Спорт

Қос команда да чемпиондық атаққа таласады

Шайбалы хоккейден 2020-2021 жылдарғы ел чемпионаты басталуға жақын. Ұлттық біріншіліктің алғашқы ойындары келесі аптада, дәлірек айтсақ, 19 қазан, дүйсенбі күні республикамыздың алты қаласында өтеді деп жоспарлануда.

Жарыстың алғашқы күні айдында «Номад» пен «Алтай-Торпедо», «Торпедо» мен «Снежные барсы», «Арлан» мен «Бейбарыс», «Құлагер» мен «Ақтөбе», «Теміртау» мен «Сарыарқа», сондай-ақ, «Ертіс» пен «Алматы» кездесіп, өзара мықтыны анықтайтын болады.

Айта кетейік, «Pro Hokkey Ligasy-2020-2021» деп аталатын биылғы республикалық додаға жылда бәсекеге түсетін ұжымдардан бөлек, Нұр-Сұлтанның «Номады», Қарағандының «Сарыарқасы» мен Өскеменнің «Торпедосы» қатыспақ.

Яғни, аталған үш команда да Ресейдің Жоғары хоккей лигасы аясында ұйымдастырылуы тиіс 2020-2021 жылдарғы чемпионатта өнер көрсетпейді деген сөз. «Мұндай қадамға әлемдегі тұрақсыз эпидемиологиялық жағдайға байланысты баруға мәжбүрміз», – деп түсіндірді «Торпедо» хоккей клубының баспасөз қызметінен.

Осылайша, алдағы ел біріншілігінде Өскеменнің атынан екі бірдей ұжым – «Торпедо» мен «Алтай Торпедо» сынға түсетін болады. Екі команда да чемпиондық атақ үшін талас жүргізуі тиіс. Клуб басшылығы қос ұжымның алдына осындай міндет қойып отыр.

Жалпы, бұл жолғы елішілік жарысқа ұзын саны 13 команда қатысады. Дәлірек айтсақ, биылғы біріншілікте өскемендік ұжымдардан бөлек, «Арлан» (Көкшетау), «Ертіс» (Павлодар), «Aлматы» (Алматы), «Бейбарыс» (Атырау), «Құлагер» (Петропавл), «Теміртау» (Теміртау), «Aқтөбе» (Ақтөбе), «Горняк» (Рудный), «Номад», «Снежные барсы» (екеуі де Нұр-Сұлтан) және «Сарыарқа» (Қарағанды) хоккейшілері өзара мықтыны анықтайтын болады.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button