Жаңалықтар

Өскемен гарнизонының қатары жас сарбаздармен толығуда

Өскемен гарнизонына қарасты 27943 әскери бөліміне күзгі әскери шақырылымның алғашқы сарбаздары келді. 

Аталмыш бөлімге жалпы 300-ден аса сарбаз келеді деп күтілуде, деп хабарлайды Didar ақпарат.

Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының әскер жасындағы азаматтары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 27943 әскери бөліміндегі сарбаздар сабына қосылды.

– Азаматтарды мерзімді әскери қызметке дайындау және шақыру үздіксіз процесс болып табылады. Жыл сайын күзгі және көктемгі мерзімді шақырылымдарда біз жас сарбаздарды қабылдап, оларды Отанын қорғай алатындай, бойындағы ер азаматқа тән барлық қасиеттерін ашып, қырағылықтарын дамытып, саптық дайындықтарды жүргізіп, әскери өмірге бейімдейміз, – деді 27943 әскери бөлім командирі подполковник Азамат Абикенов.

27943 әскери бөлімінің тәжірибелі офицерлері мен сержанттары сарбаздарға әскери қызметке бейімделуге көмектесіп, әскери мамандықтарға үйретеді. Жас сарбаздар саптық дайындықтардан бөлек, жауынгерлік қарудан оқ ату дағдыларын, сондай-ақ жауынгерлік әскери техникалар мен қару-жарақтарды қолдану тәсілдерін меңгеретін болады.

Айта кетелік, қазір жас сарбаздарды әскер қатарына қабылдауда жемқорлықтың болмауы қатаң қадағаланады. Сонымен қатар, әскери борышын өтеп шыққан сарбаздар кез келген жоғары оқу орнында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болады.

Отанымды қорғау менің азаматтық борышым. Осы бір жыл ішінде әскери өмірге үйреніп, алған білімімізді тәжірибелік оқу-жаттығуларда қолданатын боламыз деп ойлаймын. Отан алдындағы борышымды өтеуге тас-түйін дайынмын, – дейді жас сарбаз Қамбаров Бердалы.

Алдағы уақытта 27943 әскери бөлімі еліміздің 7  облысынан келетін жас сарбаздармен толығады. Оларды Отанын қорғай алатын лайықты азамат етіп тәрбиелеу дәл осы әскери бөлімнің офицерлері мен сержанттарына жүктелетін жауапкершілік болып табылады.

Ынтымақ Толқын

Осы айдарда

Back to top button