Мәдениет

Оңтүстік Кореядан келіп, концерт қойды

Оңтүстік Кореядан келіп, концерт қойды


Өскемендегі Достық үйі-қоғамдық келісім орталығында Оңтүстік Кореядан келген «Норым Мачи» ансамблі «Pyeongchang Olympic Culture Concert» атты шығармашылық концертін өткізді.

Концертте самульнор – көне соқпа музыкалық құралдарында әуен ойналып, пансори халықтық әні орындалды. Алматыда өтіп жатқан қысқы Универсиада ойындары мен 2018 жылы Пхёчханда өтетін қысқы олимпиадалық ойындардың құрметіне орай өткен мерекелік шараны ұйымдастырушылардың бірі – Ким Чу-Хонның айтуынша, олар бұған дейін еліміздің Алматы, Қызылорда қалаларында өнер көрсеткен.

– Біздің ансамбльдің құрылғанына биыл 26 жыл толып отыр. Осы уақытқа дейін біз әлемнің 60-тан астам мемлекеттерінде өнер көрсеттік. Енді Қазақстанның Орал мен Павлодар қалаларына барып, концерт өткіземіз, – дейді Ким Чу-Хон.

Айта кетейік, облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының мүшелері келесі жылы Оңтүстік Корея мемлекетіне барып, қазақ елінің мәдениетін паш етуді жоспарлап отыр екен.

– Мерекелік шара облыстық корейлер ассоциациясы және Корея Республикасы елшілігіндегі корей мәдениеті орталығының ұйымдастыруымен өтті. Екі күндік шара барысында ансамбль мүшелері Өскемендегі «Квансон» колледжінде білім алып жатқан студенттерге арнайы шеберлік сыныптарын өткізіп, жастарды 2018 жылы Пхёчханда өтетін олимпиада ойындарына жанкүйерлік етуге шақырды, – дейді облыстық Достық үйі-қоғамдық келісім орталығының дирекоры Эльдар Төлеубеков.

Ажар Мұратқызы

Осы айдарда

Back to top button