Өскеменде полицейлер жоғалып кеткен қызды отбасына қайтарды
12 жастағы қыз анасымен жанжалдасып қалған екен.
Өскемендік полицейлер жоғалған 12 жасар қызды тауып, отбасына қайтарды, деп хабарлайды Didar ақпарат.
23 шілдеде Өскемен қалалық ПБ ЖБО-ның “102” каналына түнгі сағат он шамасында қоңырау түскен. Әйел кәмелетке толмаған қызын іздеуге көмек сұрайды. Айтуынша, жасөспірім қызымен арада күнделікті шығындарға берген ақшаны жоғалтуына байланысты жанжал туған екен. Ренжіген қыз үйден шығып, белгісіз бағытта кетіп қалыпты. Өз күшімен іздеп таба алмаған соң тәртіп сақшыларының көмегіне жүгінеді.
Полиция қызметкерлері дереу іздеу жұмыстарын бастайды. Олар жақын маңдағы көшелер мен аулаларды аралап шығып, сол жерде жүрген адамдардан да сұрастырады.
– Үйлесімді іс-қимылдардың арқасында жасөспірім қыз 2 сағаттан кейін Нефтебаза ауданынан табылды. Полицейлер табылған жасөспірімді ата-анасына аман-есен тапсырды, – деді Өскемен қаласы ПБ бастығының міндетін атқарушы полиция полковнигі Орал Рыспаев.
Қыздың анасы полиция қызметкерлеріне жедел әрекеттері мен көрсеткен көмектері үшін алғыс айтты.
Тәртіп сақшылары азаматтарға балалары немесе жақын туыстары жоғалып кеткен жағдайда, өз бетінше іздеуге уақыт жоғалтпауға шақырады. Мұндай жағдайда дереу 102 телефоны бойынша полицияға хабарласу қажет.