Білім

Өскемендік оқушы халықаралық олимпиададан жүлделі оралды

Шілденің 19-24 күндері Швейцарияның Цюрих қаласында химиядан халықаралық IChO-2023 олимпиадасы өтті. Зияткерлік сайысқа әлемнің 88 елінен 350-ден астам дарынды оқушы қатысты.

Осынау білім додасына Қазақстанның құрама командасы да қатысқан болатын. Астана, Ақтау, Павлодар, Өскемен қалаларынан барған төрт оқушы әлемдік сайыста еліміздің намысын қорғап, бір алтын, екі күміс және бір қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Didar ақпарат. 

Әлемнің кіл жүйріктері қатысқан білім додасында жерлесіміз, Өскемендегі «Білім-Инновация» лицейінің 11 сынып оқушысы Бекболат Мамырбеков қола медальды қанжығасына байлады. Ол – бұған дейін республикалық оқушылар олимпиадасының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған жас дарын. Сондай-ақ халықаралық Менделеев олимпиадасының екі дүркін қола жүлдегері, Туймаада халықаралық олимпиадасының күміс жүлдегері. Бұл жолы Швейцарияның Цюрих қаласында өткен білім додасында да Бекболат биіктен көрінді.
Өз елдерінде өткен ұлттық олимпиадаға қатысып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» атанған химиктер қатысқан олимпиада теориялық және эксперименттік турдан тұрған. Екі тур да 5 сағатқа дейін созылып бірнеше күн бойы өтіпті. Осынау екі турдың қорытындысы бойынша Бекболат Мамырбеков қола медаль иегері атанды.
Бүгін өскемендіктер халықаралық олимпиада жеңімпазын Защита теміржол станциясынан қарсы алды.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button