Оқулықтардағы олқылықтардан қашан құтыламыз?
Жас ұрпаққа білім нәрін беретін басты құрал – оқулықтардағы олқылықтардың жырын жиырма жыл айтып тауыса алмай келеміз. Басқаны айтпағанда, еліміздің тарихын танытатын, ата-бабаларымыздың рухын ұрпаққа дарытатын тарих, әдебиет оқулықтарын қатесіз басуға неге болмасын.
Ал енді сол олқылықтарды тізіп көрейік. Орта мектептің 5-сынып оқушыларына арналған «Қазақстан тарихынан әңгімелер» (құрастырғандар: Ж.Артықбаев, Ә.Сабданбекова, Е.Әбіл. Алматы, «Атамұра», 2010 жыл) оқулығында Семей атауының тарихын былай түсіндіріпті.
«Семей атауы орыстың «семь палата» сөзінен шыққан. Ол жерде Ертіс жағалауында ерте кезде қимақтардың қонысы болған. Одан кейін ХVІІ ғасырдың басында қалмақтар жеті үй (дінге табынатын орын) салған. Қазақтар оны өздерінің тілдеріне бейімдеп, Семей деп атап кеткен».
Сонда Семей атауының түп төркіні орыс сөзі болды ма, әлде, моңғол сөзі болды ма?
Бірінші сөйлем бойынша «Семей атауы орыстың «семь палата» сөзінен шыққан». Дұрыс-ақ, бірақ, үшінші, төртінші сөйлемінде одан кейін «ХVІІ ғасырдың басында қалмақтар жеті үй салған. Қазақтар оны өздерінің тілдеріне бейімдеп, Семей деп атап кеткен» – деп, бірінші сөйлемдегі ойын жоққа шығарып, керісінше, Семей атауы қалмақтың «жеті үй» деген сөзінен шыққан деп дөйдала сөйлейді. Бұдан оқушы не түсінбек? Оқулық құрастырған білікті мамандардың еліміздегі күллі мектептерге осындай мән-мағынасыз, жас ұрпаққа білім беру орнына, адастыратын дүниені ұсынуы жауапсыздық қана емес, сорақылық қой. Тегі, бір рет қана оқылып, тіпті, кей данасы оқылмай да, жыртылып, жоғалатын газеттерден де мұндай редакциялық сорақы қателік кете бермейді.
Бұл жерде Семей сөзіне моңғол тілінің ешқандай қатысы жоқ. Моңғолдар пұтхананы «кид» (хийд) деп атайды. Семей қаласында «Дорж кид», Өскеменнің іргесінде «Абылай кид» пұтханаларының Дорж, Абылай деген ламалардың салғызған пұтханалары екендігін тарихшылар түгілі, тарихтан хабары бар қарапайым адамдар да біледі.
Жалпы, оқулықтарға байланысты айтылған сын сан алуан. Соның ішінде оқулыққа кіретін шығармаларды, мәтінді таңдау, сұрыптау мәселесіне қатысты сынның жөні бір басқа. Әркім әртүрлі пайым жасайды. Біреуге ұнаған дүние екінші біреу үшін түкке тұрғысыз болуы мүмкін. Ал оқулыққа таңдалып алынған шығарманың мәтінін дұрыс баспай, қателік жіберу тек жауапкершілікке байланысты екеніне ешкім дау айтпас.
Менің бірде Алматыдағы «Мектеп» баспасы 2005 жылы басып шығарған, 9-сыныпқа арналған, қазіргі қолданыстағы «Қазақ әдебиеті хрестоматиясына» кездейсоқ көз жүгірткенім бар. Оқулықтың 164-бетінде 1675-1768 жылдары өмір сүрген Ақтамберді жыраудың жырлары беріліпті. Осы жырдағы:
«Жүз нарға кілем жаптырып,
Қазақстанның сәнін арттырып,
Ұзатып салсам сәнменен,
Көңілді хош таптырып» – деген шумақты оқығанда жыларымды да, күлерімді де білмедім.
Қалқам-ау, ХVІІІ ғасырда қайдағы Қазақстан? Ақтамберді елінің, ұлтының мұңын мұңдап, жоғын жоқтағанда қазақтың Қазақстан деген ел болуын аңсамаған, сәуегейлікпен білмеген шығар. Сонда оқулықты құрастырған Ұ.Асылов, Т.Жұмажанова, Ғ.Бейсенбаев, оның орфографиялық қателеріне жауапты корректорлар, оқулықты бекіткен Білім және ғылым министрлігінің сарапшылары ай қараған ба?
Хрестоматияның келесі бетін аштым. Оқулықтың мәтіні бойынша Шал ақын былай деп жырлапты:
«Мектепте сабақ алсаңыз,
Алуа, шекер, балмен тең». (166 бет).
Бәрекелді, қазақ балалары үшін алғаш мектеп ашқан Ыбырай Алтынсарин атамыздың өлеңдерінде болса қайдан білейік, ұлы Абайдың өлеңдерінде де мектеп деген сөз жоқ. Абай данышпан «Интернатта оқып жүр, талай қазақ баласы» дейді. Содан соң 1700 жылдардың соңында өмір сүрген Шал ақынның жырындағы «мектепке» сөзіне күмәнданып, (күмәнданып емес, қателік екенін біліп) ауыз әдебиеті өкілдерінің, жыраулардың еңбектері енген өзге кітаптарды парақтағанбыз. Сөйтсек, Шал ақын «мектептен» емес, «молдадан сабақ алсаңыз» деген екен. («Шешендік шиырлары», 221-бет, Алматы, «Қайнар» баспасы. 1993 жыл).
Шынымды айтайыншы, осындай қойыртпақтардан көзім де, көзім ғана емес, санам да сарсыған соң оқулықтың келесі беттерін ашуға батылым бармады…
Бодаухан Тоқанұлы
Өскемен.