Қоғам

Өскеменде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті

Ынтымақ Толқын

Өскеменде жұмыссыз ретінде екі мыңдай адам тіркелген. Қаладағы халықты жұмыспен қамту орталығы осыған орай бос жұмыс орындар жәрмеңкесін өткізді.

Жұмыссыздық – қай уақытта, қай елде болмасын өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан өткір мәселе. Қарыштап дамып жатқан бүгінгі қоғамда екі қолға бір күрек таппай сандалып жүргендерді көру өкінішті әрине.

Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметі бойынша, тек, Өскемен қаласында жұмыссыз ретінде тіркелгендердің саны екі мыңға жуық. Аталмыш мәселенің шешімін тауып, жұмыссыз жүрген тұрғындар мен оқуын енді бітірген жас мамандардың еңбек жолын бастауына жәрдемдесу мақсатында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған облыс орталығындағы 60-қа жуық кәсіпорын мен ұйымның өкілдері қатысып, жұмыс іздеушілерге кеңес берді. Жәрмеңкеде «ҮМЗ» АҚ, «Өскемен құс фабрикасы» АҚ, «Имсталькон» ЖШС, «Қазақстан Халық Банкі ШҚОФ» АҚ, «Темірбетон зауыты» ЖШС сияқты ірі кәсіпорындар мен ұйымдар 300-ден астам бос жұмыс орнын ұсынды.

Мұндай шара қаламызда бірінші рет өткізіліп отырған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осыған дейін де бірнеше рет өткізілген.

– Жыл басынан бері біз жиырма шақты жәрмеңке ұйымдастырдық. Оның ішінде шағын жәрмеңке, онлайн және мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы жәрмеңкелер бар. Ал бүгінгі өткізіліп отырған қалалық жәрмеңкеге 60-қа жуық мекеменің өкілдері келіп отыр. Жұмыс іздеушілердің саны да көп болады деп ойлаймыз, – дейді қалалық жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Раиса Жүнісова.

Қоғамда жұмыс тәжірибесінің жоқтығынан екі қолға бір күрек таба алмай жүргендер де бар. Иә, кейбір жұмыс орындары бірден дайын маман іздеп, тәжірибесі аздарын ысырып тастайтыны жасырын емес. Ал жәрмеңкеге қатысқан кәсіпорындардың айтуынша, оларға жұмыс тәжірибесінің болу-болмауы аса маңызды емес. Тек арнайы бір мамандыққа қатысты болмаса, жұмысқа қабылданған маманға өздері бағыт-бағдар беріп, атқаратын қызметі бойынша бейімдеп алады.

Кезекті рет ауқымды көлемде ұйымдастырылған еңбек жәрмеңкесіне келушілердің қарасы аз болмады. Оқуын енді бітірген мамандардан бастап, жасы егде тартқан аға буын өкілдері де келді.

–  Мен оқуды биыл бітіріп, диплом алдым. Енді мамандығым бойынша жұмыс бастасам деймін. Бүгінгі өтіп жатқан жұмыс жәрмеңкесі қарапайым халық үшін өте тиімді екен. Мұндай шараларға бірінші рет қатысып отырсам да, өзіме керекті жұмыс орнымен сөйлесіп, келісіп те үлгердім. Менің тәжірибемнің жоқтығына қарамастан бірнеше кәсіпорын маған жұмыс ұсынды. Барлығын өздері көрсетіп, үйретеміз деп отыр. Алдағы уақытта құжаттарымды жинауға кірісемін. Жалпы, осындай шаралар жиі өтіп тұрса, мен сияқты жұмыс іздеген жастарға өте қолайлы болар еді. Сандалып әр мекеменің табалдырығын тоздырмай, барлығымен бір жерде кездесіп, өзіне ыңғайлы жұмыс орнын таңдай алар еді, – дейді жәрмеңкеге қатысушы жас маман Талант Советханов.

Еңбек жәрмеңкесіне әскери орындардың да өкілдері келіпті. Бос жүрген жастарды Отан қорғауға шақырып, әскери өмірдің артықшылықтарын айтып, қызметте өсу мүмкіндігі бар екенін де атап өтті.

–  Біз бүгін осы жәрмеңкеге арнайы келіп отырмыз. Қаламыздағы жұмыс таппай жүрген жастарды Ұлттық ұлан сапына қосылып, елді қорғауға шақырамыз. Жалпы, әскер құрамында болудың артықшылықтары көп. Біз өз қызметкерлерімізге барынша жағдай жасаймыз. Атап айтар болсам, олардың ай сайынғы пәтер ақысын отбасындағы әр мүшесіне төлейміз. Айлық жалақысы уақытынан кешіктірілмейді. Еңбек демалысында еліміздің қай қаласына барғысы келсе де жол шығынын көтереміз, – дейді Ұлттық ұлан бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Данияр Исаев.

Айта кетелік, қаламыздағы Ұлттық ұлан сарбаздары қазіргі уақытта айына 120 мың теңге жалақы алады. Ал 2023 жылдан бастап бұл 23%-ға артпақ.

Осы жолғы жәрмеңкеге 120-дан астам адам жұмыс іздеп келді. Соның ішінде 57 адам жұмыс берушілерден сөйлесуге шақырту алып, 23 адам түйіндемелерін кәсіпорын мамандарына қалдырды. Ал жеке іс бастағысы келетін 68 адамға кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі жобасы бойынша кеңестер берілді.

Осы айдарда

Back to top button