ЖаңалықтарТОП

Өскеменде мұсылмандар орыс зиратына жерленіп жатыр

Өскеменнің Согра кентінде он мұсылман амалсыз орыс зиратына жерленген  екен.

Согра кентінің тұрғындары мұсылмандар зираты мен мешіт құрылысына жер бөлуді сұрайды. Ақтық сапарға шығарып салған он шақты мұсылман баласын туыстары орыстардың зиратына жерлеуге мәжбүр болған, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омармен кездесу кезінде согралықтар кенттің маңында мұсылмандарды жерлейтін зираттың жоқтығын айтып, оған жер беруді өтінді.

– 1977 жылдан бері осы жерде тұрам. Мен Согра, Арматура, Радужная кенттері тұрғындары атынан келіп тұрмын. Бізге мұсылмандар зиратына жер керек. Ахмер, Меновное, Аблекетка аудандарындағы зират жабылды. Горняктағы зират бізден шалғай әрі оның қызметін әркімнің қалтасы көтере бермейді. Ана жолы он мұсылманды амалсыз орыс зиратына жерледік, – деді Жомарт есімді ақсақал.

Ол кісі өздері қай жерді таңдап қойғандарын да айтып берді.

Жақсылық Омар ақсақалды алдағы аптада қабылдап, жер мәселесін шешіп беруге уәде етті. Тағы бір тұрғын осы шағын ауданда мешіт салуға қол ұшын беруін сұрап отыр.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button