Отыншы Әлжановтың соңғы соғысы жайында не білеміз?

Қазақстан ұлттық энциклопедиясында І том. Алматы. 1998 ж. 667-бет, «Әлжанов Отыншы (1873 ж., бұрынғы Семей обл. Зайсан уезі, Нарын болысы -1918 ж. Семей обл. Мақаншы кенті)… 1917 ж. ақпан төңкерісінен кейін Жетісуда құрылған Алаш әскерінің қолбасшысы болып, большевиктерге қарсы соғысты. Қызылдардың қолынан қаза тапты» – деп жазылған.
«Алаш полкі тағдыры» атты мақалада Отыншы Әлжанов туралы біршама деректер келтіріледі. Отыншыға Семейге бет алар алдында қызылдар тарапынан қастандық ұйымдастырылады. Қаскөй: «Сіздің мұндай ерекше азамат екеніңізді білмеппін!» – деп райынан қайтып, оның аяғына өзі барып жығылады. Майдандастары Отыншының «Шайқылықпен бе, сәуегейлікпен бе, ара-тұра болашаққа жорамал сөйлегені дәл келетін киелі адам екенін бертін жасымыз егделегенде ғана біле бастадық» – дейтін.
Алаш қайраткері Мақаншыға қандай тапсырмамен келген?
Отыншы Семей барып, одан Қытайды бетке алып келе жатады. 20-30 сарбазбен Тарбағатайдың Сартөбе асуымен асып келе жатқанда қызыл қырандардың тосқауылына тап болады. Сарбаздарына сенген бе, болмаса асығыс па, әйтеуір жасырынбай жүрген. Бұл асуда қызыл қырандардың эскадроны 180 жендетке дейін шоғырланған еді. Бұлар ары-бері асқан жүргіншіні тонап, көзіне түскенді өлтірумен ғана айналысқан аса қатыгез, қандықол, қарақшы топ еді. Отыншы сарбаздары олардың тастай бекініс шебін бұзып өтеді. Қырандар да ізіне өкшелей түсіп қалмайды. Атыса-атыса жазықтағы Мұқаншыны бетке алады. Жайтөбе мен Балатөбе арасында қызыл қырандарының көрнекті қолбасшыларының бірі оққа ұшады. Ертеде айдалада оған қойылған белгі тұрыпты. Отыншының сарбаздарының да қатары сирейді. Күн кешкілікке айналған уақыт. Отыншының конвойы Нұғыман Тарақты жаудан бекінген шіркеуде Отыншымен бірге қалмақшы болады. Бірақ Отыншы бұйрықпен оны аттандырып жібереді. Әйтпесе, Нұғыман шіркеудің есігін мылтықтың дүмімен екі-ақ ұрып шағып, пулеметті мұнараға шығарған. Шахмарданов (руы-Ақымбет) тапсырма орындап бара жатқан топтан бөлініп, қайтып келіп шіркеуге кірген. Мұнарадан пулеметтен оқ жаудырып, қуғыншының назарын өздеріне аударып алады. Қызыл қырандар түнімен соғысып шіркеуге жақындай алмайды. Ебі желі соғып тұрады. Ертеңінде түске жуық ебі желінің бағытымен шөп-шалаңды тұтатып, шіркеуге қарай өрт жібереді. Шіркеу қатарындағы бір-екі үй қоса жанып, маңындағы ел айдалаға қашып кетеді. Өртенген шіркеудің орнында күл ғана қалады. Шіркеудің ішінде қазылған ұра (подвал) да болыпты. Сірә, ана екеуі білмеген болар. Осылай алаштың екі офицері берілмей, тірідей жанып кетіпті. Әсілі, діни қағидаларда мешітті, шіркеуді паналағандарға өлім жазасы кесілмейді екен. Құдайды мойындамаған қызыл қырандар ол қағидаға пысқырмаған. 1918 жылы Мұқаншыда Мамонтов пен Виноградовтың соғысы болған.
Ал Отыншының соғысы басқа. Үй ішіндегі үлкендердің: «Біз жайлаудан түсіп, жүкті түсіріп жатыр едік, Мұқаншыдан шапқыншы келді. «Отыншыны темір үйде өртеп жатыр!» – деп. Біз жүкті арта сап, қайта тауға көштік. Мұқаншының тең жарымы қап-қара боп жанып жатты» – дегенін бала күнімде талай естігенмін.
Ел ішіне Отыншының қазасы төбеден жай түскендей әсер етеді. «Нұғыманның тобы қайта айналып, Жетісу майданындағы алаш полкіне барады. Осы жерде Тарбағатай еліне алаш азаматтары атынан лақап тарайды. «Қазағым, өз күніңді көр! Ақ үкіметінен күш кетті. Қытайға сендерді екі жыл тегін асырайтын алтын-күміс өткізіп қойдық!» деген қауесет шығады. Екі жыл тегін асырағанды кім жек көрсін. Жайына жатқан қалың ел дүрлігіп, түп көтеріліп, Қытай жеріне өтеді. Барғаннан кейін әр отбасына екі пұт бидайдан береді. Болды. Қайсы біреулері бір-екі айдан кейін, басым көпшілігі генерал Бакштың армиясымен бірге қыстап, 1919 жылы көктемде байырғы мекеніне оралады. Ертеде большевиктік ұғыммен Отыншы бас сауғалап қашып келе жатқандай түсінік берілетін. Бүкіл алаш полкі Жетісуда 1920 жылға дейін соғысып қалады екен. Командирі бас сауғалап қашып келе жатады екен. Ақылға симайды ғой.
Сонда Отыншы бастатқан топ Семейден Алашорда үкіметінің қандай тапсырмасын орындап келе жатқан? Болжам әртүрлі.
Алаш зиялыларынан жеткен бейресми деректерге сілтеме жасасақ, Отыншыға Семейде Әлихан бастатқан, құрамында бұл елден Болатшы Алмастың Омары бар шағын топ алаш мүддесі үшін мөлшері белгісіз алтын-күмісті құпия адреске жеткізуге тапсырма береді.
1980 жылдардың басында бұл елде Отыншы туралы әңгіме қайта жаңғырды. Отыншы туралы жақсы білетін көнекөз қарттар әлі де бар еді. Оған себеп, мақаншылық Николай Кузьмин деген «Үшінші бесжылдық» деген жерде сиыр бағып жүріп ат басындай 26,5 келі құйма алтын табады. Иенде құлап жатқан дуалдың іргесінде шеті жылтырап жатқан жерінен қазып алады. Ол жыл ма, ай ма көп ойланып, оның шетінен бір бөлшегін кесіп алып, қалғанын заң орнына апарып беріпті. Артынан кесіп алған бөлшекті де, кескен жеріндегі ұнтақты да жиып әкеткен. Бір жылдан кейін «алтын емес, басқа металл екен» деген дақпырт тарайды.
Көнекөздердің: «Отыншының серіктері алтынды үшке бөліп алып, үш топпен қашқан. Соның бір тобының алтыны болуы мүмкін» деген болжамы ел ішін кезді. Ал орыс адамдары «Кузьминнің Қостанайдағы жаңа үйленген баласы коттедж, Өскемендегі жас баласы соңғы маркалы «Волга» сатып алды. Өзі зәлім, үстіне көйлек те алған жоқ» – деді.
1990 жылы Н.Кузьминмен сұхбат жүргізгем. «Алтын емес» – деп жоғарыдағы дақпыртты қайталады. Сол кезде заң органдарында істегендер де оның алтын еместігін айтты. Отыншы тобының аманаты өз адресіне барған деген болжам бар.
ӨРТЕНГЕН ШІРКЕУДІҢ ТАРИХЫ
Бертін шіркеудің орнында ойнаған балалар балқыған тиындар мен түрлі темірлер тауып алып жүреді екен.
Бұл шіркеу әуелде халықтың қаржысымен Тоқта тауынан қарағайларды кесіп, өгізбен сүйретіп әкеліп, екі жылдай тұрғызылыпты. Переселендер келгеннен кейін, 1914 жылы пайдалануға беріледі. Заманында аса зергерлікпен салынған Тарбағатайдың күнгей бетіндегі әсем ғимараттардың бірі болады. Төбесі мен мұнарасы қаңылтырмен қапталған. Шойын қоңырауы соғылғанда айналаны жаңғыртып тұратындықтан қазақтар бұл шіркеуді «Темір үй» деп атап, діндарлары шіркеуге қарамай, маңынан бетін жауып өтеді екен.
1925-1926 жылдары екі дәулетті адам шіркеуді қайта салуды қолға алып, Қатынсу өзенінің бойынан топыраққа түрлі қоспалар қосып сапалы кірпіш құяды. Шіркеудің сұлбасы тұрғызылып, безендіру, мәнерлеу жұмыстары қалғанда әлгі екеуі 1928 жылы күзде кәмпескеге ілігіп, жұмыс аяқсыз қалыпты.
Қарт емші В.Ласкова: «Халық өздері жамап-жасқап, үйлерінен икондар, суреттер, әшекейлер әкеп жабдықтады. 1928-1931 жылдары шіркеуде хор айтылып, діни шаралар өткізіліп тұрды. Алғашында екі ұл, 16 қыз хор айттық» – дейді.
1931 жылдың соңынан 1932 жылдың күзіне дейін жабық тұрған шіркеуге 1932-1933 жылдарда Шәуешекте қытайлармен соғысып, ығысқан қалың дүңгенді бірнеше айға орналастырыпты. Сол шіркеуде бірнеше дүңген сәбилері дүниеге келеді. Дүңгендер кейін теміржол бағыты Аягөзге жіберіледі де 1933 жылы шіркеу астық сақтайтын қоймаға айналады. 1936 жылы оған жапсарластырылып клуб салынады.
Содан 1937 жылы Антон Оглев деген аяғын сылтып басатын біреу шіркеудің крестін арамен кесіп, оған арқан байлап өгізбен тартып құлатады. Шіркеу енді клубқа айналады. Халық арғы саясатты ойламай, бәрін А.Оглевтен көрді. 1990 жылдардың ішінде клубты (шіркеуді) бір мырза жекешелендіріп алып, бұзды. Енді біреуі фундаментінің алдына дүкен салды. Тағы да құрылыстар салынуда. Ертеде клубтың алдындағы темір тумбада шіркеуді өртеген қызыл қырандардың ескерткіші, тізімі тұратын. Отыншыға да белгі тұрса артық болмас еді.
Рамазан Нүсіпов
Үржар ауданы.