Білім

Оқуда озып, өнерде өрлеп тұр

Оқуда озып, өнерде өрлеп тұр


Аймақ басшысы ауданымызға келгенде білім сапасын жаңа деңгейге көтеру және кәсіптік бағдар берудің тиімділігін арттыру тұрғысында бірқатар тапсырмалар берген болатын. Бүгінгі күні осы міндеттерді жүзеге асыру үшін білім мекемелерін жаңғырту бағдарламасы әзірленіп, тиісті жұмыстар басталып та кетті.

Аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарованың айтуынша, барлық мектептер бірыңғай оқу бағдарламасы мен стандарты бойынша жұмыс істеуде. Алайда бұл жерде мектеп басшылары мен ұжымның біліктілігін, сауаттылығы мен белсенділігін де ескерусіз қалдыра алмаймыз. Мәселен, бір мұғалімдердің нәтижесі жақсы болса, екінші бірінде ақсап тұруы мүмкін. Сондықтан биылғы тамыз кеңесінде аудан әкімі Нұржан Тоқсейітов барлық педагогтарға алда тұрған мақсат-міндеттерді айқындап, нақты тапсырмалар берген. Соған сәйкес білім мекемелері әкімшілігінің қызметін бағалаудың рейтингтік жүйесі әзірленді. Бұл мектептердің осал және мықты тұстарын анықтап береді. Ары қарай бір-бірімен тәжірибе алмасулар жүргізіледі.

Зырян қаласындағы №6 мектеп өзінің 55 жылдығын атап өтеді жақында. Қазір мұнда 900-ден астам оқушы оқып жатыр.

– 1993 жылы біздің білім ұясының базасында өнер мектебі ашылды. Оны құруға бастама көтерген сол кездегі аудандық білім бөлімінің басшысы қызметін атқарған Светлана Ферхо болды, – деп еске алады №6 мектептің директоры Лариса Капорцева.

Аталған өнер ошағында халық билері, ритмика, театрлық шеберлік сияқты ерекше пәндер оқытылды. Бейнелеу және ән-күй сабақтарында оқушылар сурет салып, ән айтумен шектелмей нағыз өнердің дәмін татып көріп, оны тануға тырысты. Өкінішке қарай он жылдай өнімді жұмыс істеген өнер мектебі қосымша қаржыландырудан қағылып, тығырыққа тірелген. Сөйтсе де білім ошағының басшылығы хореография сыныбын сақтап қалуға күш салыпты. Соның арқасында әлі күнге дейін би өнері мұнда үзілген жоқ.

Осы жылдар аралығында би үйірмесін Светлана Абышева жүргізіп келеді. Қазір оның тәрбиесінде жетпістен астам шәкірт оқиды. Жас шамасына қарай олар үш топқа бөлінген. Шәкірттері шетінен дарынды. Облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Би үйірмесі өтетін бөлме құралдармен толық жабдықталған.

– Би сабағының өзімізде оқытылатыны өте қолайлы. Сабағымызға ешқандай кедергі келмейді. Мектептен шықпай-ақ үйрене береміз. Ата-аналар да балаларын бір жерден алып кетіп жүреді, – дейді сегізінші сынып оқушысы Әмина Айболтинова.

Бүгінде өнер мектебінде тәрбиленетін Светлана Абышеваның үздік шәкірттері елімізді былай қойғанда, шетелге аты мәлім «Зыряночка» би ансамбліне шақырту алады. Ал осы мектептің кейбір түлектері үшін би сыныбында тәлім алу мамандық таңдауға көп көмегін тигізіпті.

– Ата-аналар алғаш балаларын маған әкелгенде олардың көбісі аурушаң, әлжуаз болады. Кейіннен мұның бәрі жоғалып, балалар ширай түседі. Түрлі байқауларда, өнер сайыстарында жеткен жетістіктеріміз бишілерді алға ұмтылуға жетелейді, рух береді, – дейді Светлана Абышева.

Оқуда озып, өнерде өрлеп тұр

Туған өлкені танып жүр

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру аясында аудан әкімі Нұржан Тоқсейітовтің тапсырмасы бойынша барлық мектептерде іс-шаралар топтамасы жоспарланған. Соған сәйкес білім мекемелерінде өлкетану кабинеттері құрылып, оқушыларға туған жердің табиғаты мен тарихын кеңірек таныстыру қолға алынған. Осындай өлкетану үйірмесі №6 мектепте де бар. Үйірмеге жүзге тарта бала жазылыпты. Сабақты жас педагог Тимур Медведев жүргізеді.

– Тимур біздің мектептің түлегі. Ол өте білімді, өзіндік ұстанымы мен көзқарасы қалыптасқан, нағыз патриот, болашағы бар жас маман. Қоғамдық жұмыстарға белсенді араласады. Осы үйірме арқылы ол балалардың туған жердің тарихын танып, білуге деген ынтасын оятып, қызығушылығын арттыра түсті, – дейді Лариса Капорцева.

Өлкетану үйірмесінде балалар сыныпта отырып, дәріс тыңдаумен ғана шектелмейді, сонымен қатар ауданның тамаша жерлеріне саяхат жасап, табиғат аясына шығуға мүмкіндік алады.

– Қазір бесінші сыныптың оқушыларымен шұғылданып жүрмін. Балалардың туған өлкені тануға деген қызығушылығы жақсы. Мен оларға туған жердің сұлу табиғаты мен терең тарихын таныстырып қана қоймай, сүйіспеншілігін оятуға тырысып жатырмын. Нәтижесі жаман емес, – деп түсіндірді жас педагог Тимур Медведев.

Сонымен қатар өлкетану жұмыстары аясында осы мектепті алғаш бітірген түлектер мен оқытушылар туралы мәліметтер жиналуда. Иә, бұл білім ошағы өзінің білікті педагогтарымен, білімді түлектерімен мақтана алады. Сондықтан олардың еңбегі мен жетістіктері кейінгі жастарға үлгі болуға тиіс.

– Қазіргі күні Мемлекет басшысы қойып отырған басты талап – бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу. Осы ретте біздің ауданның бірнеше мектеп директоры тәжірибе алмасу мақсатында Өскемендегі Назарбаев зияткерлік мектебінде болып, оның жұмысымен танысып қайтты. Жалпы барлық бала дарынды, тек ұстаздар әрбір баланың бойындағы талантты танып, ұштай білуі керек. Балаларды қызықтыра білуі керек. Ол үшін тың тәсілдер мен оқыту әдістемелерін жасау қажет, – дейді аудан әкімінің орынбасары Жанна Асқарова.

Сонымен қоса оқушылар арасында ғылыми-зерттеу жұмыстарына деген қызығушылық басым. Үздік жұмыстардың иелері облыстық «Зерде» байқауында биіктен көрінуде. Өздерінің жобаларымен айналысып жүргендер де қаншама. Мәселен, үшінші сыныпта оқитын Лиза Воробьева үйінде денсаулыққа қуат беретін жидек өсіруді қолға алса, бесінші сыныптың оқушысы Сергей Эндерс электр энергиясын өндіретін құрылғы ойлап тауыпты. Оны велосипедке орнатыпты. Яғни велосипедтің педалін айналдырса белгілі мөлшерде энергия өндіріледі.

Энергия өндіруден бөлек жас өнертапқыштар денсаулықты күту мәселесіне де ерекше мән беруде. Олардың бірі иппотерапияның пайдасын дәлелдесе, енді біреуі үй жағдайында тамаша тіс пастасын дайындау жобасын сәтті жүзеге асырыпты. Қазіргі күннің талабына сай келетін мектеп формасының үлгілерін жасап шыққан тапқырлар да бар арасында. Ол форманы алтыншы сыныптың оқушылары киіп жүр қазір.

Қысқасы, Зыряндағы №6 мектепте білім берумен қатар балаларды өнер мен спортқа баулып, ғылыми-зерттеу қызметіне машықтау, ұлттық құндылықтарды құрметтеп, тарихты тануға үйрету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл қуантады. Бұл бастама алдағы уақытта өзінің жалғасын таба бермек.

Оксана Сосновская
Материал Зырян аудандық ішкі саясат
бөлімінің тапсырысы бойынша әзірленді

Осы айдарда

Back to top button