Мәдениет

Отыз жыл той басқарған чоң тамада

Отыз жыл той басқарған чоң тамада


Ол – кез келген музыкалық аспапты шебер меңгерген музыкант. Ол – Өскеменде тұңғыш «Беташар» айтқан ақын, талай тойдың көрігін қыздырған асаба. Ол – ағаштан түйін түйген шебер. Ол – ардақты әке, аяулы жар, ақкөңіл ата, адал дос – деп тізбелей берсек, оның бойындағы ізгі қасиеттер біраз жерге барып қалатын секілді.

Сондықтан алдияр оқырмандарымыздың тағатын тауыспай, бүгінгі кейіпкерімізбен жақынырақ таныссақ. Орал Ахатұлы Кәрібаев – 1964 жылы торғын белді Тарбағатайдың Маңырағында дүниеге келген. Зайыбы Сайраш Ұлан ауданының қызы. Мамандығы – дәрігер, Шымкент медициналық институтының түлегі. Екеуі Мирасгүл атты қыз, Дамир есімді ұл өсіріп, солардан немере сүйіп отырған ата мен әже.

Мен Орекеңді, оның домбыра жасайтын шебер, елге танымал өнерпаз азамат екендігін сырттай ғана білетінмін. Осы азаматпен қалай да бір жолығып, өзі жайлы, өткені мен кеткені жайында өз аузынан естіп-білгім, сырласқым келген. Ондағы мақсат – былайғы жұрт та біздің елде осындай сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың барын біле жүрсін деген ой ғана. Таяуда оның от жаққан жерін көріп, кең отырып әңгімелесудің де сәті түсті…

Арғы атасы Кәрібай қажы болған…

Біз сұхбат құрған кең бөлменің төрінде ат жақты, ашаң жүзді ақсақал адамның портреті ілініп тұр екен.

– Әңгімемізді осы кісіден бастасақ қайтеді? – деген ұсынысымды қабыл алған кейіпкерім сөзін әріден бастап кетті.

Оралдың арғы аталары Кәрібай жарықтық қажылық парызын өтеген, жат ел, жат жерде жүрсе де, ел арасына Ислам дінін насихаттауда елеулі еңбек сіңірген, сол кездің көзі қарақты адамдарының бірі болған екен. Не нәрсені әріден ойлайтын сұңғыла ақсақал немересі Ахаттың да болашағына алаңдап, жастайынан ғылымға, білімге баулуды ұлы Смағұлға тапсырған көрінеді. Ата мен әкенің тастай тәртібі мен қатал талабының арқасында бала Ахат бар болғаны 21 жасында Қытайдың Бейжіңінен гимназия тәмамдап, ұзақ жылдар бойы мемлекеттік қызметте, нақтырақ айтсақ, ішкі істер саласында еңбек еткен аса сауатты адам болыпты.

– Менің әкем Ахат деген кісі – осы, – деп портретті нұсқаған Орекең, ойына сонау бір бала күнгі бақытты шақтары орала кетті ме, әкесін жаңа көрген адамдай бір сәт үнсіз қалды…

Сәлден соң барып әлденені есіне түсіргендей әңгімесін сабақтап әкетті. – Әкем жарықтық бес жасынан бастап он бес жасына дейін өз әкесі Смағұлдан діни білім алып, құранның егжей-тегжейін жете білген діндар, табиғатынан талапшыл, әсіресе бала тәрбиесіне қатал адам болды. Өмір бойы сақшылық қызметте болғандықтан ба, қазақша мен қытай тілін жетік меңгерген. 1962 жылдары Совет үкіметіне өтіп, осы Тарбағатай өңіріне қоныстанғаннан кейін, көп ұзамай орыс тілін де жетік меңгеріп алыпты. Әкейдің қатал талабының арқасында мен мектепті алтын медальмен бітірдім және балаларымнан да соны талап еттім.

– Мектепті алтын медальға бітіргесін өз бетіңмен мамандық таңдадың ба, болмаса сол әкейдің ақылымен оқуға түстің бе?

– Мамандық таңдағанда былай болды. Мен сол мектеп қабырғасында жүргенімде-ақ жазу-сызуға әуес болдым. Келсін-келмесін шимайлап өлең, әңгіме секілді бірдемелерді жазып жүретінмін. Сол әуестікпен өзімше «болашақта міндетті түрде не ақын, не жазушы болуым керек» деп, құжаттарымды Алматыға КазГУ-ге тапсырам деп жүргем. Соңғы қоңырау соғылып, аттестатты қолыма алған күні кешкілік сап етіп мектеп директоры келе қалды біздің үйге. Қолында райисполкомның направлениесі бар. Қазақстанда баламасы жоқ оқу орны – Шымкенттің Мәдениет институтына. Ол кезде ондай жолдамалар кім көрінгенге берілмейді ғой.

Әкей де екі сөзге келместен елп ете қалды да: «Балам, мына кісінің қолындағы жолдама көшеде шашылып жатқан жоқ, тегінде. Казгу-сазгуіңді қой да, осы оқуға бар!» деді, соңғы сөзім осы дегендей. Содан, әкенің сөзін аяқасты ететін емес. Жоспарымның бәрі аяқ астынан өзгерді де, Шымкенттен бір-ақ шықтым. Қысқарта айтқанда, төрт жыл оқу оқып, өз ауылыма дипломды музыка маманы болып оралдым.

– Кейін көздеген оқуыма түспедім-ау, – деп өкінген кездерің болды ма?

– Жасырары жоқ, алғашқыда ондай өкініш болған. Кейін бәрі өз қалыбына түсті. Бірақ мен Шымкенттен, сондағы бірге оқыған жергілікті азаматтардан, сол жақтағы елдің салт-дәстүрінен өміріме көп сабақ алдым. Жалпы, менің өмірге деген көзқарасым, үйленіп үй болып қалыптасуым, адамдармен қалай қарым-қатынас жасауым, нендей тіршілік етуім керек, осының барлығының іргетасы сол, оңтүстік өңірде жүргенімде қалыптасты деп ойлаймын. Ол жақты өзің білесің, қаймағы бұзылмаған қазақы өңір ғой.

Екі айда дүниеге келген оркестр

– Содан елге оралып, ауданның мәдени өміріне араласып кеттің?

– Оқуымды ойдағыдай тәмамдап, елге ерекше бір шабытпен келген едім. Ойымда небір жоба-жоспарлар толып жатыр. Ол кезде райисполкомның төрағасы Клара Еспаевна, мәдениеттің басшысы Кеңес Байтоғасов деген кісілер болды. Бірақ бұл жақтағы біздің қайсыбір шенеуніктердің өнерге, өнер адамдарына деген немқұрайлы көзқарастары мен салқын қабақтарын көріп қатты налыдым. Мен келгенде қатардағы инженер мәдениет үйінің директоры, механизатор завклуб, пединститут бітіріп келген бір жас жігіт киномеханик деген секілді… Сол кезде бүкіл бір ауданда арнайы мәдени-ағарту оқу орнын тәмамдаған менен басқа бір адам болған жоқ. Әлгі немқұрайлы басшылармен көп жұмыс істей алмадым.

– Неге?

– Неге болғанда, олар маған келген бетте үлкен талап қойды, сонымен қатар уәде берген болатын. Ауданның сол кездегі екінші хатшысы Абдрасулов деген ағамыз: «Көршілес Зайсан ауданында духовой оркестр бар. Ал Тарбағатайда болған емес. Сенің бітірген оқуың осы екен ғой. Сондықтан өлсең де, тірілсең де 7-ші қарашадағы парадқа духовой оркестр шығаруың керек!» деп талап қойды.

– Бұл қай мезгіл еді?

– Тамыз айының соңы болатын. «Егер осы тапсырманы ойдағыдай орындай алсаң, аудан орталығы Ақжарда салынып жатқан жаңа үйден пәтер береміз» деп уәде етті. Қуанышымда шек жоқ. Келіншегім болса жас босанған, өзім жас маманмын. Оның үстіне, осы ауданның жолдамасымен оқу оқып келгем. Маған жетпей тұрғаны да, осы бір үй мәселесі болатын. Содан «Нар тәуекел!» деп, жұмысты бастап кеттім. Мәдениет үйінің жертөлесінде неше жылдан бері ешкім пайдаланбай, қараусыз, әбден шаң басып қалған духовой оркестрдің аспаптары бар екен. Әлгілерді шығартып, тазалап тұрып жуғызып, жарқыратып қойдық.

– Енді ол аспаптарда ойнайтын кісілер керек қой?

– Мәселе сонда боп тұр ғой. Сол кезде аудан көлемінде музыкалық училище бітіріп келген вокалистер, домбырашылар, хореографтар мен музыканттардан бөлек, ауданның басқа да өнерпаз қыз-жігіттері болды. Бірақ қысы-жазы бірі – сауыншы, бірі – қойшы, енді бірі – тракторист дейсің бе, әйтеуір, шілдің боғы құсап жер-жерде шашырап жүретін. Мерекелік концерт қою керек болса, соларды шұғыл түрде үш-төрт күнге жиып алады да, концерт қойып болған соң, қайтадан совхоздың жұмысына жегіп қоятын. Алатындары сол кезде бар болғаны 25-30 рубль ғана. Басшыларға мен де өз талабымды қойып, әлгілердің оншақтысын істеп жүрген жұмыстарынан босаттырып, алатын айлықтарын көтерттірдім.

Содан сенесің бе, айналасы екі айда Тарбағатай ауданының тарихында тұңғыш духовой оркестр ашылды. Парадқа шықтық, халық дуылдата қол соғып қарсы алып жатыр. Басшылар да көп жылдардан бергі көрші ауданға деген ішкі қыжылдары басылып, мәз-мейрам.

– Сен міндетіңді орындадың. Басшылар тұрды ма берген уәделерінде?

– Жоқ, тұрмады. Қазіргі тілмен айтқанда, лақтырып кетті.

– Қалайша?

– Әлгі духовой оркестріміз қыс бойы шыңдалып, ширығып 9 мамыр мерекесіне арналған парадта күздегіден де тамаша өнер көрсеттік.
Мамырдың 10-ы күні «Клара Еспаевна шақырып жатыр!» – деген соң, «алғыс айтатын шығар» деп барсам, апайымыз отыр көзәйнегін киіп ап. «Әй, жігітім! Сен оказывается әскерде болмапсың ғой. Міне повесткаң, жолға дайындал, ертең әскерге жүресің», – дейді беті шылп етпей.

Мен біреу төбемнен суық су құйып жібергендей, түкке түсінбеген қалпы көзім бақырайып қарап қалыппын.

«Бармаймын!» – деп айта алмадым. Ол кезде әскерден бас тарту дегенің қылмысқа пара-пар ғой.

Содан, уәде берген үй де жоқ, шалқып жүрген көңіл күй де жоқ, салым суға кеткен адамдай боп үйге келдім… Ертесінде әскерге алып кетті…
Артынан білгенімде, маған тиесілі үйді басшылар өздерінің адамдарына бергіздірген көрінеді. Сол үшін мені аяқ астынан әскерге аттандырып жіберуге дейін барған екен. Бұлардың құйтырқылығына өмірі құрық бойламайды ғой. Бұрын қалай болса, қазір де солай. Тек, атаулары ғана өзгерген.

– Сонымен, басшылықтағы әпке-көкелеріңнен көңіл қалды?..

– Қалайша қалмайды, әлгіндей қылықтарынан. Бірақ олар алдап соқты екен деп, мен бәрібір жерде қалған жоқпын. Осы өнерімнің арқасында елге танылдым. Сол әскерде де жер тепкілеп шагатьтап немесе басқа да бір ауыр жұмыс істеп жаным қиналған жоқ. Латвияда қызмет еттім. Өзіммен бірге труба деп аталатын үрлемелі саз аспабымды ала барғам. «Показательный полк» деген болды, сонда барғаннан қайтқанша музыкант болдым.

Отыз жыл той басқарған чоң тамада

Бір кездері Беташар – сенсация болатын

– Әскерден қайтып келіп, тағы да сол аудандық мәдениет бөліміне жұмысқа орналастың ба?

– Жоқ. Жоғарыда айттым ғой, «елдегі шенеуніктерден көңілім қалды» деп. Ендігі жерде көңілім қалаға, осы Өскеменге ауды. Әкейге, «мені жұмысқа шақырып жатыр» деп өтірік айтуыма тура келді.

– Қалада не баспанаң, не тұрақты жұмысың жоқ. Екі баламен қайда барып тұрдың?

– Иә, қалада баспана мәселесі сол кезде әсіресе қазақтар үшін нөмірі бірінші проблема болған. Қазір де солай және «бұл мәселе жуық арада оңайшылықпен шешіле қояды» дегенге өз басым сене қоймаймын.

– Сөйтіп, қалаға келіп алдың. Үй мен жұмыс мәселесін қайттің?

– Ол кезде кез келген жұмысқа орналасу үшін, қалада пропискаң болуы керек. Әрі жүгіріп, бері жүгіріп тура екі ай тентіредік. Ақыры осы Өскемендегі профтех училищелердің біріне «сантехник керек» дегенді естіп, бардым. «Сантехникпін» деп, тағы да өтірік айтуға тура келді. Директоры Платочкин Владимир Степанович деген кісі екен. Өтірігіме илана қоймаса да, алды жұмысқа. Жұмысқа алып қана қойған жоқ, айналасы бір аптаның ішінде сол жерден аумағы 12 шаршы метр бөлме бергізді. Сонда пропискаға отырдық. Бұл сол кездің өлшемімен алғанда, өте үлкен көмек болатын. Жарықтықтың адамгершілігі мол кісі еді. Кейін мені қоярда-қоймай сол училищенің комсомол хатшысы етіп сайлады. Одан қалалық, облыстық комсомол ұйымына ұсынып, жоғарылауыма да себепкер болды. Тілі де, діні де бөтен болғанымен, марқұмның жақсылығын көп көрдім. Дүниеден өтер-өткенше қатты сыйластық.

Отыз жыл той басқарған чоң тамада

– Естуімше, ел сені «небір үлкен-үлкен тойлардың көрігін қыздырған асаба» дейді ғой?

– Е-е, ол өнерді де Шымкентте жүргенде үйренгем. Мен қалаға келген 1986-87 жылдардың тұсында Өскеменнің үлкен-үлкен мерамханаларында қазақша той өткізу деген өте сирек болатын. Ал беташар айту – кәдімгі сенсация болды. Әлі есімде, алғашқы беташарды айтқанымда, табаққа ақша сыймай қалды, көбі конвертке салынған. Әуелде өзім де түсінбей қалғам. Сөйтсек, бұрын-соңды беташар дегенді естіп көрмеген жұрт «той иелеріне сыйлыққа береміз!» деп әкелген ақшаларын беташардың табағына тастай берген ғой. «Көрмегенге көсеу де таң» дегендей, келіні беруі тиіс сәлемді атасы бергенді де көргенбіз…

Сол кездерде Өскеменнің мейрамханаларында той жүргізу де оңай болған жоқ. Мына «Турист», «Ертіс», «Өскемен», «Айна» секілді ресторандардың басшыларын айтпағанда, кілең орыстардан құралған музыканттары болды. Өздері кергіп қалғандықтары соншалық, қазақтарды «кісімісің, итпісің» деп сөйлеспейді де. Аппаратураларының маңына жолап кетсең, «Ты знаешь сколько это стоит?!» деп қорқытып, қыл аяғы микрофондарын да бермейді ғой.
Қысқасы, өздері би, өздері қожа. Жиырма минут музыка ойнап, ән айтады да, «У нас, работа такая!» деп, он минутқа шылым шегуге кетеді. Осы аралықта жұртқа шапшаңдатып сөз беріп үлгеруің керек. Әйтпесе олар келеді де, «Кабактарда» айтылып-орындалатын музыкасымақтарын даңғырлатып жөнеледі. Сен үлкендерге сөз беріп жатырсың ба, ақсақалдардан бата сұрап тұрсың ба, онда шаруалары жоқ. Осылайша біраз уақыт сағымызды сындырып, қанымызды сіміріп жүрді. Содан мен де қулыққа бастым. Беташардан түскен ақшадан музыканттардың әр-қайсысына бес-бес сомнан, үш сомнан беріп қоям, «У нас, у казахов традиция такая!» деп.

Сөйтіп әлгілерді «музыкаларыңды мен қажет деген кезде ғана ойнайсыңдар» деп, өз ыңғайыма көндіріп алдым. Құдай салмасын, ол кезде тойдан көп ақша түсетін. Кейін Алматыға арнайы барып тұрып, аппаратура, колонкалар, стойкасы бар микрофон, қысқасы тойға керек-жарақтың бәрін әкеп алдым. Қазір ойлап отырсам, асаба болған 30 жылда Балқаш қаласынан басқа, Қазақстанның барлық облыстарында той басқарыппын.

Отыз жыл той басқарған чоң тамада

Мақсатым – домбыраның сапасында

– Ал шеберлікке қалай келдің, бұл өзі бойыңа бала күніңнен қонған өнер ме, әлде жол-жөнекей туған жай әшейін қызығушылық па?

– Қалай десем екен… Менің Алтынбек деген нағашым болды. Жарықтық өз заманының серісі еді. Қолынан келмейтіні жоқ ісмер адам болатын. Жүйрік атты да, ұшқыр тазыны да, қыран құс дегеннің бәрін ұстады. Өзі шебер домбырашы еді. Сол кезде сегіз-тоғыздағы баламын. Күні бойы әлгі кісінің қасынан қалмай, ол кісі ағаш жонса, мен де ағаш жонам, арамен бірдеңе кессе, мен де кесем, балталаса, балталаймын дегендей… Бір сөзбен айтқанда, тойға барса тойға, қойға барса қойға ілесіп жүре беретінмін. Қазір ойласам, сол көрген-білгенімнің барлығы сәби санамда жазылып, қалып қойған екен. Әйтпесе, менің шеберлікпен айналысқаныма көп бола қойған жоқ қой. Елуге келгенде ғана барып домбыраға ден қойғаным. Оның өзінде жас күніңдегідей емес, адам біраз жүріс-тұрысы азайып, отырықшылыққа бейімделгесін бір ермек іздейді екен. Мынау үйді сатып алдық. Тұрған жері жақсы, ауасы таза. Ауласы да кең, суы сарқырап, жарығы жарқырап тұр дегендей…

– Қарап отырғанша, бірдеңеге жарап отырайын дедің ғой?

– Иә. Содан «мен осы домбыра жасап көрсем қалай болады?» деген ойға келдім. Ол үшін әуелі домбыраны әбден зерттеу керек болды. Кез келген домбыраның бет тақтайын ашып, ішкі құрылысына зер саламын. Бел тақтайдың қай тұстан қойылғандығын, бет тақтайының қалыңдығын, ортасындағы ойығының өзі қандай өлшеммен ойылуы керек, домбыраның мойнының ұзындығы мен жалпақтығы қанша сантиметр болуы шарт. Міне, сөйтіп жүріп қандай ағаштан домбыраның бет тақтайын салу керек, қандай ағаштан шанағын шығарып, қандай ағаштан мойнын жасау керектігін өзімше зерттей бастадым. Қазаққа аттары мәлім туысқаным – Нұрлан Абдуллин (ол кісі маған жиен боп келеді), Жолаушы Тұрдығұлов сынды шеберлерді үйлеріне іздеп барып тұрып, қояр да қоймай жүріп, әлгілерден дәріс алдым.

Қазір ағаш жонатын көпфункциялы станок, шапқы мен пышақтардың, егеу-қайрақтардың түрін көптеп сатып алғам. Уақыт өткен сайын шеберлігімді шыңдап, бір домбыра жасасам да, бірегей болса екен деймін. Менің мақсатым – домбыраның санын емес, сапасын арттыру. Осыдан үш-төрт жыл бұрынғы алғаш жасаған қайсыбір домбыраларымды иелеріне хабарласып, кері алдырып, сол кездегі мүлт кеткен қателіктерімді жөндеп те бергенім бар. Құдайға шүкір, алушылар да жоқ емес. Алғаш іздеп барғанымда Жолаушы ағамның:

Отыз жыл той басқарған чоң тамада

– Әй, Орал! Жасың болса елуге келді. Өзің көп жылдардан бері елге танымал тамада екенсің. Сол тірлігіңді жалғастыра бермейсің бе, домбыраны қайтесің, ол кім көрінгеннің қолынан келе беретін шаруа емес, – дегені әлі есімде.

Ол кісінің осы сөздері маған қамшы боп тиді. Іштей бір ширығу, нар тәуекелге бел буу пайда болды. Бірақ менің бір түйгенім – кез келген саланың шебері, мейлі ол ағаш шебері болсын, суретші болсын дейік, палуан ба, боксшы ма, айта берсек толып жатыр. Ешқашан да өз білген дүниесінің құпиясын, қыры мен сырын жүз пайыз жайып салмайды екен.

– Неге олай деп ойлайсың?

– Олай дейтінім, ол – өмірдің заңдылығы. Өзім ұстаз тұтатын Жолаушы ағам да, Нұрлан жиенім де маған «өз білгендерін бүге-шүгесіне дейін сарқып айтып берді» деп айта алмаймын. Бір жылдары Өскеменге атақты каратэші Мұстафа Өзтүрік келді. Соның қасында бірер күн еріп жүру керек болды. Марқұмның бір әңгімесінде айтқан мынау бір тәмсілі ойымда қалып қойыпты. Бұл әсіресе жапониядағы самурайлар мен каратэшілер арасында қалыптасқан, тіпті жазылмаған заң секілді болып кеткен көрінеді. Өйткені кез келген ұстаз күндердің күні өзі баулыған шәкіртімен бетпе-бет келіп қалуы әбден мүмкін екен. Сонда оның өз шәкірті меңгермеген, яғни шәкіртіне үйретпей бүгіп қалған, жоқ дегенде бір-екі артық тәсілі болуы керек дейді.

– Ореке, кең отырып шешіле шерткен әңгімеңізге рақмет! Газет оқырмандарына айтарыңыз бар ма?

– «Дидар» газетін сонау комсомол кезімнен алып оқушы едім, әлі доспыз. Соңғы жеті-сегіз жылдағы «Дидар» тоты құстай түрленіп, мүлдем құлпырып алды. Бұл – әрине сол жердегі ұжымның, сіздердің арқаларыңыз. Осы биіктен түспеңіздер. Оқырмандарыңыз таласып оқитын болсын.

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button