Қылмыс

Өскеменде лотерея клубын тонап кеткен

Шығысқазақстандық полицейлер лото-клубты тонап, 1,4 млн. теңге ақша алып кеткен күдіктіні ұстады.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Өскемен қаласы Ертіс ПБ-ның 102 нөміріне қаладағы лотерея клубтарының бірінің әкімшісі хабарласып, түнде бейтаныс ер адам лото-клубтың кассасынан 1 400 000 теңге көлемінде ақша алып кеткенін айтқан.

Патрульдік полиция батальоны мен Ертіс полиция бөлімінің жедел-тергеу тобы қызметкерлері жедел қимылдап, күдіктіні ұстады. Ол Ұлан ауданының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Жауап алу кезінде ер адам өзінің әрекетін толық мойындаған. Тәртіп сақшылары ұрланған ақшаны толық тәркілей алмады, күдікті қаражаттың бір бөлігін жаратып қойған.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 1-бөлігі (тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктіге қатысты келуге міндеттеу түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Кінәсі дәлелденген жағдайда күдікті төрт жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

320 мыңға жүргізуші куәлігін жасауға уәде берген

Облыстың тәртіп сақшылары жүргізуші куәлігін жасауға уәде берген алаяқты қолға түсірді. Полицияға 33 жастағы ер адам жүгінген.

Жәбірленушінің айтуынша, биылғы шілденің басында оның танысы жүргізуші куәлігін тез ресімдей алатынына сендіріп, қызметі үшін 320 мың теңге көлемінде ақша алған. Алайда бірнеше айдан кейін уәде етілген құжаттарды алмаған жәбірленуші полициядан көмек сұрауға мәжбүр болды.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. 26 жастағы жергілікті тұрғын қылмысын мойындап отыр. Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі күдіктіге  қатысты келуге міндеттеу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалғанын хабарлады.

Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Кәмал Естай

Осы айдарда

Back to top button