Табиғат

Отқа оранған күз

Биылғы қыркүйек айы қызыл жалынға оранып келгендей болды. Қазақтың құйқалы жерлерінің біразын өрт шалып, кейбір өңір халқын әбігерге салды. Тілсіз жау тіршілік қамытымен жатқан ауыл тұрғындарын үйсіз, бұлбұлы сайраған орманды күйсіз етті. Орманы отқа оранған Қостанаймен қоса, Шығыс орманын да шығынға ұшыратты.

Қызыл жалын құрықталып, жап-жасыл алқаптарда қап-қара дақ қалды. Жанары жанып, жанған өшті. Ендігі мәселе қалған орманды көздің қарашығындай сақтау болып отыр. Өйткені отанның бір байлығы – орман. Байлығы ғана емес, көркі мен қорғаны. Жалпы қазақ даласында флорасы жоғары сатыдағы 6000-нан астам өсімдіктердің түрі бар екен. Соның 90%-ға жуығы орман қоры болып табылады. Байтақ даламыз түгелдей жасыл желек жамылып жатыр деп айта алмаймыз. Десе де кең даламыздың 60%-ға жуық жері өсімдік жамылғысымен қамтылған. Ал Қазақстан жерінің орманды алқабы шамамен 3,8%-ды құрайды. Орман қоры кейбір облыстарда 0,1% болса, Шығыс Қазақстан мен Солтүстік Қазақстан облыстарында 14% шамасында екен. Еліміздегі орман қорының ауданы 24,3 млн. га, соның  50%-дан астамы ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының пайдалануына беріліпті. Аз болса да аялай білгеніміз жөн. Осындай оймен Шығыстағы орман шаруашылығы инспекциясына хабарласып, қазіргі қал-ахуалдарын білген едік.

Биыл 318 рет өрт болды

Сұлу табиғатты сырттай иеленгеніміз болмаса, есеп-қисабына, бағым-күтіміне көңіл аудара бермейміз. Аяулы Алтай алқабында ораналасқан Шығыс Қазақстан облысында 13 орман шаруашылығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі және үш ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар екен. Шығыстың кең даласында Ұлан ауданына қарасты «Асубұлақ орман шаруашылығы», Катонқарағай ауданына қарасты «Большенарым орман шаруашылығы», Шемонайха ауданына қарасты «Верх-Уба орман шаруашылығы», Алтай ауданына қарасты «Зырян орман шаруашылығы», Зайсан ауданына қарасты «Зайсан орман шаруашылығы», Күршім ауданына қарасты «Күршім орман шаруашылығы» және «Марқакөл орман шаруашылығы», Глубокое ауданына қарасты «Малоуба орман шаруашылығы» және «Черемшанка орман шаруашылығы», Риддер қаласына қарасты «Пихта орман шаруашылығы»  мен «Риддер орман шаруашылығы», Самар ауданына қарасты «Самар орман шаруашылығы», Өскемен қаласына қарасты «Өскемен орман шаруашылығы» қатарлы орманды алқаптар бар. Сонымен қатар «Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі», «Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы» және «Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығы» қатарлы ерекше қорғалатын аумақтардың аты елімізге әйгілі. Қолда барды қадірлей білсек, бұл да аз байлық емес. Десе де, дүркін-дүркін жасыл орманымызды жалын шалып болмады.

– Шығыс Қазақстан облысында  орман қорының есебіне сүйенсек, жалпы 2 990 612 га орманды алқабы бар, оның ішінде орманмен көмкерілген аумақ 1 616 752 гектарды құрайды. Облыста орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мекемелерімен жыл сайын өрт қауіпті кезеңіне дайындығы мақсатында өрт сөндіру және олардың алдын алу жоспары құрылады. Жұмысты бірлесіп атқару үшін біздің құрамға жергілікті атқарушы органдар қосылады. Олар: төтенше жағдайлар департаменті, оның құрылымдық бөлімшелері, жергілікті атқарушы органдар және жеке шаруашылықтар. Жалпы, ағымдағы жылдың өрт қаупі кезеңі басталғаннан бері 318 өрт жағдайы тіркеліп, 10688 га мемлекеттік орман қорының алқабы өртке оранды, –  дейді орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Дархан Ерсалин.

Орманды қорғау бәрімізге ортақ шаруа болғанымен, орманшылардың міндеті. Сондықтан да,  олардың құзыреті мен қызметі туралы да сұраған едік. Өз кезегінде инспекция қызметкерлері техника мен мамандардың жетіспейтінін тілге тиек етті.

– Орман шаруашылығының құзыретіне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген орман қорын пайдалану тәртiбiн, орман шаруашылығын жүргiзу, оның ішінде ормандарды күзету, қорғау, толықтыру және орман өсіру, оларды есепке алу қағидаларын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының орман заңнамасын сақтау кіреді.  Үкіметтің бекіткен өрт сөндіруге және орманды қалпына келтіру жұмыстарына арналған қажетті техникалар мен құрылғылардың нормалары мен нормативтеріне сәйкес, орман  және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мекемелерінде техника мен арнайы құрылғылар саны жеткіліксіз. Сондай-ақ норма және нормативтер бойынша орманшылар да жетіспейді, – дейді орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Дархан Ерсалин.

Жалпы, ел көлемінде орманшылардың саны да, жалақысы да аз екендігін өрттен кейін сарапшы мамандар дәлелді түрде айтқан болатын. Шындықты жасыра берсек, шығынға ұшырап, тілсіз жау жағадан ала беретін анық. Оқыс оқиғадан кейін тілге тиек етілген бұл мәселелер оңалар деп  ел үміттенуде.

Өртенген орманды оңалту оңай емес

 Отқа оранған алқапты оңалту оңай шаруа емес екендігін жұрт жақсы біледі. Ол мамандарға да мәлім дүние. Қостанай мен Шығыстағы ауқымды өрттен кейін экобелсенділер де үн қатып, орманға қорған керек екенін айтты.

–  Орманшылардың ең төмен айлығы 35-45 мың теңгеге дейін барады. Олар орман өртімен, браконьермен, тіпті, жабайы жануармен де алысады. Елдің тынысы саналатын орманды сақтауда өте көп жұмыс істейді. Қазір Қостанайдағы жағдайға байланысты әлеуметтік көмек көрсетіліп, үй салуға талай қорлар құрылып жатыр. Меніңше, осы жұмыстың аясында ең басты нәрсе ұмытылып бара жатыр – табиғатты қалыпқа келтіру. Көмекке деп жиналған ақшадан орманды қалыпқа келтіруге бағыттау керек. Қостанай облысындағы өртенген орманды қалпына келтіру үшін кем дегенде 10-15 жыл керек. Ал қарағайлы орманға айналып, оның флорасы мен фаунасы қалыпқа келуі үшін 70-150 жылға дейін уақыт кетеді, – деді экобелсенді Сәкен Ділдахмет.

Жалын шалған Алтайдың жасыл желегін қалпына келтіру үшін де өлшемді уақыт, еселі еңбек керек. Орманға қорған, орманшыға қолдау қажет. Дәл қазіргі уақытта қолда барды қанағат қылып, отқа түсіп, су кешіп жүрген орманшылар талап пен тапсырмаға сай еңбек етіп жүргендерін айтады.

 

– Орманшылар өз тараптарынан лауазымдық міндеттеріне сәйкес, орманды қорғау, күзету, қалпына келтіру, өрт болған жағдайда оның алдын алу және оның көзін жою, орман шаруашылығы жұмыстарына қатысу, оның ішінде орманның санитарлық жағдайын жақсарту: кеспеағаштарды таксалау және оны белгілеу жұмыстарын ережеге сай жүргізеді. Сонымен қатар мемлекеттік орман қорының шекарасында минералды жолақ жасау жұмыстары жыл сайын орман және табиғат қорғау мекемелерімен өздерінің жыл сайынғы жоспарларына сай жүргізіліп отырады. Ал өртенген орман алқаптары  Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу қағидаларына сәйкес, орманның санитарлық жағдайын жақсарту мақсатында өртеңген аумақтан тазартылады және тазартылған аумаққа арнайы алдын ала дайындалған жерге жас ағаш көшеттері отырғызылады, – дейді орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бөлімінің бас маманы Дархан Ерсалин.

Өрттің алдын алуға арналған өзгеше тәсіл бар шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, тілсіз жауды бақылаудың жолы да қарапайым екен. Мамандардың айтуынша, орман алқаптарының шалғай жеріндегі өртті анықтау үшін, әр орман және табиғат қорғау мекемесінде биік жерлерге арнайы бақылау пункттері орнатылған. Күзет түтінді байқаған сәтте бірден орталық кеңсеге өрт туралы ақпаратты түсіретін көрінеді. Олардың қолдарында радиостанция, мобильдік телефон және арнайы құралдары бар. Ал әрбір мекемеде өртті хабарлау сызбасы бекітілген, бұл сызбада барлық өртке жауапты мекемелердің телефон нөмірлері мен қажетті ақпарат көрсетілген. Міне, осылай ғана орман өртінің алдын алады. Ой мен қыры, тау мен тасы көп аймақ үшін бұл бақылау тәсілі жеткілікті деу қиын шығар.

Қызыл өрт орманмен қоса, аң мен құстың, тіпті, адамдардың өмірін де жалмап жатыр. Сондықтан да айналаңа  сақтықпен қарап, табиғатты аялай білген жөн. Бұл жолғы өрт қастандықтан ба, абайсыздықтан ба, әлде, найзағай жарқылынан ба? Болжам көп, дәйекті дәлел жоқ. Қалай болғанда да отқа оранған күз табиғат ананы күңірентіп кетті.

Осы айдарда

Back to top button