Өскеменде жаңа автобустар көбейеді
Аймақ басшысы Даниал Ахметов өскемендік «Vosca» серіктестігі сатып алған жаңа автобустардың техникалық мүмкіндігімен танысып, қоғамдық көліктердің 2021-2025 жылдарға арналған жаңарту бағдарламасына сәйкес алынғанын атап өтті.
– 2021-2022 жылдары өскемендік тасымалдаушылар 71 автобус сатып алған. Биыл 77 автобус алуды жоспарлауда. Бұл көліктер экологиялық тұрғыдан таза, Еуро 5 стандартына сәйкес келеді. Жылжымалы құрамды жаңарту бағдарламасы 2025 жылға дейін жалғаспақ, – деді облыс әкімі.
«Yutong» маркалы 10 автобусты «Vosca» ЖШС Өнеркәсіпті дамыту қорының лизингтік бағдарламасы аясында 650 миллион теңгеге сатып алған. Көліктер Қарағанды облысының Саран қаласында жасалыпты. Қала әкімдігінің мәліметінше, олар – 92 адам сыя алатын 12 метрлік автобустар, орын саны – 32. Бастысы, мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолайлы, механикалық пандуспен, мүгедектер арбасына арналған орындармен жабдықталған.
Өткен жылдың соңында «Рост» жолаушы тасымалдаушы компаниясы лизинг шарты шеңберінде Семейде құрастырылған «Daewoo» маркалы 10 автобус алған болатын. Оларға 105 адам сыяды, орындық саны – 20. Барлық жаңа автобустар дизель отынымен жүреді.
«Рост» ЖШС алдағы уақытта тағы 10 «Daewoo» автобусын алуды көздеп отыр. Өскемендегі қалған бес тасымалдаушы кәсіпорын да қоғамдық көліктерін жаңартуды жоспарлауда.
Ержан Кеңесұлы