Білім

Оңтүстік Кореяда білім алатын болды

Оңтүстік Кореяда білім алатын болды

Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебін 2015 жылы «Алтын белгімен» тамамдаған Аяужан Ахмадиева Оңтүстік Кореяның беделді оқу орындарының бірі – Сеул Ұлттық университетінің грантын жеңіп алып, білім алуға ресми шақырту алды. Шетелде білім алуға ұсыныс түскенге дейін ол Назарбаев университетінде білім алып жүрген еді.
– Мен үшін бұл қуанышты жаңалық болды. Өйткені, аталмыш оқу орнында білімімді жалғастыруды мен 9 -сыныптан бастап армандаған едім,- деді телефон арқылы жағымды жаңалықпен бөліскен Аяужан Ахмадиева. – Ата-анам шетелде оқуға бел буғандығымды жақсы қабылдады. Олар менің өз күшімен тегін оқуға қол жеткізіп отырғанымды ескеріп, келісімдерін беріп отыр.
Керемет жетістікке Аяужан Корей Үкіметінің грант байқауына қатысу арқылы қол жеткізе алды. Бір орынға 25 адамнан келетін бірінші турда ол өзі жайында айтып, мінездеме хат пен грамоталарын ұсынған еді. Келесі турда комиссия мүшелері үміткермен сұхбат жүргізді. Ал шешуші үшінші кезеңде Корея оқу орындары қазақстандықтың бар құжаттарын қарастырған болатын.
-Аяужан Сеулдағы оқуына 1 наурыздан бастап кіріседі. Шақырушы жақ – Корей Үкіметі студентті тегін оқытумен қатар, баспанамен және стипендиямен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, ұшып бару мен қайтудың ақысын өтеп береді. Білім ордасында ол «Бизнес-басқару» мамандығын меңгермек, – дейді мектептің баспасөз хатшысы Роза Құмарғажина.
Білім ордасында оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі. Аяужанның шет тілін меңгеру деңгейі жақсы деп бағаланды. Ол халықаралық IELTS емтиханын – 6,5 балаға тапсырған еді. Оқу ережесі бойынша студент қыз алғашқы жылын кәріс тілін меңгеруге арнайды.
Сеул Ұлттық университеті Кореяның ең ірі әрі танымал ЖОО және әлемнің 50 мықты оқу орындарының бірі болып саналады.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button