Отыз жылда озық елге айналдық

Тұңғыш Президент күні қарсаңында аймақ басшысы Даниал Ахметов Өскемен көпсалалы технология колледжінде Құзіреттер орталығын ашып, онлайн режимде барлық қала және аудан колледж студенттеріне дәріс оқыды, сонымен қатар WorldSkills әлемдік және ұлттық чемпионаттарының жеңімпаздары мен тәлімгерлерін марапаттады.
– Біз алдағы уақытта облыстағы барлық 82 колледжді заман талабына сай қайта жарақтаймыз. Бұл жұмыстарға 5 жыл мерзімге 7 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырып отыр. Осы көпсалалы технология колледжіндегі Құзіреттер орталығы «KAZ Minerals» компаниясының қолдауымен ашылып отыр, облыс қазынасынан да қосымша 1 миллиард теңге бөлінді. Алдағы уақытта мұнда жатақхана салынады, – деді облыс әкімі.
Бұдан кейін сөз алған «KAZ Minerals» компаниясының дербес басқару департаментінің директоры Пол Гахаган еліміздегі, оның ішінде облыстағы білім деңгейінің жоғары екенін атап көрсетіп, өздеріне қажет болашақ білікті мамандарды осы оқу орны қабырғасында даярлауға көңіл бөлінгенін айтты.
Заманауи құрал-жабдықтармен жарақталған Құзіреттер орталығын аралап көрген қонақтар ондағы құрылғылардың мүмкіндіктерін жоғары бағалады. Айталық, құны 12 миллион теңге тұратын дәнекерлеушілерді жаттықтыратын электронды тренажердің тиімділігі жоғары.
Бұдан соң өңір басшысы облыс колледждерінің білімгерлеріне арнап Елбасының тәуелсіз Қазақстанның құрылуы мен дамуындағы рөлі туралы дәріс оқыды.
Жиналған қауым алдымен Елбасы туралы түсірілген «Притяжение Востока» деректі фильмін тамашалады.
Аймақ басшысы жас буынға Назарбаев феномені туралы өз ойымен бөлісіп, естеліктер айтты.
– Семей полигонында ресми деректер бойынша 469 ядролық жарылыс болған екен. Нақты саны одан да көп болуы ықтимал. Осы сынақтардың қаупін Елбасы жақсы түсініп, полигонды жабу туралы Жарлық шығарды. Бұл ешбір елдің басшысы жасап көрмеген батыл қадам болатын. Кейін Қазақстаннан үлгі алған АҚШ пен Франция өз полигондарын жапты. Қазақстан егемендігін алған кезде ядролық қару көлемі бойынша АҚШ, Ресей, Қытайдан кейінгі төртінші орында болатын, – деді аймақ басшысы.
Дәріс барысында Даниал Ахметов елдегі ұлтаралық келісімді сақтап, нығайтудағы Елбасы еңбегін ерекше бағалады. Сонымен қатар шекараны шегендеудегі берік ұстанымын айрықша атап көрсетті. 1993 жылғы қарашада теңгенің айналымға енуі қалай болғанын әңгімелеп айтып берді. Төл валютамызды шығаруда көптеген қиындықтардың кездескенін жеткізді.
Елбасының көп жылдан бергі сенімді серігі болып келе жатқан Даниал Ахметов 90-шы жылдардың басындағы жекешелендіру, 1995 жылғы конституциялық реформа, астананың Ақмолаға көшуі, Еуразиялық одақтың құрылуы сынды тарихи үрдістердің қалай жүргенін, Елбасы осы ретте қандай қиыңдықтармен бетпе-бет келгенін еске салды.
– Баршаңызды Тұңғыш Президент күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов тәуелсіз Қазақстанның жеткен жетістіктері Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты екенін баса айтты. – Ол – жаңа Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаған Ұлы тұлға, сарабдал саясаткер, байыпты реформатор, парасатты стратег, еуразиялық кеңістіктегі ынтымақтастық үдерістердің бастамашысы. Отыз жыл ішінде Елбасының тікелей бастамасымен аса ауқымды әрі тағдыршешті істер жүзеге асты. Көпжылдық қызметі барысында Нұрсұлтан Әбішұлы елімізді қуатты, тәуелсіз, іргелі, мықты мемлекетке айналдырды. Ал ұлы замандасымыздың ішкі саясаттағы негізгі жетістігі – көпұлтты Қазақстандағы тұрақтылық, бейбітшілік және тыныштық. Ал биыл наурыз айында Нұрсұлтан Әбішұлының өз өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуын нағыз ерлік іске балауға болады. Осылайша, елімізде президенттік биліктің ауысуы бейбіт жағдайда әрі заң аясында өтіп, елдегі саяси тұрақтылық пен әлеуметтік-экономикалық даму қамтамасыз етілді.
Аймақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары ішінде еліміздің әлеуметтік және экономикалық салада жеткен табыстарына айрықша тоқталып өтті. Олар – аз емес. Бәрін санамалап жатудың өзі артық болар, бір ғана мысал – осы жылдар ішінде тек Шығыс Қазақстан облысының ішкі жалпы өнімі 90 есеге артыпты! Ал бұл кезеңде бой көтерген өндіріс ошақтары мен баспаналар, әлеуметтік нысандар, төселген жолдар мен негізі қаланған кәсіпкерлік нысандары қаншама!
Дәрістен соң «WorldSkills Kazan 2019» әлемдік және ұлттық «Kazakhstan 2019» чемпионаттарының жеңімпаздары атанған колледж және мектеп оқушылары, олардың тәлімгерлері марапатталды. Аймақ басшысы жүлдегерлерге ноутбуктар, ал олардың ұстаздарына ақшалай сертификаттар табыстады. Атап өтерлігі, әлемдік додада үш оқушы жүлдегер атанса, ұлттық чемпионатта облыс құрамасы тоғыз алтын, төрт күміс, екі қола медаль иеленіп, жалпыкомандалық есепте бірінші орынға шыққан.
Өз кезегінде оқушылар облыс әкіміне сәттіліктің символы болып саналатын асықты тарту етті.
Ержан Әбіш