Білім

Қосарлы оқыту қолайлы

Қосарлы оқыту қолайлы


С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да журналистика мамандығының оқытушылары мен студенттері және өңір журналистерінің қатысуымен дуальді оқыту мәселелесіне қатысты семинар өтті.

Шараның модераторы есебінде қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры, доцент Айжан Қартаева қатысушыларға тақырыптың өзектілігі мен маңызын түсіндірді. Жиынның басты мақсаты – өңірлік журналистикадағы дуальді оқыту мәселелері мен оның болашағы болғандықтан, әр маман тақырып мазмұнына сай ойларын ортаға салып, өзара пікір алмасты. Аймақта дуальді оқыту бағдарламасының енгізілгеніне екі жылдай уақыт болған. Осы уақыт аралығында студенттер журналистиканың қыр-сырын тереңірек түсіне бастағандығын аңғару қиын емес.

– Бастапқыда осы бағытты таңдап, қызығушылық танытқан студенттер көп болғанымен, уақыт өте басқа мамандыққа ауысып жатады. Осы орайда журналистер кәсіби тұрғыда тәжірибелерімен бөліссе, өз нәтижесін берері сөзсіз. Қазірдің өзінде облысымыздағы мерзімді баспасөз бен телеарнаға біздің студенттер біртіндеп жұмысқа тұруда, – деді филология ғылымдарының кандидаты, профессор Люция Абдуллина.

Айжан Қартаеваның айтуынша, дуальді оқыту негізінен кәсіптік білім беретін жерлерде жүргізіледі. Алған теориялық білімді өндірісте қолдану – мамандардың шыңдала түсуіне көмектеседі. Болашақ журналистерді даярлауда да осы бағдарлама тиімді болып табылады. Себебі, теориялық білімдерін облыстық басылымдарда тәжірибеден өту арқылы тәжірибемен ұштастырудың берері мол.

– Бізге жыл сайын тәжірибеден өтуге студенттер келеді. Өкінішке қарай оларға берілген мерзім тым қысқа болғандықтан, тек негізгі бағытты беріп қана үлгереміз. Университеттен алған теориялық білім алтын қазық болса, практик-мамандардың келіп білім беруі тіптен нәтижелі болар еді. Жоғарғы оқу орындарындағы болашақ мамандардың нарықта бәсекеге қабілетті болуы үшін осы модель ыңғайлы деп есептеймін, – деді облыстық Дидар газеті қоғамдық-саяси бөлімінің меңгерушісі Ержан Әбіш.

Сондай-ақ жиын барысында болашақ журналистерге ағылшын тілін меңгеру жайында ұсыныстар айтылып, оларды барынша әмбебап маман болуға шақырды.

Семинар соңына қарай шараға қатысқан оқытушылар мен журналистерге Алғыс хаттар беріліп, барлығы естелік суретке түсті.

Әділхан Есімханов

Осы айдарда

Back to top button