Білім

Отандық ғалымдарға 500 грант бөлінеді

Ғарыштап дамудың тетігі – ғылым. Сондықтан соңғы уақытта ғылымға көп көңіл бөлінуде. Әр өңірдің жас мамандарына тағылымдамадан өтуге мүмкіндік жасалып, қолдау көрсетілуде. Жуықта ғылым және жоғары білім министрлігі шетелде ғылыми тағылымдамадан өту үшін конкурстық іріктеуге қатысуға өтінім қабылдау басталғанын хабарлады.

Ғылыми тағылымдамадан өтем деген тұлғалар алдағы жылдың 15 наурызына дейін тіркеліп үлгеруі керек. Республикалық комиссия грант тағайындауды мамыр айына дейін жүзеге асырады. Әлемнің ең үздік оқу орындары мен орталықтарында тағылымдамадан өтуге ниет білдірген ғалымдарды «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ іріктеуден өткізеді.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын 500 отандық ғалымға мемлекет есебінен ғылыми тағылымдамадан өтіп, әлемнің жетекші зертханаларында жұмыс жүргізуге мүмкіндік беріледі. Биыл ғалымдарды іріктеу критерийлері жетілдірілді. Тағылымдамадан өтуге болатын ЖОО мен ғылыми орталықтар тізімі алғаш рет жасалды. Зерттеулердің өзекті бағыттары бойынша мамандықтар тізімі бекітілді. Сарапшылар комиссиясының құрамына қойылатын талаптар күшейтілді. Енді оған инженерлік-техникалық, медициналық, гуманитарлық және жаратылыстану ғылымдарының докторлары ғана кіреді, – дейді «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин.

Бұл – мемелекет тарапынан жасалып отырған үлкен қолдау. Өйткені мемлекет кез келген білімді тұлға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтары мен жоғары оқу орындарында тағылымдамадан өтуі үшін 500 грант бөлді. Бұл гранттың ішінде барлығы қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, мемлекет тағылымдамадан өту шығынын, екі жаққа ұшу ақысын, сондай-ақ медициналық сақтандыру мен ай сайынғы стипендияны төлейді. Ал стипендия мөлшері білім алушының барған қаласының өмір сүру деңгейіне қарай белгіленеді.

Алайда қойылатын талаптар мен шарттарға сай келетін ғалымдардың грантқа өтініш бергені жөн. Өйткені таңдау жоғары, талап қатты. Белгіленген талапқа сай шетелдік ұйымнан шарты көрсетілмеген шақыртуы, ғылыми нәтижелері, отандық және халықаралық ғылыми басылымдар мен дерекқорларда индекстелетін мақалалары бар үміткерлер ғана ғылыми тағылымдаманы тағайындау конкурсына қатыса алады. Сонымен қатар 12 ай жұмыс өтілі, В1 деңгейдегі мемлекеттік тілден емтихан тапсырғаны, шет тілден кемінде 9,0-дан 5,0 деңгейдегі IELTS емтиханын тапсырғаны туралы сертификаттары міндетті түрде болуы керек.

Иә, ғалым болу оңай емес, сондықтан талапқа сай тұлғалар ғана грант иегері атанбақ. Ғылыми тағылымдамадан өтуге ұсынылатын университеттер, ғылыми орталықтар, жетекші шетелдік ұйымдар тізіміне ғылыми институттар рейтингінің топ-250 тізіміндегі әлемнің 34 елінен 400-ден астам ЖОО, ғылыми-зерттеу орталығы мен ұйымдар кірген.

Ғалым болам деген адамға бағыт та, бағдар да көп. Бұл жолы ғылымға бөлінген грантқа 134 мамандық кіріп отыр. Берілетін гранттар инженерлік, жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, медицина, өнер, білім, агроөнеркәсіптік кешен, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы зерттеулер секілді бағыттар бойынша үлестірілмек. Бұл тізімде  «су ресурстары және суды пайдалану», «вирусология», «жасыл инновациялар», «наноматериалдар мен нанотехнологиялар» қатарлы қазіргі кезде сұранысқа ие мамандықтар бар.

 Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button