Тәуелсіздік - 30

Отыз жылдыққа отыз кітап

Биыл  ел Тәуелсіздігіне  30 жыл. Осыған орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында бүкілхалықтық оқуға бір кітап емес, 30 кітап таңдалып алынып отыр. Таңдалған шығармаларды насихаттау үшін жыл бойы еліміздің кітапханаларында кітап көрмелері мен тақырыптық іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

 А. Пушкин атындағы облыстық кітапхананың директоры Бибігүл Шағиеваның айтуынша,  поэзия, проза, драматургия, балалар әдебиеті мен аударма саласы бойынша таңдалып алынған танымал қазақстандық авторлардың үздік 30 кітабының ішіне  шығысқазақстандық ақын-жазушылардың да шығармалары  еніпті.  Мысалы, поэзия жанры бойынша зайсандық жерлесіміз Ұлықбек Есдәулеттің кітабы енген. Ақынның «Киіз кітабы» – ел мен жер, уақыт пен қоғам, табиғат пен махаббат тақырыбын қозғайды. Ал драматургия жанры бойынша оқырмандар халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Думан Рамазанның «Пешене» жинағымен танысатын болады. Балалар әдебиеті бөлімі бойынша ұсынылған кітаптардың арасында жазушы Марат Қабанбаевтың «Саяхатшы Тити» атты шығармасы бар.  Сондай-ақ Семей полигонындағы сынақ құрбандары жайлы жазылған Сәуле Досжанның «Қасірет пен тағдыр» романы да  оқырманды рухани байыта түсетіні сөзсіз. Биыл қазақстандықтар Тәуелсіздік мерейтойымен қатар халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының 30 жылдығын да атап өтпек. Аударма саласы бойынша ұландық жерлесіміз Кеңес Юсуповтың есімі де айтылған.  Ол Габриэль Гарсиа Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» кітабын аударған болатын.

– Сонымен қатар биыл ағартушы ғалым Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Сондықтан осы республикалық акция аясында ағартушы ұстаздың білімнің құдіреті туралы  «Өнер-білім бар жұрттар» туындысы ұсынылды. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына – 30 кітап» республикалық акциясында атап өткен осы кітаптардың барлығы оқырманды жан тазалығына, шынайы сезімге, үлкенді құрметтеп, кішіні ізет тұтуға, туған жерді, елді сүюге тәрбиелейді деп ойлаймын, – дейді Бибігүл Шағиева.

30 кітапты Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасының сайтынан табуға және оқуға болады. Айта кетейік, «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бері өткізіліп келеді.

 

Мейрам Екпін  

 

Осы айдарда

Back to top button