Оқиғалар

Отшашудың кесірі

Жаңа жылды отшашусыз елестету мүмкін емес. Әсіресе балалардың бұл мерекені тағатсыздана тосуының бір себебі сыйлық болса, екіншісі – отшашу.

Өзімнің басымнан өткен бір оқыс жайт жөнінде айтқым келеді. 2017 жылдан бері көзілдірік таға бастадым, ол кезде он бір жаста едім.

Оқиға былай болды. Жаңа жылды қызықты әрі көңілді өткізу үшін әр отбасы петардалар алады. Біз де үй ішімізбен бірге түнгі 12-ге қараған кезде далаға шығып, қызықтап отшашу атқан болатынбыз. Әкем олардың таяқшаларын сол қарда қадаулы күйі қалдырып кетті.

Ертеңгісін інім екеуіміз далаға ойнауға шықтық, көзіміз әлгі петарданың таяғын шалып қалды. Қадаулы тұрған жерлерінен жұлып алып, ойнауға кірістік. Тыныш қана омбы қардың үстінде отырған менің басыма бір ой кеп, аяғымды қардың ішіне кіргізіп, ініме «аяғымды тапшы» дедім. Ол қолына әлгі таяғын алып, «міне» деп аяғымды көтеріп қалды. Со кезде таяқшасы оң көзімді сырып өтті. Орнымнан атып тұрып, үйге еңіреп кірдім. Жатын бөлмеден әкем жүгіріп кеп, «не болды?» деп жатыр. Жылап тұрып «көзіме таяқша тиіп кетті» деп әрең айттым. Әкем «тыныш жүрмейсің бе?» деді де, көзіме бір дәрі тамызып берді.

Сол күннен көзім бұлдырлап, нашар көре бастадым. Таңертең тұрған кезде көзімді ашу қиын болатын. Көктемгі каникулда қалада оқитын әпкем келді үйге. Мен болған оқиғаны айтып бердім, ол ашуланып, тез арада окулистке көрсету керек деп ауруханаға алып барды. Көзімді қараттық, дәрігер «көзіңнің өткірлігі минус 0,75-ке төмендеп кетіпті» дегенде не айтарымды білмедім…

Міне, сол кезден бері көзілдірік тағып келемін. Осы оқиғадан бері алты жыл өтіпті. Көзімнің көруі жылдан-жылға нашарлай берді, қазір –  минус 3,75. Дәрігерлер отаны тек үш-төрт жылдан кейін жасауға болды деп отыр. Бірақ бұл оқиғаға еш өкініп көрмеппін, «Адамның емес, Алланың айтқаны болады» дейді ғой. Әлі-ақ әлемді анық көретін боламын деген үмітім бар.

Жаңа жыл қарсаңында отшашудың салдарынан жарақат алып, ауруханаға түсетіндер көп. Жарылғыш заттардан жапа шегетіндердің көбі – балалар. Ақ халаттылардың айтуынша, бұған балақайлардың петарданы дұрыс қолданбауы себеп. Бала-шағамен аулаға, көпқабатты үйлердің балкондарына жиналып алып, отшашу «атуды» дәстүрге айналдырған ата-аналардың да кінәсі бар.

Айтайын дегенім, пиротехникалық өнімдерді қолданған кезде барынша абай болайық! Жаңа жылдарыңыз құтты болсын!

Әсем Ескермесова, студент

Осы айдарда

Back to top button