Мәдениет

Қос суретшінің туындылары таңдай қақтырды

Қос суретшінің туындылары таңдай қақтырды


Облыстық өнер мұражайында жас суретшілер Ирина Журавлёва мен Юлия Сорокинаның «Біздің топ» атты көрмесі ашылды. Онда біздің өңірдің әсем табиғаты бейнеленген әртүрлі пейзаждар көрермен назарына ұсынылған.

Аталмыш музейдегі қос залдың қабырғасына ілінген суреттердің барлығы да үлкен шығармашылық ізденістің нәтижесінде туғаны анық. Шемонайхадағы өнер мектебінде сабақ беретін Ирина мен Юлияның «Тау мүсін», «Шыңғыстау» сияқты басқа да еңбектерін тамашалап қайтқан өскемендіктер таңдай қағып қайтты.
Қос суретшінің қолынан шыққан «Алтай» портреті келушілерді өзіне баурай түседі. Расыменде, төр Алтайдың әдемілігін жырламаған ақын, табиғатын суреттемеген қылқалам шеберлері кемде-кем шығар бізде. Киелі Шығыс өңірінің тұмса табиғатын насихаттау өнер адамдарының ортақ парызы санайтын Ирина мен Юлия бұл міндетті абыроймен орындағаны сөзсіз.

Айта кетейік, аталмыш көрмені өткізуде үлкен дайындық жұмыстарын жүргізген қос суретші Алтайдың әсем табиғатын қағаз бетіне түсіру үшін бір апта бойы Катонқарағай ауданында болып қайтқан. Ол жақтан ерекше әсермен оралған қылқалам шеберлері Катонқарағайдың табиғаты бейнеленген он шақты туындыны келушілердің назарына ұсынған.

Алдағы уақытта жас суретшілер Шемонайха ауданында балалар мен ересектерге арналған еркін шығармашылық студия ашуға дайындық жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде Ирина мен Юлияның шәкірттері халықаралық сурет байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр.

– Біздің бейнелеу өнеріне деген қызығушылығымызды оятқан танымал суретші Борис Морозовқа айтар алғысымыз шексіз. Қазір Ирина екеуіміз де сол ұстазымыздың жолын қуып, шәкірт тәрбиелеп жатырмыз. Жалпы, біз жеке шығармашылығымызды дамытып, ой-өрісімізді кеңейту үшін табиғат аясына жиі шығып тұрамыз, – дейді Юлия Сорокина.

Ажар Сағатбекова

Осы айдарда

Back to top button