Экономика

OSB-тақталар Өскеменде ғана өндіріледі

OSB-тақталар Өскеменде ғана өндіріледі

Өскеменде OSB-тақталар өндіріледі. Кәдімгі құрылыста пайдаланып жүрген ағаш жаңқаларынан сығымдап, желімдеп жасаған тақталарды айтам. Әзірге мұндай жоғары сұранысқа ие материал шығаратын зауыт бізде ғана бар. Еліміздің басқа өңірінде жоқ.
Жылдық қуаты 30 мың текше метрге дейін дайын өнім шығаруға әлеуетті жаңа кәсіпорын құруды «Мелисса» ЖШС 2014 жылдан бастап қолға алған екен. OSB-тақталар зауытының жобасы өңірлік Индустрияландыру картасына енгізіліп, «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қосылған. Жобаға 690 миллион теңге инвестиция салыныпты. Оның 400 миллионнан астамы екінші деңгейлі банктер арқылы алынған несие қаражаты болса, 200 миллионнан астам теңгесі кәсіпкердің өз қалтасынан шығарылған. Несиенің пайыздық мөлшерлемесінің үлкен үлесі «Даму» қорынан бөлінген субсидия есебінен өтелмек. Өйткені, құрылыс материалдарын шығару өндірісі еліміздегі өңдеуші өнеркәсіп саласының басым бағыты ретінде саналады. Сонымен қажетті қаражат табылып, құжаттар түгелдей реттелген соң іскер азамат Александр Воробьев зауыттың құрылысына кіріседі. Әуелі қабырғасы тұрғызылып, Қытайдан сатып әкелінген заманауи қондырғылар орнатылады. Содан кейін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Компьютерлік бағдарламалар ретке келтірілген. Нәтижесінде өткен жылдың күзінде OSB-тақталардың алғашқы партиясы шығарыла бастады.
– Бұл тақталар сапасына қарай 3-4 класқа жатады. Яғни, ылғалдылық жоғары жағдайлардағы салмақ түсетін құрылымдарда пайдаланылуға жарамды, – деп түсіндірген «Мелисса» ЖШС-нің бас директоры Александр Воробьев бізге кәсіпорынның жұмысын таныстырды.
Зауыт мынадай тәртіпте істейді. Алдымен орманнан кесіп әкелген ағаш бөренелер сыртқы қабығынан аршылып, жаңқа алу үшін сүргіленеді. Онда да белгілі бір мөлшерде сүргіленеді. Сосын жаңқалар барабанға жеткізіліп, +200 градусқа дейін температурада кептіріледі. Әбден саңғырлап кеуіп қалған жаңқалар бункерге жөнелтіледі. Бункердің ішінде желіммен араластырылып, тік төрт бұрыш пішіндегі арнайы қондырғыда басылады. Бұдан кейін жоғары температурада 160 тонналық қысыммен нығыздалады. Ең соңында дайын өнім қажетті мөлшерде кесіліп, қоймаға жиналады. Тауарлардың ары қарайғы тағдыры тұтынушылардың қолында.
Айтпақшы, зауыт салу кезінде қолданылған жабдықтардың 30 пайызы өзіміздікі. Айталық, металл тіреулер, бункерлер және басқа да инфрақұрылымдар Өскеменнің өзінде жасалған дүниелер. Ал кәсіпорын жобасын қытайлық мамандар дайындаған. Қытайдан сатып әкелінген қондырғылардың бір артықшылығы энергияны көп қажет етпейді. Сонысымен тиімді.
– Негізінен шикізатқа біз көктерек, қайың, ақ терек сияқты екінші сортты ағаштарды пайдаланамыз. Біздің өңірде жылына шамамен 800 мың текше метрге дейін ағаш өңдеуге мүмкіндік бар. Дәл осынша ағаш өңделетін болса табиғатқа, оның ішінде орман жамылғысына ешқандай зиян келмейді. Алайд,а қазір біз мұның жартысын да игере алмай отырмыз. Егер тиісті көлемде өңдеумен айналыспасақ ағаштарымыз босқа шіріп, түгесіле береді, – деп қынжылды Александр Воробьев.
Оның айтуынша, кәсіпорын жылына 80 мыңдай текше метр ағашты игере алады. Бұл өңделуге тиіс мөлшердің бар-жоғы үш-төрт пайызы ғана көрінеді. Демек, қалған басым бөлігі ұқсатылмай шіріп жатыр деген сөз.
Бір жақсысы өскемендік зауыт шикізат іздеп алысқа ат сабылтпайды. Іргеден тасып алады бәрін. Қазіргі күні «Мелисса» ЖШС екі бірдей орманшылықты 49 жылға жалға алған. Осы екеуінен 30 мың текше метр ағаш дайындауға болады. Шаруа алға басып, нәтижесі көңіл көншітіп жатса, биыл жазда тағы екі орманшылыққа қол жеткізбек. Сөйтіп, жиыны 80 мың текше метр ағаш өңделеді.
Кәсіпкер дайын тақталарды өткізуге де қысылмайды. Бұл өнімге отандық тұтынушылардың сұранысы жылына 100 мың текше метрге жуықтайды. Ал «Мелиссаның» жылдық қуаты 30 мың текше метр. Демек, жалпы сұраныстың үштен бірін ғана қамтамасыз ете алады. Қалғаны импорттық тауарлармен жабылуда. Дегенмен, өскемендік OSB-тақталар сапасы мен бағасы тұрғысынан шетелдік бәсекелестерінен асып түспесе, кем соқпайды. Тіпті, еуропалық өнімдермен бәсекелес. Неге дейсіз ғой, Еуропа елдерінде мұндай тақталарды дайындағанда ішінара ағаш бұтақтарын да қолданады екен. Ал бізде тек ағаштың таза жаңқалары.
– Зауыт өзін-өзі үш жарым, төрт жылда толық ақтайды деп есептеп отырмыз. Ол үшін ең алдымен өндірісті тәулік бойғы үрдіске көшіруіміз керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Қазір бұл жерде жетпістен астам адам еңбек етіп жүр. Келешекте олардың саны 140-тан асады, – дейді Александр Воробьев.
Қазірдің өзінде «Қазақстанда жасалған» деген таңбасы бар отандық тақталарға сұраныс күшті. Еліміздің өзге өңірлерін былай қойғанда, Ресейдің көршілес жатқан Новосібір, Барнаул, Рубцовск сияқты қалаларында тұтынушылар өскемендік өнімді алақандарын ысқылап күтіп отыр. Әзірге мұнда 500 текше метрден артық дайын өнім шығарылуда. Көп ұзамай заманауи қондырғылармен жұмыс істей алатын мамандар даярланып, барлығы сақадай-сай болғанда кәсіпорын толық қуатына көшеді.
P.S. Биылғы сәуір айының 8-і күні облыс орталығынан OSB-тақталар тиеген алғашқы вагон Алматыға аттанды. Отандық өнімнің тұңғыш сатып алушысы – «Рубикон-SB» ЖШС.

Серік Әбілхан

Осы айдарда

Back to top button