Жаңалықтар

ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІҢ ОРТАЛЫҒЫ

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев Семейге келген жұмыс сапары барысында  құрылысы қарқынды жүріп жатқан «Jolaman» көтерме-тарату орталығында болып, ондағы атқарылған жұмыспен танысты. Республикалық тауар өндірушілер желісін құрудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан аталмыш жобаның құны – 1,5 миллиард теңге.

Осы ретте 2025 жылға қарай елімізде түрлі қуаттағы 20 көтерме-тарату орталығын салу жоспарланғанын  айта кету керек. Олардың алғашқы бесеуі ағымдағы жылы пайдалануға берілмек. Ал Семейдегі көтерме-тарату орталығының жалпы ауданы – 11 гектар. Ол қаланың Жоламан кентіндегі  бұрынғы «Сары» базарының орнында бой көтермек. Еске салайық, аталмыш жерді «Ақшың» корпорациясы сатып алып, болашақ сауда орталығының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеген. Көп ұзамай көтерме-тарату орталығының құрылыс жұмыстары да басталған.

Белгілі болғандай, құрылысқа жоғарыда аталған компания өз есебінен 1,5 миллиард теңге салыпты. Тағы 473 миллион теңге «Даму» қорының қолдауымен «ЦентрКредит» банкінен несие түрінде алынған екен.

2019 жылдың жазында басталған құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Бүгінде мұнда қуаты тәулігіне шамамен 50 бас ірі қара малын союға жететін қасапхана жұмыс істеп тұр. Орталықтағы құрылыс жұмыстары аяқталғанда нысанда көтерме-тарату қоймалары, кросс-док, тоңазытқыш пен мұздатқыш камералар іске қосылмақ. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесінде 200 орындық жәрмеңке ұйымдастыру жоспарланған. Бұл жерде аймақтың тауарөндірішулері өз өнімдерін сататын болады.

Айпақшы, көтерме-тарату орталығы «семейліктердің өз еңбегі» деген ресми мәртебеге ие. Бұған дейін көтерме-тарату орталығында мұндай мәртебе болған емес. Жақында қала тұрғындары көтерген бастама «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы тарапынан да қолдау тапқан екен. Бүгінде ғимаратты салуға және қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға 25 пайыз субсидия енгізілген жоба төлқұжаты да әзірленіпті. Енді көтерме-тарату орталығы отандық ауылшарушалық тауарларын өндірушілермен тікелей жұмыс жүргізіп, олардың өнімдерін тиімді бағамен сатуды қамтамасыз ететін болады.

Нысанды аралап көрген Ержан Нұрбаев атқарылған жұмысқа оң бағасын беріп, бұл жоба болашақта облысымыздың сауда саласында жетекші рөлге ие болатынына сенім білдірді.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button