Өскеменде қосалқы электр станциясы салынды
Электр қуатының тапшылығын шешу үшін Өскеменде қосалқы станция салынды.
Қазіргі уақытта станцияда техникалық іске қосу жүріп жатыр, деп хабарлайды Didar ақпарат Altaynews-ке сілтеме жасап.
25 мегаваттық қосалқы станцияға болашақта спорт нысандарының артындағы шағын аудан, 27-шағын аудан, Драма театрының артындағы шағын аудан қосылады.
— Біз қазір “Новая” деген қосалқы станцияның жанында тұрмыз. Жылдан жылға Өскемен дамып келе жатыр, жаңа үйлер, жаңа шағын аудандар пайда болып жатыр. Солардың бәрін электр қуатымен қамтамасыз ету керек. Бұл – 25 мегаваттық жаңа станция. Қазір техникалық іске қосу жүріп жатыр. Бұл нысан болашақта спорт нысандарының артындағы шағын ауданды, салынып жатқан көтерме сауда орталығын, 27-шағын аудандағы жер үйлерді, Драма театрының артындағы шағын ауданды тұрақты электр қуатымен қамту үшін қажет. Бұл станцияның ерекшелігі — Тәуелсіздік алғалы бері ШҚО-да салынған 25 мегаваттық бірінші станция. Бұл экономика үшін де, даму үшін де өте қажет нысан. Осы станцияның құрылысын толық аяқтап, іске қосқаннан кейін оны «Бірлескен энергия сервистік компаниясына» қолданысқа береміз, -деді қала әкімі Жақсылық Омар.
Дерекке сүйенсек, бұл нысан бюджет қаражатына салынған. Сонымен қатар, қала әкімі алдағы уақытқа тағы бір қосалқы станцияның құрылысы жоспарланғанын айтты.