Өскемендегі ғимараттардың тарихи көрінісі сақталады
2025 жылға дейін қаланың орталық көшелеріндегі жүз үйдің қасбеті боялады.
Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар облыс орталығындағы бірқатар нысанды аралап, жөндеу жұмысының уақтылы әрі сапалы орындалуын қадағалады, деп хабарлайды Didar ақпарат.
Назарбаев даңғылындағы үйлердің қасбеті тоқсары түске боялып, жаңарып қалғандығын көріп жүрміз. Алайда, кейбір тұрғындар арасында «Неліктен сары түсті таңдаған? Арбаттағы сияқты сұр түс немесе басқа түстермен неге боямаған?» деген сұрақтар да жоқ емес.
Қазір аталған даңғылдағы 21 үйдің қасбеттерін жаңарту және сырлау жұмыстары аяқталуға жақын қалды. Көпқабатты үйлердің тек қасбеті ғана емес, төрт қабырғасының да сылақтары жаңарып, ашық түске боялып жатыр. Бұл әзірге әрлеу жұмыстарының алғашқы кезеңі екендігін атап өткен жөн.
Бұл жұмыстардың соңғы кезеңінде бұрынғы Металлургтер мәдениет үйі, қазіргі Достық үйінің айналасындағы тарихи-архитектуралық нысандарды бірыңғай стильге келтіру көзделіп отыр.
-Аталған нысандар салынған кездегі олардың түпнұсқалық түстерін анықтау үшін мұрағаттық фотосуреттер мен құжаттарды пайдаланамыз. Сонымен қатар, мұндағы үйлерге түнгі жарықтандыру құрылғыларын орнатуды жоспарлап отырмыз, – деді қала басшысы Жақсылық Омар.
Жоспар бойынша, 2025 жылға дейін қаланың орталық көшелеріндегі жүз үйдің қасбеті боялады. Назарбаев даңғылынан кейін жұмыстар Қазақстан көшесінде басталуы ықтимал.
Айжанат Бақытқызы