Отан қорғаушыларға қошемет көрсетілді

Өскемендегі Металлургтер мәдениет сарайында Ұлы Жеңістің 72 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне арналған концерт өтті.
Концерттің ашылу салтанатында сөз алған қала әкімінің орынбасары Ольга Булавкина Отан қорғаушы сарбаздарға жылы лебізін білдірді.
– Отан алдындағы борышын өтеп, ел шекарасын күзетіп жүрген сарбаздарға алғыс айтамын. Ананы баласынан, ағаны бауырынан айырып, мыңдаған боздақтарды жер жастандырып, бөтен елдің топырағын бұйыртқан зұлмат соғыс ешқашан қайталанбасын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Әрбір мемлекеттің бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайтын Қарулы Күштерімізге мықты ерік-жігер тілеймін, – деді Ольга Булавкина.
Сахна шымылдығы Зарина Биқұлованың орындауындағы «До свидания, мальчики» әнімен ашылды. Бұл кеште патриоттық әндер шырқалып, Ұлы Отан соғысының эпизодтары сахналанған хореографиялық қойылымдар ұсынылды. Концертте атақты сазгерлердің Отан туралы туындыларын көрермен қауым өнерпаздармен бірге шырқап отырды. Сахна төрінде Медет Молдағалиев пен Ермек Байзақов әннен шашу шашып, көрермендердің ықыласына бөленіп, концерттің сәнін келтірді. Сондай-ақ, концертте «Арабески» мен «Экстази» би топтары түрлі этнос өкілдерінің билерін билеп, көрермен қауымның ерекше қошеметіне ие болды.
– Отанды қорғау – біздің басты парызымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ 1992 жылдың 7 мамырында Қарулы Күштерді құру туралы Жарлыққа қол қойды. Содан бері біз талай бұралаң жолдардан өтіп, айтулы жетістіктерге қол жеткіздік. Біздің басты мақсатымыз – бабалардан балаларға аманатқа қалған байтақ даланы қорғап, кейінгі жас ұрпақтың бойына Отансүйгіштік сезімін ұялату, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтар жөніндегі орынбасары Ниястай Алкешов.
Ажар САҒАТБЕКОВА