ШҚО-да бозбалаларды әскерге шығарып салды
Шығыстың жаужүрек ұлдары күзгі шақырылым аясында Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды.
Шығыс Қазақстан облыстық Қорғаныс істері жөніндегі департаментінде мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны аясында әскер жасына толған бозбалаларды әскер қатарына қабылдады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Әскерге шақырушылар күні аясында отан алдындағы борышын өтеуге аттанып бара жатқан жастарға құрмет көрсетіліп, «Ертіс концерт» залында мерекелік концерт өтті.
– Мерзімді әскерге шақырту алған жастардың барлығы психологиялық, кәсіби және медициналық тексеруден өтті. Күзгі шақырылым 31 жетоқсанға дейін жалғасады. Сондықтан бұл біздің өңірден әскер қатарына алынған бозбалалардың алғашқы легі. Біз жас сарбаздармен тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Отан алдындағы борышын өтеуге бел буған жастарға сәт-сапар тілейміз. Ұлдарымыз әскери қызметін абыроймен атқарып, үйлеріне аман-есен оралсын, – деген тілек білдірді подколковник Арман Қожамқұлов.
Болашақ сарбаздарды сапарға шығарып салуға жиналған туған-туыстары ел ертеңі болар ерлерге ақ тілегін айтып, батасын берді.
– Кез келген ата-ана баласы үшін уайымдайтыны сөзсіз. Біз де уайымдап, алаңдап тұрмыз. Бірақ әскери борышты өтеу бұл ер азаматтарымыздың қастерлі борышы. Сондықтан балаларымыз өздеріне жүктелген зор жауапкершілікті лайықты түрде атқарып, үйге аман-сау оралады деп сенеміз, – деді ұлын әскерге шығарып салып тұрған Шынарай Садықова.
Айта кетелік, 31 жетоқсанға дейін жалғасатын күзгі әскери шақырылымда Шығыс Қазақстан облысынан шамамен 700-ге жуық азамат әскер қатарына алынады деп жоспарланған.
Ынтымақ Толқын