Отыз тоғыз оқушы республикалық олимпиадаға жолдама алды
Өскемендегі Г.Плеханов атындағы Ресей экономикалық университетінде еліміздің еңбек сіңірген мұғалімі, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері Қ.Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өткізілді.
Бұл олимпиаданы облыстық білім басқармасының жұмыс жоспарына сәйкес Шығыс Қазақстан өңірлік ғылыми-практикалық «Дарын» орталығы ұйымдастырды.
Аталмыш шараны ұйымдастырушылардың бірі Жанна Төлеуханқызының айтуынша, олимпиаданың негізгі мақсаты – оқушылардың қазақ тілі мен әдебиеті бойынша білімдерін тереңдетіп, оларды патриотизмге баулу.
– Оқушылар тек олимпиадаға қатысып қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін де дамытуға мүмкіндік алады, – дейді Жанна Төлеуханқызы.
Олимпиаданың алғашқы кезеңінде оқушылар эссе жазса, екінші кезеңінде қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәні бойынша сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, болашақ жас әдебиетшілер Қ.Бітібаеваның өмірбаянын мазмұндап, оның ғылыми мұрасы мен публицистикалық еңбектері жөнінде білгендерімен бөлісті.
Айта кетейік, олимпиадаға өңіріміздің барлық мектептері мен дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған мектептерінен 61 оқушы қатысты.
Аталмыш олимпиадада қазылық еткен С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы Қарлығаш Барбосынованың айтуынша, бірінші кезеңде балаларға «Абай Құнанбаев», «Ұлы Отан соғысы» мен «Даланың дара ұстазы» атты тақырыптарда эссе жазуға тапсырма беріліпті.
– Эссені үздік жазған Жансая Қадылова, Диана Нұрланқызы, Томирис Агиянова сынды оқушыларды ерекше атап өткім келеді. Ал ауызша жауап берудің өзі бес кезеңнен тұрды. Айта кететін жайт, бұл олимпиадаға тек өскемендіктер ғана емес, шалғайда жатқан аудан мектептерінің оқушылары да қатысты, – дейді Қарлығаш Барбосынова.
Қанипа Бітібаева атындағы қазақ тілі мен әдебиетінен республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңінің қорытындысы бойынша 39 оқушы жүлдегер атанды. Енді, олар 27-30 сәуір аралығында Өскеменде өтетін республикалық кезеңге қатысып, бақтарын сынайтын болады.
Бұл білім додасында бірінші дәрежелі дипломмен марапатталған Өскемендегі О.Бөкей атындағы №44 мектеп-лицейінің тоғызыншы сынып оқушысы Талшын Нұрланованың айтуынша, оған олимпиада барысында қойылған сұрақтардың бірде-біреуі қиындық туғызбапты.
– Республикалық кезеңге жолдама алғаныма өте қуаныштымын. Бүгіннен бастап дайындығымды күшейтетін боламын. Себебі, болашақта менде Қанипа Бітібаевадай ұлағатты ұстаз болғым келеді, – дейді Талшын Нұрланова.
Ажар Сағатбекова