Оңтүстік Кореядан олжалы оралды

Жақында облыстық драма театрының жанынан құрылған «Жастар театрының» актерлері Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында өткен жастардың халықаралық өнер фестивалінен оралды. Осыған орай облыстық драма театрында баспасөз мәслихаты өтті.
– Үстіміздегі жылдың 7-сәуірінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен облыстық драма театрының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылып, тұсауы кесілген болатын. Бұл 80 жылдық тарихы бар орыс театры үшін де, 15 жылдық тарихы бар қазақ театры үшін де баға жетпес үлкен сыйлық болды. Сәуір айында облыс басшысы Даниал АХМЕТОВТЫҢ ұсынысымен театрдың жанынан жастар театры да құрылды, – деп бастады өзінің сөзін облыстық драма театрының директоры Д.Ұябай.

Оның айтуынша, қазіргі күні бұл жастар театрында Алматы мен Астанадағы өнер академиясын биыл ғана бітірген түлектер еңбек етуде. Жастар театрының бір ерекшелігі – актерлер қазақ және орыс тілдеріндегі қойылымдарды бірдей сахналай береді. Театр директоры алдағы уақытта жастар театрының құрамына кәсіби орыс актерлерін де алатындарын жеткізді. Сөйтіп, биыл ғана дипломдарын алып, жаңа театрда жаңа еңбек жолын бастаған жастардың қадамы да сәтті басталған екен. Осымен 14-ші рет Оңтүстік Кореяның Каннын қаласында ұйымдастырылған жастардың халықаралық өнер фестивалінде шығысқазақстандық Жастар театры өте жоғары деңгейде өнер көрсетіпті. Жапония, Корея, Таиланд, Индонезия, Ресей, Джакарта, Якутия секілді елдердің өнерпаздары қатысқан фестивальдің негізгі мақсаты – әр ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу, сол арқылы өзара байланысты нығайту болcа керек.

Жастар театры аталған фестивальде «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер» және «Жүрек қағысы» атты музыкалық пластикалық қойылымдарды сахналаған. Бұл екі туындының да авторы – жас режиссер Айдын Салбанов.
– Фестивальға өзге мемлекеттердің өнерпаздары ән немесе би ғана апарса, біздің сахналаған дүниемізде әннің де, бидің де элементтері болды. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі осынау өнер шарасында жас өнерпаздар өздерінің актерлік шеберліктерін де көрсетуге мүмкіндік алды, – дейді Д.Ұябай. – Біз сахналаған екі қойылымның да негізгі айтар ойы – бірлік пен татулық. Ең аяғы аң екеш аңға өзінің азығын тауып жеу үшін де ауызбірлік керек. «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер» атты қойылымда жастар осынау ойды пластикалық қимыл-қозғалыспен әдемі бейнелеп жеткізді. Көрермен қауым біздің актерлерге риза болды.

– «Алтай түркі әлемінің бесігі – бөрілер» атты пластикалық қойылымның идеясы көптен бері көкейімде жүрген болатын. Жалпы, мен бөрілерді қатты жақсы көремін. Болашақта осы дүниені әрі қарай жетілдіріп, дамытуды ойлап жүрмін, – дейді туынды авторы Айдын Салбанов.
Осылайша халықаралық өнер фестивалінде жоғары деңгейде өнер көрсеткен Жастар театры келесі жылы Индонезияда өтетін шараға шақырту алыпты.
Мейрамтай Иманғали