте көп. Ең тиімділігі – білімді де білікті мамандарды өзіміз таңдай аламыз, – дейді «Балапан» балабақшасының педагог-психологы Шынар Мухаметкалиева.
– Колледжге алғаш түскен кезде, оқытушыларымыз бізге «сендер ерекше топсыңдар» дегенді жиі айтатын. Алғашында дуальді оқытудың не екенін білмейтінбіз. Кейін осы топта білім алып жатқанымызға қуанатын болдық. Өйткені өзіміз студент болсақ та, бізде еңбек кітапшасы бар. Еңбек өтіліміз жүріп жатыр. Әрі балабақшада тәжірибеден өткеніміз үшін еңбекақы аламыз. Биыл еңбекақымыз өсіп, 28 мың 500 теңге болды, – дейді Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің 3-курс студенті Гауһар Болатбекова. Гауһар Аягөз қаласындағы К.Бозтаев атындағы орта мектепті бітіріпті. Тәрбиешілік жұмыс оған кішкентайынан таныс. Өйткені оның анасы да Аягөздегі балалар үйінде тәрбиеші болып еңбек етеді.
Біз тілдескен тағы бір қыздың аты-жөні де Гауһар Болатбек болып шықты. Тегіне жалғанған «овадан» құтылған бұл Гауһарымыз Ұлан ауданы, Сағыр ауылынан екен.
– Ең алғаш балабақшаға тәжірибеден өтуге келгенде, бойымызда қорқыныш сезімі болды. Кейін үйреніп кеттік. Кішкентай балаларды көргенде, қасынан кеткің келмейді. Бірде қызық болды. «Құлыншақ» тобындағы төрт жасар Зере деген сүйкімді қыз, неге екенін білмеймін, мені «мама» деді. «Мама, сіз бүгін ешқайда кетпеңізші» деп бетімнен сүйгенде, ерекше толқыдым. Жалпы, тәрбиеші болу үшін, ең алдымен баланы жақсы көру керек. Кішкентай ғой, бала ғой дегенімізбен, олар шынайылық пен жасандылықты жақсы айырады, – дейді Гауһар Болатбек.
Осы балабақшаның әдіскерлері Мунира Тақау мен Шырын Әскербекқызы дуальді оқытудың жас мамандардың біліктілігін арттыруда артықшылықтары көп екенін айтады. «Маман даярлауда теория мен тәжірибенің арасындағы алшақтықты жою үшін, біз бұл оқыту жүйесін мықтап қолға алуымыз қажет» деп санайды.
Мейрамтай Иманғали