Спорт

Өскеменде сырықпен секіру халықаралық жарысы өтті

Өскемен жұртшылығы өзгеше спорт түрін тамашалап, жеңіл атлеттердің жеңісті жолына куә болды. Бұл жарыс түрі облыс орталығында осыған дейін де бірнеше рет өткен. Биыл жарысқа үш мемлекеттің спортшылары  қатысты.

Жеңіл атлеттердің биылғы халықаралық жарысында Қазақстанның белді спортшыларымен қатар Түркия және Тайланд атлеттері өнер көрсетті, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Дәстүрлі түрде жалғасын тапқан «ALTAY JUMPING PARTY» сырықпен секіру халықаралық жарысын тамашалауға осы спортты сүйіп көретін көрермендер жиналыпты. Жиналған жұрт жаңбыр жауып, жел соғып тұрса да спортшыларға қолдау көрсетіп, жарысты соңына дейін тамашалады.

– Бүгінгі жауын-шашынға қарамастан жарысты тамашалауға келген барша көрерменге алғыс айтамын. Сіздердің қолдауларыңыз спортшыларға үлкен сенімділік пен күш-қуат берері сөзсіз. Атлеттерге тек сәттілік тілеймін! – деді жарыстың ашылу салтанатында облыстық мәслихаттың төрағасы Денис Рыпаков.

Жарысты спортшылар 4.80 метр биіктіктен секіруден бастап, 5.20 метр биіктікпен аяқтады. Алайда спортшылар 5.10 метр биіктікті ғана бағындыра алды. Спортшылардың 5.20 метр биіктікті бағындыра алмауына ауа райының кедергі келтіргені анық байқалды. Тайландтық спортшы жаңбыр суынан  сырықтың тайып кеткенін ұйымдастырушыларға ескертті. Десе де спортшы өзі жоспарлаған биіктікті бағындары алмаса да, көрермен көңілінің биіктігін бағалап басын иіп, алғысын айтып кетті.

Осылайша «ALTAY JUMPING PARTY» сырықпен секіру жарысында үшінші орынды Түркиядан келген Ilkay Aidemir иеленсе, екінші орынды тайландтық Kasinpov Chomchanad еншілеп қайтты. Ал жүлделі бірінші орынды қазақстандық Иван Товченик  қанжығаға байлады.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button