Қоғам

Отанды сүю киімнен де басталады

Әйгілі «Qazaq Republic» бренді жастардың қызығушылығын арттыруда. Бұл нағыз патриоттық сезімнің оянуы ма, әлде сол баяғы трендтен қалыспай жарысу ма? Жастар креативке толы киім үлгісін неліктен жаппай таңдауда?

«Qazaq Republic» жобасы 2017 жылы Алматыда қолға алынған болатын. «Bari jaqsy bolady», «Born qazaq», яғни «Қазақ болып туылдым», «Qazaq Republic, 1465» немесе «QREP» (Қазақ хандығының құрылған жылы) деген жазулары бар киім үлгілері көпшілікке бірден ұнап, көптеп сатыла бастайды. Жоба авторы, режиссер Сәкен Жолдас бұл іске бастапқыда 10 мың долларға жуық қаржы құйыпты. Қазір ел бойынша 30 мыңға жуық сату нүктесі бар. Осы уақыт ішінде сатылым 20 есеге өскен.

– «Qazaq Republic» – мен үшін еліміздің атауы және жүрекке жақын бренд. Бұл киімдердің сапасы жоғары, дизайны ерекше әрі кигенге ыңғайлы болғандықтан сатып алдым. Осы арқылы әр адам өз еліне деген махаббатын көрсетеді деп ойлаймын. Аталмыш брендті кигенде қуаныш сезімінде болдым, оның үстіне өзімнің тапқан ақшама алынған еді, – дейді Қазақстан-Американдық еркін университетінің студенті Нәзира Іргебаева.

Яғни, бренд қазақи нақышта және сапалы болғандықтан жастарымызды баурап алып жатыр. Менің ойымша, тарихымыз бен патриоттық сезімді айғақтайтын әрі әдемі киім үлгілері көбейсе, ол санамызға да әсер етіп, ұлт ретінде ұйыса түсеріміз анық.

Айша Кеңесханова, студент

Осы айдарда

Back to top button